Жел 20, 2016 20:22 Asia/Almaty

Юсып сүресі, 362-ші бөлім, 25-27 аяттар

«Юсып» сүресінің 25 аяты:

" و استبقا الباب و قدّت قميصه من دبر و الفيا سيّدها لدا الباب قالت ما جزاء من اراد باهلک سوء الاا ان يسجن او عذاب اليم "

Екеуі есікке жүгірді де әйел, оның жейдесін арт жағынан жыртып алып қалды. Екеуі есік алдында әйелдің қожайынына кездесіп қалып, әйел еріне: “Сенің жұбайыңа жамандық ойлаған біреудің жазасы сөзсіз абақты немесе жантүршіктірерлік азап” деді. (25).

Алдыңғы бағдарламада Мысырдың «сүйіктісінің» зайыбының Юсыпке ғашық болып қалғандығын және өзінің нәпсілік тілегін қанағаттандыру үшін жоспар құрып, Юсыпты бір бөлмеде оңашалағанын айттық. Барлық есіктердің жабық болғанына қарамастан, Юсып Зылиханың заңсыз тілектеріне бойұсынушылық танытпай, бәлкім құтылатын есік табылар деп жабық есікке қарай қашты. Бірақ Зылиха да Юсыпты тоқтату үшін соңынан жүгіріп, оны ұстап қалу үшін арт жағынан оның жейдесіне жармасты. Алайда Юсып оның қолынан сытылып шықанда, жейдесінің артқы жағы жыртылды. Сол кезде Юсыптың тілегі орындалып, жабық есік кенеттен ашылды. Алайда Юсыптың қашып құтылуы үшін жол дайындалудың орнына, оның алдынан Юсып пен өзінің зайыбын есігі жабық бөлмеде бірге  көрген Мысырдың «сүйіктісі» шығып, олардан не жағдай болып жатқанын сұрайды. Юсып жағдайды түсіндіріп, ақиқат әшкере болмас үшін Зылиха алдыға түсіп, Юсыпты қиянат жасамақ болды деп айыптап, күйеуінен оны қатты жазалап, зынданға қамауды талап етеді. Осы аяттан үйренетініміз:1.Алланы тек тілмен пана тұту жеткілікті емес, іс жүзінде де күнәдан қашу керек. Тіпті есіктер жабық болып, адам қиын жағдайда тұрса да.  2. Кейде амалдардың сырт көрінісі бірдей болғанымен,  бірақ мақсаттары әртүрлі болады. Юсып та, Зылиха да жүгірді. Бірақ оның бірі күнәдан қашса, екіншісі күнәға жету үшін жүгірді. 3. Абай болған жөн. Кейде шағымданушының өзі күнәһар. Ол өзін ақтау үшін көңіл-күй мен сезімдерін қолданады.  

«Юсып» сүресінің 26-27 аяттары:

" قال هي راودتني عن نفسي و شهد شاهد من اهلها ان کان قميصه قدّ من قبل فصدقت و هو من الکاذبين " ، " و ان کان قميصه قدّ من دبر فکذبت و هو من الصادقين "

Юсып (Ғ.С.): “Ол көңілімді өзіне тарпақшы болды” деді. Әйел жағынан бір айғақ: “Егер Юсыптың жейдесі алдынан жыртылса, әйел шын айтты да ол өтірікшілерден болады” (26) “Оның жейдесі артынан жыртылса, онда әйел өтірік айтты да ол шыншылдардан” деп куәлік берді (27).

Зылиханың «Юсып теріс мақсатты көздеді» деген уәждерінен кейін хазірет Юсып қорғану кезінде өзін кез-келген теріс мақсаттан ада әрі пәк санап: «Мен Зылиханың соңына түспедім. Керісінше, ол менімен қатынаста болуды қалады» дейді. Екі жақтың сөздерін естіген Мысырдың «сүйіктісі» бір жағынан өзінің зайыбының құл арқылы нәпсілік тілегін қанағаттандырғысы келгеніне сене алмай, екінші жағынан бір құлдың зайыбының арам пиғылды көздегенін айтуға батылы баруын қабылдай алмай, айран-асыр күйде есеңгіреп қалады. Осындай жағдайда осы оқиға мен айтылған сөздерге куә болған патшаның ақылды, көреген кеңесшілерінің бірі: «Егер Юсыптың теріс ниеті болғанда, Зылиха екеуінің арасында қақтығыс орын алар еді. Ондай жағдайда, егер Юсыптың жейдесі жыртылатын болғанда алдыңғы жағынан жыртылатын еді. Бірақ Юсыптың жейдесі артқы жағынан жыртылған. Бұл Юсыптың күрескенінің емес, қашқанының белгісі.  Сол себепті Зылиха жалған айтып тұр» дейді. Бір қызығы, бұл төреші Зылиханың туысы бола тұра Зылихаға қарсы үкім айтты. Юсып пен Зылиханың оқиғасы біздің есімізге хазірет Мәриям мен оның жүктілігі туралы оқиғаны түсіреді. Адам неғұрлым пәк болса, соғұрлым жалаға ұшырайды. Мәриям өзінің заманындағы ең пәк әйел болды. Бірақ оны пәк емес деп айыптағандықтан, оның тіпті өлгісі келді. Юсып та  өз заманындағы ең пәк ер адам болды. Алайда оны түзу емес деп айыптады. Бірақ Алла Тағала олардың пәктіктерін ең жақсы түрде дәлелдеді.  Хазірет Юсыптың хикаясында жейде үш жерде маңызды роль атқарды. Бір рет, оны құдыққа тастап, қанға боялған жейдесін әкесіне көрсеткен кезде. Жейде жыртылмағандықтан, «оны қасқыр жеді» деген уәждің жалғандығы әшкере болды. Екінші рет, осы оқиғада Юсыптың жейдесінің жыртылуы оның бейкүнәлығының дәлелі болды. Үшінші рет, оқиғаның соңында, оның киімін әкесі Йағұбтың алдына тастағанда оның көзінің көруіне себеп болды. Осы аяттан үйренетініміз:1.Өзіміздің құтқарылатындығымыз бен оның жазаланатындығына үмітіміз болмаса да жаланың алдында өзімізді қорғап, негізгі күнәһарды таныстыруымыз керек.2. Алла қаласа, тіпті қылмыскердің туысы да оған қарсы куәлік етеді.2. Төрелік ісінде қылмыстан қалған айғақтар негізінде қылмысты анықтау тәсілдерін пайдалану керек. Өйткені шағымданушы мен айыпталушының айтқандарымен бірге құжаттар мен айғақтар нақты қарастырылуы керек.