Жел 19, 2016 20:30 Asia/Almaty

Рағыд сүресі, 395-ші бөлім, 29-31 аяттар

«Рағыд» сүресінің 29 аяты:

" الذين آمنوا و عملوا الصّالحات طوبي لهم و حسن مآب "

Сондай иман келтіріп, ізгі іс істегендер; шаттық та көркем орын да солардікі (29).

Өткен бағдарламада Құран Алланы зікір ету мен Оны естен шығармау және мүміндердің Алланы еске алуларымен олардың жүректерінің орнығып, тыныштыққа жететіндіктерін  айтты. Осы аят «Мүміндер – түзу ғамал иелері. Сол себепті олар осы дүние мен ақыретте Алланың мейірімі мен рақымына бөленіп, жақсы нәтижеге жетеді» дейді. Құран Кәрімнің барлық аяты иманмен бірге түзу ғамал туралы айтып, оны иманнан бөліп қарамайды. Мүміндер – күнәһарлар мен мұнафықтарға қарама-қарсы адамдар. Күнаһарлардың жүректерінде иман болуы мүмкін, бірақ іс жасағанда олар күнәға батады. Мұнафықтардың жүректерінде имандары жоқ. Бірақ істері сырттай қарағанда жақсы. Осы аяттан үйренетініміз:1. Күнәһарлар осы дүниеде де жақсы өмірге ие емес. Бұл дүниеде жақсы өмірге иман мен ізгі істің арқасында ғана жетуге болады. 2. Һәм осы дүниеде де, һәм ақыретте де бақытты мүміндерге қарсы дүниеқұмарлардың бақыты мен табыстары баянды емес, қияметке жетпейді.  

«Рағыд» сүресінің 30 аяты:

" کذلک ارسلناك في امة قد خلت من قبلها امم لتتلوا عليهم الذي اوحينا اليک و هم يکفرون بالرحمن قل هو ربّي لا اله الا هو عليه توکلت و اليه متاب "

Мұхаммед Ғ.С.) осылайша, саған уахи еткенімізді Аллаға қарсы келгендерге оқуың үшін бір елге жібердік. Одан бұрын да көптеген елдер өткен болатын. Оларға: “Ол – менің Раббым. Одан басқа тәңір жоқ. Оған тәуекел қылдым. Қайтар жерім де Сол” де (30).

Бұл аят бұрынғы үмбеттер мен қауымдар арасындағы пайғамбарлық міндеттің жалғасуына тоқталып, ислам пайғамбарының сөздерін естіп, оны қабылдағылары келмеген Меккенің мүшріктеріне қатысты былай дейді: «Оның пайғамбарлығына сендер шәк келтіретіндей,  ол Алланың алғашқы пайғамбары емес. Бұрынғы қауымдардың арасынан да көптеген пайғамбарлар пайғамбарлыққа таңдалған. Ол да сендерге оған Алла тарапынан уәхи болған нәрсені оқиды. Өзі тарапынан Аллаға қатыстырып, ешнәрсе айтпайды. Оның сөзі «Тек Алла Тағала ғана табынуға лайық» деген бір-ақ сөз. Себебі Алладан басқа ешқандай арқа сүйер жоқ.  Барлық адамның қайтар жері Сол жақ. Осы аяттан үйренетініміз:1.Өткен қауымдардың тарихын оқып, зерттеу ақиқаттар мен аспандық идеологияның тағылымдарын танып, қабылдауда әсерлі. 2. Аллаға тәуекел ету арқылы кәпірлердің қарсылықтары мен дұшпандықтарына қарсы тұрып, қарсыласуға болады. 

«Рағыд» сүресінің 31 аяты:

 " ولو انّ قرآنا سيرت به الجيال او قطعت به الارض او کلّم به الموتي بل لله الامر جميعا افلم يايئس الذين آمنوا ان لو يشاء الله لهدي الناس جميعا و لايزال الذين کفروا تصيبهم بما صنعوا قارعة او تحل قريبا من دارهم حتّي ياتي وعدالله انّ الله لايخلف الميعاد "

Олар, егер Құран арқылы таулар жүргізіліп, жер бөлшектеніп және өліктер сөйлестірілсе де (сенбейді.) Алайда, барлық іс Аллаға тән. Мүміндер аңғармады ма? Алла қаласа еді, адамдарды тұтас тура жолға салар еді. Қарсы болғандарға Алланың уәдесі келгенге дейін қылықтарының салдарынан үнемі соққы жетеді немесе жұрттарының маңына түседі. Күдіксіз Алла серттен таймайды. (31)

Пайғамбардың тағылымдарымен кәпірлердің қарсыласқандарын баяндаған алдыңғы аяттың жалғасында осы аят былай дейді: «Олар күпір мен теріске шығару арқылы Алланың билігінен сытылып шықтық, қалай өмір сүргіміз келсе солай өмір сүреміз деп ойламасын. Өйткені Алла қырсық та қыңыр кәпірлерді осы дүниеде де ауыр жазаға ұшыратып, ақыретте де азапқа душар етеді». Кәпірлердің екі топ екендігі белгілі: бірінші топ, егер хақты көріп, түсінсе иман келтіретіндер; екінші топ, хақты көріп, танып, түсінгендерімен жасырып, қырсықтықпен оған қарсы тұратындар. Осы аят екінші топ туралы. Бұл топтың қырсығатындықтары сондай, тіпті егер таулар бөлшектеніп, өлгендер тіріліп келсе де бәрібір оны Алланың мұғжизасы деп санамай, табиғи құбылыстармен байланыстырып, хақты қабылдамайды. Осы аяттан үйренетініміз:1. Алла адамды ерікке ие және күпір жолын ұстана алатындай етіп жаратты. Сондықтан мүміндер адамдардың барлығы иман келтіреді екен деп күтпесін. 2. Алла Тағала адамдар Оның жетекшілігін ерікті түрде қабылдағанын қалады. Әйтпегенде барша хақ пен уәхиді қабылдауға мәжбүр болатындай іс жасай алар еді. 3. Қиындықтар мен тауқіметтің түсірілуіне адамдардың өздерінің істері себеп болады.