Мәриям сүресі, 523-ші бөлім, 87-92 аяттар
Мәриям сүресі, 523-ші бөлім, 87-92 аяттар
«Мәриям» сүресінің 87 аяты:
" لایَمْلِکُونَ الشَّفاعَةَ إِلّا مَنِ اتَّخَذَ عِنْدَ الرَّحْمنِ عَهْداً "
(Сол күні) Рахманның қасында уәде алғаннан басқа ешкім шапағат ету күшіне ие бола алмайды (87).
Алдыңғы бағдарламада мүшріктердің бір жағынан өздерінің мал-мүліктері мен байлықтары және перзенттеріне масаттанып, басқа жақтан өздерінің ойдан шығарып, қолдан жасап алған пұттарына сенгендері соншалықты, қандай жағдайда болмасын олардан өздеріне көмек күткендерін айттық.Осы аят былай дейді: «Қияметте сол ойдан шығарылған «құдайлар» мүшріктерді тозақ отынан құтқарып, оларға шапағат тілеуде қауқарсыз. Құдайдың пайғамбарлар мен имамдар сынды әулиелері ғана басқаларға шапағат тілей алады. Өйткені оларға Алла тарапынан осы іске рұқсат етілген. Негізінен, қияметте шапағат тілеудің шарттары мен өлшемдері бар. Адамдардың барлығының шапағатқа бөлене алмайтыны сынды, әркім басқаға шапағат тілей алмайды. Алайда негіздері мен ақидалары және ғамалдары түзу, мүмін, бірақ жаза басып, қателікке ұрынып, күнәға батқан адамдар Құдайдың әулиелеріне жүгініп, нәтижесінде кешірілуі мүмкін. Бірақ олардың кешірілуі Құдайдың шапағат тілеушілерге қаншалықты мөлшерде шапағат тілеуге рұқсат беруіне байланысты. Сондықтан осы дүниеде адам қияметте шапағатқа бөленемін деген үмітпен күнә жасай алмайды. Себебі қияметте қай адамның қандай мөлшерде шапағат ете алатындығы мәлім емес. Осы аяттардан үйренетініміз:1. Шапағат – кім соған лайық болып, Құдай соны лайық деп санап беретін Құдайдың ықтиярындағы іс. 2. Алланың әулиелері Алланың рұқсатымен басқаларға шапағат тілей алады. Бұл – Құдайдың құлдарына берген мейірімі мен рақымының көрінісі.
«Мәриям» сүресінің 88-89 аяттары:
" وَ قالُوا اتَّخَذَ الرَّحْمنُ وَلَداً " ، " لَقَدْ جئْتُمْ شَیْئاً إِدّاً "
Олар: "Алла бала иемденді" десті. (88) Расында өрескел нәрсе сөйледіңдер. (89)
Мүшріктердің теріс ойларының бірі Құдайдың перзентке ие деуі болды. Олардың көбісі періштелерді Құдайдың қыздары деп санады. Исламнан бұрынғы діндерде осы теріс пікір тараған болатын. Құран аяттары негізі бойынша, яһудилер Узайр пайғамбарды Құдайдың перзенті деп санаған. Мәсихилер де хазірет Иса Мәсіхті Құдайдың ұлы деп санады. Бұл алдыңғы діндердегі бұрмаланушылықтардың дәлелдері. Құран осы бұрмаланған ойға кесімді түрде қарсы тұрып, былай дейді: «Бұл мүшріктер соны Құдаймен байланыстырып, оны тілмен айтқан жөнсіз және ұят байланыстыру». Осы аяттардан үйренетініміз:1.Әр адамды, тіпті ол Алланың пайғамбарлары мен әулиелері болса да Құдайдың перзенті деп атау Құдайға тағылған жөнсіз және ұят жала. Өйткені Жаратушы мен мақұлықтың байланысы әке мен перзенттің байланысы емес. 2.Құдайдың қандай да перзенті бар деген сенім, шынтуайтында Құдайға шерк келтіру және таухидтің жолынан шығу болып табылады.
«Мәриям» сүресінің 90-91-92 аяттары:
" تَکادُ السَّمواتُ یَتَفَطَّرْنَ مِنْهُ وَ تَنْشَقُّ الْأَرْضُ وَ تَخِرُّ الْجبالُ هَدّاً " ، " أَنْ دَعَوْا لِلرَّحْمن ِ وَلَداً " ، " وَ ما یَنْبَغی لِلرَّحْمن ِ أَنْ یَتَّخِذَ وَلَدا "
Бұдан көктер шатынай, жер жарыла, таулар құлап түсе жаздайды (90). Аллаға бала ұйғарғандықтарынан. (91) Негізінен Аллаға бала лайық емес. (92)
Жаратылыстың негізі таухид бойынша қаланғандықтан Құдайдың перзенті бар деген уәждер таухидпен бітіспейтін жөнсіз байланыстыру болып табылады. Сол себепті осы аяттар былай дейді: «Шеркке малынған осы ақидадан аспан шатынап, жер жарылатындай қатер орнайды». Басқаша айтқанда, Құдайға шерк келтірудің үлкендігі сондай, аспан мен жер де оған төзе алмайды. Бірақ сендер мүшріктер осындай сұмдық іске барып, сондай сөзді айттыңдар» дейді. Негізінде Құдай үшін перзентке ие болу кемелдік емес, керісінше мақұлықтарының бірінің Оның перзенті деп таныстырылуы Құдайдың мәртебесіне сызат түсіріп, төмендетуге себеп болады.Осы аяттардан үйренетініміз.1. Құдай оған тосқауыл болғанымен, күнә жасау жаратылыс жүйесінің құлауына себеп бола алады. Басқа аяттар негізі бойынша, егер Құран тауларға түсірілгенде олар Құдайдан қорыққандықтан бөлшек-бөлшек болып, бөлінер еді. 2. Шерк – жаратылыс әлеміндегі жансыз табиғат та оның алдында реакция танытатын бұзықтықтың ең қатерлі түрі. 3.Перзентке ие болу зайыбының болуын қажет етеді. Бірақ зайыбы болып, перзент әкелетіндей Құдайдың теңі жоқ.