Юсып сүресі, 365-шы бөлім, 34-36 аяттар
Юсып сүресі, 365-шы бөлім, 34-36 аяттар
«Юсып» сүресінің 34-ші аяты:
فَاسْتَجَابَ لَهُ رَبُّهُ فَصَرَفَ عَنْهُ كَيْدَهُنَّ إِنَّهُ هُوَ السَّمِيعُ الْعَلِيمُ ﴿۳۴﴾«
Сонда Раббы тілегін қабыл етіп, одан қатындардың сығандықтарын тойтарды. Өйткені Ол Алла, толық естуші, өте білуші »(34)
Өткен бағдарламада Зылиханың хазірет Юсып зынданға тастатамын деп қоқан-лоққы жасауынан соң, Зылиханың арсыз талабы мен әйелдердің нәпсіқұмарлықтарынан құтылу үшін Юсып Алладан зынданға баруды тіледі. Осы аятта былай деп айтылған: «Алла Юсыптың бұл тілегін орындап, оны әйелдердің айла-қулықтарынан құтқарды. Бұл арадағы қызықты жайт – Юсыпты зынданға қамауды Зылиханың өзі де қалады. Юсыптың тілегі орындалғандықтан, ол зынданға түсті. Құран Зылиха Юсыпты түрмеге қамағысы келгенімен, егер Алланың қалауы болмаса бұл іс орындалмас еді деп айтқысы келеді. Бұл мүміндер үшін үлкен сабақ. Өйткені дұшпандар қанша жоспар құрса да, Алланың қалауы болмаса бәрі бос әурешілік. Сондықтан Аллаға тәуекел етіп, дұшпандардың тілегені орындалмасын деп сұрау керек. Осы аяттан үйренетініміз: Біріншіден, егер тақуа және пәк болуды қаласақ, Алла оған жағдай жасап, қалауымызды орындайды.Екіншіден, Зылиха Юсыпты зынданға тастап, оны жазаламақ болды, бірақ Юсыптың ойынша зындан – күнәдан құтылу жолы болып табылады.
"Юсып" сүресінің 35-ші аяты:
ثُمَّ بَدَا لَهُم مِّن بَعْدِ مَا رَأَوُاْ الآيَاتِ لَيَسْجُنُنَّهُ حَتَّى حِينٍ ﴿
۳۵﴾"Сонсоң оларға дәлелдер көрінгеннен кейін де оны бір мерзімге дейін абақтыға салды"(35)
Азғын патшалық биліктердің ерекшелігі – барлық істерді әкімдер мен сарайдағылардың заңды да заңсыз талаптары құрайды, ал қарапайым халық әлгі басшылардың құлы болып есептеледі. Әкімдер халыққа қандай да болмасын шешімдерін жүктейді. Ол шешімдердің дұрыс немесе бұрыс екеніне мән бермейді. Юсып пен Зылиха туралы әңгімеде де барлығы Зылиханың кінәлі екенін түсінсе де және оның өзі жұрттың алдында Юсыптың бейкүнә екендігін мойындағанына қарамастан, Мысыр ақсүйегі сарайындағылар әйелдің абыройын сақтау үшін және осы оқиғаға қатысты өсек ұмытылсын деп, Юсыпты бір мезгіл зынданға қамауды ұйғарады. Осы аяттан үйренетініміз:Біріншіден, пәк болу және пәктікті сақтау оңай емес, өйткені азғын патшалық биліктерде кімде-кім пәк болса, сол көбірек зиян шегеді. Екіншіден, бұзылған қоғамда нәпсіқұмар адамдар еркін жүрсе, таза әрі пәк тұлғалар абақтыға қамалады.
"Юсып" сүресінің 36-шы аяты:
وَدَخَلَ مَعَهُ السِّجْنَ فَتَيَانَ قَالَ أَحَدُهُمَآ إِنِّي أَرَانِي أَعْصِرُ خَمْرًا وَقَالَ الآخَرُ إِنِّي أَرَانِي أَحْمِلُ فَوْقَ رَأْسِي خُبْزًا تَأْكُلُ الطَّيْرُ مِنْهُ نَبِّئْنَا بِتَأْوِيلِهِ إِنَّا نَرَاكَ مِنَ الْمُحْسِنِينَ ﴿۳۶﴾"
Және де Юсыппен бірге екі жігіт бірге абақтыға кірді. Ол екеуінің бірі: "Мен түсімде арақ сыққанымды көрдім",-деді. Екіншісі: "Мен төбеме нан көтеріп жүр екемін. Одан құс жегенін көрдім. Бізге бұл түстердің жоруын айтып бер. Күдіксіз, біз сені жақсылық қылушылардан көреміз",-деді"(36).
Осылайша Мысыр ақсүйегінің бұйрығымен Юсыпты зынданға қамайды. Юсыппен бірге зынданға екі қызметкер түседі. Олардың екеуі де түс көріп, түстерін Юсыпке айтып береді. Өйткені олар Юсыптың Зылиханың арсыз талабына көнбеген, пәк адам екенін білді. Ия, абыройлы адамдар зынданға түссе де, онда отырғандар тарапынан оларға құрмет көрсетіліп, олар мұндай адамдарға өздерінің құпия-сырларын айтады. Әлгі екеуінің түстері әртүрлі және ғажайып болды. Олар бұл түстердің мәні бар екенін және өздерінің түрмеде отыруымен байланысты екенін сезді. Біреуі шарап өндіріп, құю үстінде болса, екіншісі дастархан жайып, құстарға нан таратып жүр! Сөйтіп зынданда Юсыптың мәртебесі көтеріліп, барлығы оған сенетін болды. Рауаяттарда айтылғандай, ол түрмеде науқастарға қарасып, әлсіздерге жәрдем беретін. Ол түрмеде отырса да барлық адамгершілік қасиеттерге ие болды. Осы аяттан үйренетініміз:Біріншіден, жақсылық істеушілерді барлық жерде, тіпті зындандағы қылмыскерлер болсын құрметтейді. Екіншіден, хазірет Юсып ақиқат дінін үгіттеп, түрмедегілерді Алла жолына шақыру үшін алдымен оларға қызмет көрсетіп, ізгі істер атқарды.