Юсып сүресі, 383-ші бөлім, 102-106 аяттар
Юсып сүресі, 383-ші бөлім, 102-106 аяттар
«Юсып» сүресінің 102-ші аяты:
" ذلک من انباء الغیب نوحیه الیک و ما کنت لديهم اذ اجمعوا امرهم و هم یمکرون
(Мұхаммед Ғ.С.) саған бұл қиссаны көмес хабарлардан уахи етеміз. Олар іс жүзінде бірлесіп (Юсыпқа) мекерлік жасағанда жандарында болмаған едің (102).
Өткен бағдарламада әке-шешесі мен ағаларының Мысырға келуімен барлық нәрсенің жақсы аяқталып, қиындықтардың шешіліп, араздықтар аяқталған хазірет Юсып оқиғасының соңын естідік. Осы аят ислам пайғамбарына қаратып, былай дейді: «Осы хикаяда баяндалған оқиға халық арасында таралған әңгімелер мен бұрмаланған жазбалар негізінде емес. Керісінше бұл хабарлар Алланың уәхиі негізінде болды. Алла ғайыптан хабардар. Ол басқалардың көзіне көрінбейтін нәрсені біледі. Юсыптың ағалары оны қалай жолдарынан алып тастау керектігі жайлы жоспар құрып, кейін бірлесіп, оны құдыққа жасыру туралы шешім қабылдаған кезде ол жерде Құдайдан басқа ешкім болмады. Ешкімнің олардың жоспарынан хабары болмады. Осы аяттан үйренетініміз:1. Пайғамбарлар ғайып ілімімен қатаң сопылық ғұмыр кешу немесе сиқыршылар мен жадігөйлермен байланыс орнату арқылы емес уахи арқылы танысады. 2. Қандай қастандық пен қулық жасырын болса да, Алладан жасырын емес. Алла Тағала қалаған уақытында оны әшкере етіп, айлакерлердің масқарасын шығарады.
«Юсып» сүресінің 103-104 аяттары:
" و ما اکثر الناس ولو حرصت بمؤمنین " ، " و ما تسئلهم علیه من اجر ان هو الا ذکر للعالمین
Сен қанша ынтазар болсаң да, адамдардың көбі иман келтірмейді (103). (Істегендеріңе) олардан ақы сұрамайсың. Құран бүкіл әлемге тән үгіт (104).
Хазірет Юсып оқиғасының аяқталуымен Құран ислам пайғамбарының халықпен байланысының жалпы мазмұнын баяндап: «Сен олардан ақы сұрамадың. Сен оларға ақыл-насихаттан өзге ештеңе айтпадың. Олардың иман келтірулері үшін тырысып, мазасыз күй кештің. Бірақ көп адамдардың иман келтіріп, хақты қабылдауға әлі де әзір емес екендіктерін біл. Жұрт хақты білмегендіктен, иман келтірмейді деп ойлама. Хақты түсіне тұра, оны қабылдамай, сенің сөздеріңді теріске шығаратын адамдар да бар» дейді. Осы аяттардан үйренетініміз:1. Пайғамбарлар халық тарапынан көп мейірімсіздік көргендеріне қарамастан, оларға жанашырлықпен, шын ықыластарымен жетекшілік етті.2. Көпшілік адамдардың иман келтірмеулері пайғамбарлардың салғырттықтарының салдарынан емес, адамдардың өздерінің еріктері мен таңдауларының нәтижесі.
«Юсып» сүресінің 105 аяты:
" و کاین من آیة فی السّموات و الارض یمرّون علیها و هم عنها معرضون
Көктерде және жерде қаншама дәлел бар. Адамдар оған көңіл бөлмей өтеді (105).
«Адамдардың көбісі пайғамбарларға иман келтірмейді» деген алдыңғы аяттан кейін осы аят ислам пайғамбарын жұбату үшін: «Олар аспан мен жерден үнемі Пәруәрдігердің белгілерін көреді. Алайда Алланың бар екендігін қабылдамайды. Егер сені де теріске шығарса, реніш білдірме» дейді.Адам Алланың белгілерін әртүрлі жолдар арқылы көреді: «Кейде аспан денелері мен табиғаттың әртүрлі құбылыстарын байқау арқылы жер бетінен Алланың белгілерін көреді. Кейде әуе кемелеріне мініп, аспаннан белгілер мен нышандарды байқайды. Сол себепті осы аят адамның аспанда ұшуы туралы Құранның алдын-ала баяндауының бір түрі. Осы аяттардан үйренетініміз:1. Жаратылыстың барлық құбылыстары Пәруәрдігердің мұғжизасының бір түрі, Оның құдіреті мен ұлылығының белгісі. Қапыл адам бір күні хабардар болып, мүмкін хақты қабылдар. Бірақ теріске шығарып, бас тартқан адам хақты қабылдауды көздемейді.
«Юсып» сүресінің 106 аяты:
" و ما يؤمن اکثرهم بالله الا و هم مشرکون "
Олардың көбі Аллаға иман келтірмейді. Сондай-ақ олар ортақ қосады (106).
Алдыңғы аяттың жалғасында осы аят пайғамбарға қаратып: «Көп адамдардың иман келтірмегендерімен қатар, иман келтірген көп адамдардың да имандары таза емес, олардың таухидтері толық емес. Олар өздерінің істері мен жаратылыста Аллаға серік қосып, іс жүзінде Алламен қатар басқа заттарға немесе адамдарға да арқа сүйейді. Аллаға ғибадат етеді, бірақ өмірде Алланың әміріне бойсұнбай, басқаларды Одан гөрі ықпалдырақ деп санайды» дейді. Имам Реза осы аяттың тәпсірінде былай дейді: «Шерктің мақсаты пұтқа табынушылық емес. Керісінше Алладан басқаға көңіл бөліп, соған тәуекел ету». Имам Садық та шерктің қатері туралы былай деген: «Адамның бойындағы шерк қара түндегі қара тастың үстіндегі қара құмырсқаның қозғалысынан да жасырын». Осы аяттан үйренетініміз:1. Иман – салыстырмалы ұғым. Ешқандай күдік-күмәнсіз, мінсіз таза иман өте аз. 2. Шерк те салыстырмалы ұғым. Әшкере шерк болып табылатын пұтқа табынушылықтан басталып, адамның өзі де көбінесе аңғармайтын жасырын шеркке дейін. Одан алыс болу үшін Алланы паналау керек.