Жел 19, 2016 20:33 Asia/Almaty

Рағыд сүресі, 393-ші бөлім, 23-26 аяттар

«Рағыд» сүресінің 23-24 аяттары:

« جنّات عدن يدخلونها و من صلح من آبائهم و ازواجهم و ذرّياتهم والملائکة يدخلون عليهم من کل باب » ، « سلام عليکم بما صبرتم فنعم عقبي الدار »

«Олар «Ғадын» атты жаннаттарға кіреді. Аталарынан, жұбайларынан және ұрпақтарынан кім түзу болса, олар да кіреді. Періштелер әр есіктен олардың үстіне кіреді. (23) “Сабыр еткендіктерің үшін, Алланың есендігі сендерге болсын! Соңғы жұрт нендей жақсы” (дейді) (24)».

Өткен бағдарламада нағыз мүміндердің Аллаға ғибадат етуде, жоқ-жітікке көмектесуде және әлеуметтік істердің барлығында шыдамды әрі табанды екендігін айттық. Олар әртүрлі қиындықтарға қарсы тұрады, кейін шегінбейді. Осы аяттар былай дейді: «Қиямет күні де осындай адамдар хақ жолында табанды болғандықтары үшін жұмаққа еніп, періштелердің құрметі мен мадағына ие болады. Мұндай адамдардың пәк және текті отбасыларда тәрбиеленгендіктері әрі  лайықты да түзу перзенттерге ие екендіктері белгілі. Олар жар таңдауда да ерекше жағдайларға көңіл аударып, адал әрі мүмін жұбайлар таңдады. Сол себепті олар табиғи түрде қияметте ата-аналары, жұбайлары және перзенттерімен бірге жұмаққа енеді. Егер олар түзу адамдар болмағанда оларға жұмақтан орын берілмес еді».  Рауаяттар негізі бойынша, түзу жетекшілікті қабылдау – осындай дәреже мен деңгейдің шарттарының бірі. Алланың елшісі (с.ғ.с.) айтқандай, Әлиге (ғ) және одан кейінгі өсиет алған адамдарға бағыну жұмаққа енетін жолды тегістейді. Алланың періштелері осы дүниеде де мүміндер үшін дұға мен кешірім тілейтіндей, қияметте де оларды қарсы алуға келіп, мүміндерге қызмет көрсетеді. Осы аяттардан мынадай тұжырым жасаймыз:1. Жұмақтық отбасы дегеніміз, ол – оның барлық мүшесі Аллаға бағыну жолында бір-бірімен серіктестік жасап, бірлікте болып, адал болатын отбасы.2. Барлық кемелдіктердің бастауы – сабыр: күнәлардың алдында сабыр сақтау, мойынсұнуда сабыр  сақтау.3. Үйге енгенде немесе жиынға кіргенде сәлемдесу – періштелердің салты. 

«Рағыд» сүресінің 25 аяты:

« والذين ينقضون عهدالله من بعد ميثاقه و يقطعون ما امرالله به ان يوصل و يفسدون في الارض اولئک لهم اللعنة و لهم سوء الدّار »

Сондай Аллаға берген серттерін бекіткеннен кейін бұзғандар және Алланың бірлесуін бұйырған нәрселерді бөлгендер әрі жер жүзінде бұзақылық істегендер, міне лағынет осыларға. Сондай-ақ мекеннің жаманы солардікі (25).

Ақыл иелері, дін мен шариғат ұстанушылар, Алланың келісіміне адал, берік әрі өмірде сабырлы болған бірінші топқа қарсы осы аят илаһи серт пен келісімді бұзатын адамдар туралы айтады. Олар пәк, жақсы және түзу адамдармен байланысты үзіп, бұзылған адамдармен байланысады. Мұндай адамдардың Алла мен адамшылықтан қол үзіп, адамдардың арасында бейбастақтық пен арсыздықтың таралуына себеп болатындықтары  түсінікті жағдай.Рауаяттар негізі бойынша Алланың соны сақтаудың қажеттігін көп тапсырған істерінің бірі ол – туыстар мен жақын-жуықтармен байланыста болу және олардың істеріне көмектесу. Алланың дініне берік емес адамдар отбасыларына да берік болмай, өзінің айналасындағыларға да аз көңіл аударады. Осы аяттан мынадай ой түйеміз:1. Мүміндер мен бұзық адамдардың осы дүниедегі істерінің соңын салыстыру арқылы хақ пен жалғандық жолын тану жеңілірек болады. 2. Адамның барлық бейбастақтықтары мен тура жолдан таюының басталу нүктесі Алла мен аспандық діндерден қол үзу болып табылады.  

«Рағыд» сүресінің 26 аяты:

 « الله يبسط الرّزق لمن يشاء و يقدر و فرحوا بالحيوة الدّنيا و ما الحيوة الدّنيا في الآخرة الا متاع » 

Алла (Т.) қалаған кісісінің несібесін кеңітіп, тарылтады. Олар дүние тіршілігіне мәз болды. Негізінде дүние тіршілігі – ақиреттің жанында тек қана бір күн көріс (26).

Ізгілер мен жамандардың соңдарын баяндаған соң осы аят былай дейді: «Осы екі топтың бұл дүние мен ақыреттегі нығметтері шексіз және есепсіз емес. Алла оларға ырзықты хақ пен жалғандық жүйесі негізінде береді немесе олардан алып қояды. Кәпірлерге осы дүниеде берілетін нәрсе мүміндердің ақыретте қол жеткізетін үлкен ырзықтарының алдында түкке тұрғысыз,  құнсыз. Сондықтан ешқашан осы екі топтың дүниелік жағдайын бір-бірімен салыстырмаңдар. Осы дүниеде қол жеткізгендеріңе масаттанып, соларға тәуелді болмаңдар. Бұлардың барлығы өткінші, тұрақсыз. Ырзық мол болған кезде бүлік шығармай, илаһи шеңберден шықпау, ал ырзық тарылған кезде үмітсіздікке салынбауымыз, түңілмеуіміз маңызды. Алланың жүйесінің дана екендігін, осы дүниенің сынақ сарайы, ал ақыреттің сый мен тарту сарайы екендігін білейік. Осы аяттан мынадай қортындыға келеміз:1. Ырзық – зеректікте немесе келісімді бұзуда және сараңдық пен ашкөздікте емес, Алланың қолында. 2. Бұл дүние – пәни, өткінші. Бірақ сыртқы көрінісі адамдардың көзін толтырып, оларды алдайды. Абай болайық. .