Әнбия сүресі, 561-ші бөлім, 57-61 аяттар
Әнбия сүресі, 561-ші бөлім, 57-61 аяттар
«Әнбия» сүресінің 57-58 аяттары:
" وَتَاللَّهِ لَاَکِیدَنَّ أَصْنَامَکُم بَعْدَ أَن تُوَلُّوا مُدْبِرِینَ" ، " فَجَعَلَهُمْ جُذَاذًا إِلَّا کَبِیرًا لَّهُمْ لَعَلَّهُمْ إِلَیْهِ یَرْجِعُونَ "
"Аллаға серт етемін! Сендер қаладан кеткен соң әлбетте пұттарыңа соқтығамын" (деді.) (57) Сонда оларды быт-шыт қылып, бәлкім осыған айналар деп, үлкенін ғана қалдырды. (58)
Алдыңғы бағдарламада хазірет Ибраһим мен пұтқа табынушылардың арасындағы сұхбатты естідік. Ибраһим пұтқа табынуларының себебін айтуды сұрағанда олардың ата-бабаларының пұтқа табынушы болғандықтарынан басқа қисынды және ақылға қонымды дәлел келтіре алмағандарын айттық. Хазірет Ибраһим олармен пікірталастырып, сөйлескен соң сөзінің әсер етпегенін, өздерінің қателерін түсінбегенін көрген кезде жақын арада пұттардың дәрменсіздіктері мен қауқарсыздықтарын оларға көрсететіндіктерін жария етті. Бірақ пұтқа табынушылар оның сөзін шынайы деп қабылдамай, орынсыз қоқан-лоққы деп санады. Хазірет Ибраһим өз жоспарын жүзеге асыру үшін ыңғайлы мүмкіндікті күтті. Мереке күні адамдардың барлығы қаладан сыртқа шықты. Ибраһим қалада қалып, пұтханаға барды. Бір заматта ірілі-ұсақты пұттарды қиратып, тек үлкен бір пұтты ғана алып қалды. Адамдар оны өте қасиетті санайтын үлкен мәртебеге ие пұтты сындырмады. Ибраһимнің үлкен пұтты сақтап қалудағы мақсаты адамдар пұттардың барлығының сынып жатқанын көрген кезде тек сол пұттың ғана аман қалғанын көрген кезде міндетті түрде оны бұл іске қатысты деп айыптайды, әйтпегенде өзі де сынған болар еді деп ойлайды. Осы аяттардан үйренетініміз:1.Алланың пайғамбарларына алдымен сұхбат арқылы, келесі кезеңде іс жүзіндегі әрекеттер арқылы шерк және пұтқа табынушылықпен күресу үшін жауапкершілік жүгі жүктелді. 2.Үлкен істер табысқа жету үшін жоба-жоспарды қажет етеді. Пайғамбарлар да қисынды жоспар құрып, Аллаға тәуекел етіп, Оған арқа сүйеу арқылы өздерінің істерін жүзеге асырды.
«Әнбия» сүресінің 59-60 аяттары:
" قَالُوا مَن فَعَلَ هَذَا بِآلِهَتِنَا إِنَّهُ لَمِنَ الظَّالِمِینَ " ، " قَالُوا سَمِعْنَا فَتًى یَذْکُرُهُمْ یُقَالُ لَهُ إِبْرَاهِیمُ "
Олар: "Бұны тәңірлерімізге кім істесе де ол, анық залым екен" десті. (59) "Ыбырайым деген бір жігіттің осыларды сөз қып жүргенін естідік" десті. (60)
Мерекелік рәсім аяқталған соң пұтқа табынушылар қалаға оралып, пұтханаларына барды. Бірақ олар алдарынан сынған, асты-үстіне шыққан пұттардың үйіндісін көрді. Айғайлап: «Біздің құдайларымызға мұны кім жасады? Кімнің қолынан келген іс болса да һәм біздің құдайларымызға, һәм бізге зұлымдық жасады. Біз оған қатаң қатынас көрсетеміз» десті. Ибраһимнің пұттар туралы жаман сөз айтқанын естіген адамдар оны сол іске айыпты деп таныстырып, адамдардың назарын соған аударды. Осы аяттардан үйренетініміз:1. Бұрмаланған ой адамның шеркті хақ деп, таухидті зұлымдық деп теріс төрелік жасауына себеп болады. 2. Жастар қоғамның дамуы мен жетекшілігінде маңызды роль атқарады. Олар үлкендердің қателіктерін көрсете алады.
«Әнбия» сүресінің 61 аяты:
" قَالُوا فَأْتُوا بِهِ عَلَى أَعْیُنِ النَّاسِ لَعَلَّهُمْ یَشْهَدُونَ "
Оның сөздеріне куәлік ету үшін оны адамдардың көз алдына алып келіңдер" десті. (61)
Адамдардың бір тобы Ибраһимді айыпты деп таныстырған кезде қауымның үлкендері: «Мына адамдар оны танып, оның біздің пұттарымызға жаман қатынас жасағанына куәлік ету үшін, сөйтіп оны соттап, істеген ісі үшін жазалау үшін Ибраһимді алып келіңдер» деді. Ибраһимді әкеліп, оның соты аймақтың зұлым патшасы Намрудтің қатысуымен өтті. Құдайшыл батыл сол жігіт қазының сауалдарына берген жауапта пұтқа табынушылапрдың сенімдерінің барлығына күдік-күмән тудырып, өзінің істерін қорғады.