Жел 12, 2016 20:41 Asia/Almaty

Таһа сүресі, 526-шы бөлім, 7-12 аяттар

«Таһа» сүресінің 7-8аяттары:

" وَإِن تَجْهَرْ بالْقَوْلِ فَإِنَّهُ یَعْلَمُ السِّرَّ وَأَخْفَى " ، " اَللهُ لا إِلَهَ إِلَّا هُوَ لَهُ الْأَسْماءُ الْحُسْنى " 

Сөзіңді мейлі әшкере сөйле. Расында Ол сырды да құпияны да біледі. (7) Ол Алла. Одан басқа ешбір Құдай жоқ. Ең көркем аттар Оған тән. (8)

«Таһа» сүресінің алғашқы аяттарының тәпсірімен танысқан алдыңғы бағдарламада Пәруәрдігердің сипаттары негіздерінің үшеуі – жарату, билік пен иелігі баяндалды.  Осы аят Алланың сипаттарының төртінші негізіне, яғни Оның білгірлігіне тоқталып, былай дейді: «Барша оны түсінетін, білетін әшкере сөзді ғана емес, сондай-ақ адамның ғана құпиясы саналатын әрбір сырдан Құдай хабардар. Құдай адамның ең жасырын, адамның өзі оны ұмытып, ол туралы хабарсыз да болуы мүмкін істерін біледі». Аяттардың жалғасы Пәруәрдігердің заты мен сипаттарының даралығын қуаттап, былай дейді: «Кемелдік пен сұлулық сипаттардың барлығы Оған тән. Пәруәрідігердің  құдіреті, ұлылығы, рақымшылығы, хикметі мен шексіз білімі әрбір жаратылыс иесінен көрінеді. Бірақ мақұлықтардың арасында адамға Алланың кемелдіктері көбірек нәсіп етілген. Адамдардың арасындағы Құдайдың әулиелерінен Пәруәрдігердің көбірек сипаттары көрініс тапқан. Осы аяттардан үйренетініміз:1. Алланың адамның әшкере және жасырын сырларына қатысты кең де терең ғылымына көңіл аудару адамды жамандықтар мен ұят істерден тыяды. 2. Алланың бойында барлық жақсы сипаттар мен ерекшеліктер жиналған. Кез-келген жамандық пен кемшіліктен пәк Алла ғана табынуға лайық.

 «Таһа» сүресінің 9-10 аяттары:

" وَهَلْ أَتَاکَ حَدیثُ مُوسى " ، " إِذْ رَءا نَارًا فَقالَ لِأَهْلِهِ امْکُثُوا إِنّی آنَسْتُ نَارًا لَّعَلِّی آتیکُم مِنْها بقَبَس ٍ أَوْ أَجِدُ عَلَى النَّارِ هُدًى "

(Мұхаммед Ғ.С.) саған Мұса (Ғ.С.) ның әңгімесі келді ме? (9) Сол уақытта ол бір от көріп, үй-ішіне: "Тұра тұрыңдар. Бір от көрдім. Бәлкім, сендерге бір шоқ әкелермін немесе от жақтан бір жол көрсетуші табармын" деді. (10)

Осы сүренің алғашқы аяттарынан соң, осы аяттан бастап, «Таһа» сүресінің 80 аятына дейін хазірет Мұсаның биіктіктер мен құлдырауларға толы өмір жолының оқиғасы баяндалады. Мұса хазіреттің оқиғасы – тарих бойында тағұттармен қарсыласып, жолдың қиындығынан қорықпайтын барлық мүміндер үшін ғибрат боларлық тағдыр. Осы оқиғалардың бірінші бөлімі Мұсаның киелі алқапта, қараңғы және жапандағы далада пайғамбарлық міндетінің басталуы туралы баяндайды. Мұса хазірет Мадияннан отбасымен қараңғы, суық түнде қайтып келе жатқанда жолдан адасып кетеді. Сөйтіп, келе жатып, алыстан от көреді. Оның айналасында адамдардың бар екендігінің белгісі болған отты көреді. Сол кезде зайыбы мен баласына: «Мен бір амалын тапқанша сендер тұра тұрыңдар» дейді. Бірақ Мұса көрген нәрсе от болмай шығады. Ол бір ағаштан жарқырап тұрған илаһи нұр еді. Мұса соны от деп ойлап, сол жаққа жол тартады. Аяттардан да отты тек хазірет Мұсаның ғана көргенін, отбасының отты көрмегенін түсінуге болады. Әйтпегенде Мұсаның жалғыз барып-қайтуы қажет болмай, барлығы бірге барған болар еді. Мұса өзі мен отбасын құтқаратын жол табу үшін отты бетке алып, жолға түсті. Алайда Құдай оның алдынан үмбетті құтқаратын жол ашты. Ол өзі мен отбасы үшін жетекшілік жолын іздеген еді, бірақ Құдай оған Исраил ұрпағының жетекшілік жолын көрсетті. Осы аяттардан үйренетініміз:1.Бұрынғылардың тарихын баяндау және ұлы адамдар мен өткен үмбеттердің шарықтаулары мен құлдырауларының факторларымен таныстыру Құран Кәрімнің тәрбиелеу әдіс-тәсілдерінің бірі болып табылады. 2. Алланың мейірімі әдетте қиындықтар мен машақаттардан көрініс береді. Ондай болса адамдар қиындықтардан қорықпай, өздерінің өсулері үшін оларды қабылдаңдар. 

«Таһа» сүресінің 11-12 аяттары:

" فَلمّا أَتاها نُودِی یا مُوسى " ، " إِنّی أَنَا رَبُّکَ فَاخْلَعْ نَعْلَیْکَ إِنَّکَ بالْوادِ الْمُقَدَّس ِ طُوًى "

 Ол отқа барған сәтте: "Әй, Мұса!" деп шақырылды (11). "Рас, Мен Раббыңмын. Кебісіңді шеш. Өйткені, сен қасиетті Туа ойпатындасың" (12).

Осы аяттар Тур тауы мен Туа аймағында Мұсаға келген алғашқы аспандық үн мен оның пайғамбарлық міндетінің басталуын баяндайды. Сол жерде Құдай Мұсамен сөйлесіп, Өзін оның Раббы және Пәруәрдігері деп таныстырды. Кесібін шеш деп бұйыруы екі мақсатта көздеді: бір жақтан Пәруәрдігердің алдында тұрсың, сондықтан әдеп сақтап, кебісіңді шеш; екінші жағынан, сен киелі жерде тұрсың. Сондықтан оны таптама деген сөз. Себебі қасиетті жерлердің барлығы ерекше құрметке ие. Осы аяттардан үйренетініміз:1.Мұса от алу мақсатында барған еді, бірақ Құдай оған үлкен іс жүктеді. Пенде қалай ойласа да тағдыр Құдайдың қолында.  2. Ұлылардың алдында, қасиетті және киелі мекендерде әдеп сақтау илаһи мейірімдерге бөлену жолында жасалатын алғашқы қадам саналады.