Хадж сүресі, 587-ші бөлім, 77-78 аяттар
Хадж сүресі, 587-ші бөлім, 77-78 аяттар
«Хадж» сүресінің 77 аяты:
«یَا اَیُّهَا الَّذِینَ آمَنُوا ارْکَعُوا وَاسْجُدُوا وَاعْبُدُوا رَبَّکُمْ وَافْعَلُوا الْخَیْرَ لَعَلَّکُمْ تُفْلِحُونَ »
Әй, иман келтіргендер! Рүкүғ, сәжде қылып, Раббыларыңа ғибадат қылыңдар. Және хайыр қылыңдар. Әрине құтыласыңдар. (77)
«Хадж» сүресінің соңғы аяттарында Құдай иман иелеріне қаратып, ғибадат, ақлақ және қоғамдық істер саласындағы жалпы бұйрықтар тізбегін баяндайды. Осы аят солардың кейбіреуіне, келесі аят тағы басқаларына тоқталады. Аяттың басында намаздың маңызды екі бағаны саналатын рүкүғ пен сәжде ерекше түрде қуатталған. Кейін барлық діни міндеттер мен ғибадатты қамтитын Құдайға табыну мен ғибадат ету жалпы түрде айтылған. Алайда Құранда ғибадат жалпы және арнайы екі мағынада айтылған. Намаз оқу, ораза тұту, қажылыққа бару Құдай анық түрде барлық мүміндерге соларды міндет еткен арнайы ғибадаттар болып табылады. Бірақ Құдайға құлшылық ету арнайы мекендер мен белгілі бір уақыттағы арнайы ғибадат етумен шектелмейді. Керісінше, құлшылық адам өмірінің барлық уақытын қамтуы керек. Құдайға иманы бар адам жұмыс кезінде де Оның бұйрықтарын эконмикалық істер саласында сақтауы керек. Басқа діндерге қарсы ислам дінінде Құдай тек мешіттер мен ғибадат орындарында ғана емес, керісінше барлық жерде, соның ішінде жұмыс орындары мен базарларда да құзырға ие. Мұсылман студент білім алу кезінде Құдайды университет пен сынып бөлмесінде бар, бақылап тұр деп санауы керек. Ол өзі мен қоғам үшін пайдалы білім алуды мақсат етуі керек. Ақылдың күші мен діни тағылымдарға сүйеніп, көзі мен құлағын және тілін бақылауда ұстауы тиіс. Зиянға соқтыратын өз қалаулары мен талап-тілектеріне ерік бермеуі керек. Мұсылман әйел өзін әртүрлі киім үлгілерінің құлы деп емес, Құдайдың құлы, ғылым мен ұлылық иесі санауы керек. Себебі бұл құбылыс ысырапшылдық пен жөнсіз бақталастыққа ұластырып, қоғамдағы жалаңаштық пен сәнқойлықтың таралуына себеп болады. Тәуліктің 24 сағатының ішінде уәжіп намаздарын оқыған жарты сағаттай ғана уақыт Құдайды еске алу, өміріміздің басқа уақыттарында мейірімді Құдайдың орынға ие болмауы шын мәнінде әділетсіздік болып табылады. Сол себепті аяттың жалғасы маңызды бір мәселеге тоқталып: «Мүмін адам үнемі ізгі іс жасап, басқаларға қайырымдылық жасап, қызмет етуді мақсат етуі керек. Егер адам діни міндеттері мен ғибадаттарын табысты орындап, ізгі істер жасаса, құтылып, бақытқа жетеді» дейді. Осы аяттан үйренетініміз:1. Намаз ғибадат пен діни уәжіптердің басында тұрғанымен оны орындау иманның барлығы емес, бір бөлігі ғана болып табылады.2. Жаратушыға ғибадат ету адамның бақытының жолы тегістелуі үшін жаратылыстарға қызмет етумен қатар болуы керек.
