Рағыд сүресі, 394-ші бөлім, 27-28 аяттар
Рағыд сүресі, 394-ші бөлім, 27-28 аяттар
«Рағыд» сүресінің 27 аяты:
" و یقول الذین کفروا لولا انزل علیه آیة من ربّه قل انّ الله یضلّ من یشاء و یهدی الیه من اناب "
Қарсы болғандар: “Пайғамбарға Раббы тарапынан бір белгі неге түсірілмеді?”, - дейді. (Мұхаммед Ғ.С.): Расында Алла кімді қаласа, адастырады да өзіне бұрылғанды тура жолға салады” де (27).
Пайғамбарлығы туралы айтатын адамның өзінің сөзін дәлелдеу үшін және оның Алламен байланысы бар екендігін, айтып тұрған сөзінің Алла тарапынан екендігі расталу үшін мұғжиза көрсетуі керек екендігі түсінікті нәрсе. Бірақ бұл пайғамбарлар кім нені қаласа, соны орындауға міндетті деген сөз емес. Мұндай жағдайда адамдар өздерінің иман келтірулері үшін «пайғамбарлар таңғажайып істер жасасын» деп шарт қоюы мүмкін. Бұл мәселе өмірдің табиғи жүйесін бұзады. Ақылды, ақиқатты талап ететін адамдар пайғамбарлардың мұғжизаларын көру арқылы сенімге қол жеткізіп, иман келтіреді. Бірақ қырсық, сылтаушыл адамдар, тіпті ондаған мұғжиза көрсе де, тағы басқа мұғжиза көрсетуді талап етіп, соңында бәрібір иман келтірмейді. Құран – илаһи мәңгілік мұғжиза. Құранның жоғары ағартушылығы оның Алла тарапынан екендігінің ең жақсы дәлелі. Алайда кейбір адамдар оны теріске шығарады. Бұл олардың өздерін адасуға ұрындырады. Соның салдарынан олар осы аспандық кітаптың ақиқатын түсінуден мақұрым қалады. Олардың Алланың белгілерін теріске шығарудағы қырсықтықтары Алланың оларды өз бетімен жібере салуға себеп болады. Бұл дегеніміз адасушылықпен пара-пар. Ия, ақылдан жұрдай адамдар рухани ауруларға шалдыққан. Олар Алланың белгілері мен Ол туралы әңгімелерді естігенде реніш сезімін бастан кешеді: құдды өлексенің үстіне жаңбыр жауған кезде оның сасық иісі ауаны кернеген кезде жиіркеніш сезімін тудыратындығы сынды. Бірақ сол жаңбыр тың жерге жауған кезде ол жердің оның өнімділігінің артуы мен көк шалғынға орануына себеп болады. Ия, аспандық кітаптар мен илаһи пайғамбарлардың тағылымдары сортаң жерге жауған кезде тікенек пен ошағаннан басқа ештеңе шықпайтын, ал баққа жауған кезде ағаштар бүршік атып, гүлдейтін рақым жаңбыры сынды. Сондықтан «Алла кімді қаласа, соны адастырады» деген сөйлем Алла адамдардың бір тобының адасқанын қалайды деген мағынаны білдірмейді. Керісінше, олардың адасушылықтарының себебі мынада: кейбіреулер илаһи бұйрықтарды қабылдамай, онымен қарсыласады. Сол себепті олар илаһи жетекшіліктің берекесінен мақұрым қалады. Осы аятта да осы топ тәубеге келіп, Аллаға бет бұрған, Алланың мейірімі олардың жағдайын қамтыған адамдарға қарсы қойылған. Осы аяттан мынадай ой түйеміз:1. Жетекшіліктегі немесе адамдардың адасуындағы маңызды жәйт, ол мұғжизалардың саны мен түрінде емес, оларды қабылдау негізінде, яғни хақты қабылдаушы ма, қырсық па дегендей.2. Алланың дәстүрі адамдардың барлығына тура жол нұсқауында. Бірақ бұрыс жолды таңдаған адамның жазасы оның сол адасушылығы мен Алланың жетекшілігінен алыстауы болып табылады.
«Рағыд» сүресінің 28 аяты:
" الذین آمنوا و تطمئن قلوبهم بذکر الله الا بذکر الله تطمئنّ القلوب "
Сондай иман келтіргендер Алланы еске алу арқылы көңілдері жай тапқандар. Естеріңде болсын! Алланы еске алумен жүректер орнығады (28).
«Алла ақиқатты іздеушілерге тура жол нұсқайды» деген алдыңғы аяттың жалғасында осы аят былай дейді: «Алланың жетекшілігіне ие болғандар Оған иман келтіріп, сенім мен тыныштыққа қол жеткізген адамдар». Өйткені, Алланы жүректе сақтап, тілмен зікір ету адамның рухани тыныштығының себебіне айналады. Ол – ештеңе оның орнын алмастыра алмайтын, ешнәрсе арқылы ондай тыныштыққа қол жеткізе алмайтын тыныштық. Алланы еске алу – Оны намаз оқып, жалбарынған кезде тілмен зікір етумен қатар, Оны барлық жағдайда, әсіресе қиын жағдайларға душар болғанда, немесе күнәлармен бетпе-бет келгенде есте сақтау деген сөз екендігі белгілі. Алланың нығметтерін есте сақтау – шүкіршілік білдірудің факторы. Сонымен қатар Алланың құдіреті мен мейірімдерін және Оның кешірімін еске алу адамды үміттендіреді, адам қиындықтарға қарсы тұратын күшке ие болады. Мұндай тыныштыққа жететін адамдардың Оның есімін естіген кезде бойларын қорқыныш сезімі билеп, жүректері дүрсілдеп кетеді. Өйткені олар жаратылыс әлеміндегі Алланың ұлылығын ұғады, Оның ұлылығының алдында барлық нәрсені түкке тұрғысыз әрі құнсыз санайды. «Әнфал» сүресінің 2-ші аятына айтқандай: ( انما المؤمنون الذین اذا ذکر الله وجلت قلوبهم )Сөзсіз, мүміндер Алла еске алынса, жүректері қобалжиды да оларға Алланың аяттары оқылса, сенімдері артылып, Раббыларына тәуекел қылады (2).Мұндай адамдар өздерінің ата-анасына арқа сүйеп, тыныштыққа бөленетін, қиындықтарда өздерін жалғыз санамайтын, сөйте тұра ата-аналарын құрметтеп, олардың көңілдеріне қош келмейтін іс жасаудан қорқатын түзу балалар сынды. Имам Саджад (ғ) мүбарак рамазан айының дұғасында Алланы еске алуды тыныштықтың себебі деп атап, мынадай мүнәжат айтады: «Ия, Алла! Әр кез Сенің мейірімің мен жомарттығыңды еске алғанда үміттеніп, тыныштық табамын». Адамдардың бүгінгі күні абыржушылық пен күйзеліске шалдығуларының себебі олардың Алланы ұмытулары, Оны еске алмаулары болып табылады. Мұндай жүйке аурулары иманды қоғамдарда азырақ кездеседі. Осы аяттардан үйренетініміз: 1. Алланы тілмен еске алу жеткіліксіз. Мықты иманға ие болу үшін жүрекпен сену керек. 2. Бүгінгі күннің пірі болып табылатын байлық пен билік адамға тыныштық сыйлаған жоқ. Тек қана жалғыз және құдіретті Алланы еске алу адамды нағыз тыныштыққа жеткізеді.