«Хадж» сүресінің 78 аяты:
« وَجَاهِدُوا فِی اللَّهِ حَقَّ جِهَادِهِ هُوَ اجْتَبَاکُمْ وَمَا جَعَلَ عَلَیْکُمْ فِی الدِّینِ مِنْ حَرَجٍ مِّلَّةَ أَبِیکُمْ إِبْرَاهِیمَ هُوَ سَمَّاکُمُ الْمُسْلِمینَ مِن قَبْلُ وَفِی هَذَا لِیَکُونَ الرَّسُولُ شَهِیدًا عَلَیْکُمْ وَتَکُونُوا شُهَدَاءَ عَلَى النَّاسِ فَأَقِیمُوا الصَّلَوةَ وَآتُوا الزَّکَوةَ وَاعْتَصِمُوا بِاللَّهِ هُوَ مَوْلاکُمْ فَنِعْمَ الْمَوْلَى وَنِعْمَ النَّصِیرُ »
Алла жолында күресіңдер, Оның жолында Оған лайық түрде күресіңдер. Сендерді Ол таңдады. Сендерге дінде қиындық қылған емес. Бұл аталарың Ыбырайым (Ғ.С.) ның жолы. Алла бұрын да, осы Құранда да пайғамбардың сендерге куә болуы, сендердің де адамдарға куә болуларың үшін сендерді "мұсылман" деп атады. Енді намазды толық орындаңдар, зекет беріңдер де Аллаға жабысыңдар. Иелерің Сол; нендей жақсы ие. Нендей жақсы жәрдемші! (78)
«Хадж» сүресінің соңғы аяты болып табылатын бұл аят алдыңғы аяттың жалғасында Құдайдың мүміндерге қатысты басқа да бұйрықтарын баяндап, аяттың басында былай дейді: «Құдай сендерді таңдап, ислам пайғамбары арқылы сендерге жетекшілік еткендіктен Оның жолында талпыныс жасап, иманды нығайту және дінді уағыздап, таратуда әрекет етіңдер. Бұл жолдағы маңызды нәрсе ғамалдағы ықылас. Кез-келген әрекетте Құдай үшін риясыз әрекет ету. Осы аяттағы «джиһад», яғни күрес сөзі «күпіршілікпен» және «нәпсімен күрес» дегенді де білдіреді. Рауаяттар негізі бойынша, Алланың елшісі соғыстардың бірінен қайтып келе жатқан кезде серіктеріне: «Кіші джиһадтан ұлы джиһадқа оралдық» деген екен. Сонда серіктері: «Ұлы джиһад» деген не?» деп сұрағанда «Нәпсімен күрес» деп жауап беріпті. Аяттың жалғасы: «Құдай сендер үшін ислам діні мен Ибраһимнің жолын таңдады. Бұл дінде ешқандай қиын міндет жоқ. Оның міндеттері адамның болмысы мен олардың мүмкіндіктеріне лайық. Мысалы, намаз оқу –қарапайым әрі оңай міндет. Намаз оқудың икемділігі сондай, науқас адам шамасы келмесе, тұрып намаз оқып, рүкұғте иілудің орнына немесе сәждеге жығылып, маңдайын жерге тигізудің орнына жатқан күйде де намаз оқи алады. Ораза тұту міндеті әлсіз, шамалары келмейтін науқастардың иығынан алынған. Қажылық физикалық және қаржы тұрғысынан лайық адамдарға ған уәжіп етілген. Мұндай діннің діндарлық пен Құдайға табынуда ең жақсы үлгі екендігі түсінікті. Пайғамбары мүміндер үшін үлгі, нағыз ізбасарлары әлемдіктер үшін үлгі. Осы мәртебені сақтау үшін мүмін әрдайым намаз оқып, зекет беріп, өзін Құдайдың құлы санап, Құдайға құлшылық етуді өмірінің негізіне айналдыруы керек. Осы аяттан үйренетініміз:1.Илаһи бұйрықтарды орындауда өз міндетімізді іске асырып, әділет орнатып, солқылдақтық пен енжарлықтан аулақ болғанымыз жөн.2.Діни бағдарламалар мен міндеттерді орындауда адамдарға қатты қатынас көрсетпеуіміз керек. Керісінше дінді оңай және ғылыми тәсілмен ұсынуымыз керек.3.Ислам және мұсылман деумен шектелмейік. Себебі ғамалсыз иманның әсері жоқ.