Һуд сүресі, 338-ші бөлім, 45-49 аяттар
Һуд сүресі, 338-ші бөлім, 45-49 аяттар
"Һуд" сүресінің 45-46-шы аяттары:
« و نادي نوح ربٌه فقال ربٌ انٌ ابني من اهلي و انٌ وعدک الحقٌ و انت احکم الحاکمين » ، « قال يا نوح انٌه ليس من اهلک انٌه عمل غير صالح فلا تسئلن ما ليس لک به علم اني اعظک ان تکون من الجاهلين »
Нұх (Ғ.С.) Раббына дабыстап: «Раббым! Күдіксіз ұлым жанұямнан ғой. Шәксіз уәдең хақ. Сондай-ақ, Сен ең тура үкім етушісің» деді (45). (Алла): «Әй, Нұх! Ол жанұяңнан емес. Өйткені, оның ісі дұрыс емес. Сондықтан білмеген бір нәрсені Менен тілеме. Сені надандардан болмауыңды насихаттаймын» деді (46).
Өткен бағдарламада Нұхтың ұлы кемеге отыруға әзір болмай, басқа да кәпірлер сияқты суға батып кетті деген болатынбыз. Осы аяттарда хазірет Нұх Аллаға былай дейді: «Пәруәрдігер, отбасым құтқарылады деген уәде бергенсің. Мен сенің уәдеңнің хақ екендігін білемін. Ондай болса неліктен отбасымның мүшесі саналатын менің ұлым суға батты?». Алланың Нұхқа берген жауабы мынадай болды: «Менің уәдем хақ. Бірақ сенің ұлың сенің отбасың болып саналмайды. Өйткені ол иманды қабылдауға дайын болмай, бұзылған адамдардың соңына ілесіп, солар сияқты болды». Хазірет Нұхтың әрекетінен ол хазіреттің перзентінің кәпір болғандығын және суға бататындардың санатында болатындығын дұрыс білмегендігі анық білінеді. Сондықтан тек қана мүміндерді кемеге мінгізуге жауапты болғандығына қарамастан Нұх пайғамбар оны да кемеге шақырды. Ұлы қарсылық танытқан кезде де оған кәпір болма деген жоқ. Керісінше кәпірлермен бірге болма деді. Сол себепті Алла Тағала Нұхқа «білмейтін нәрсең туралы менен ештеңе сұрама. Бұл надандардың тәсілі» деді. Осы аяттардан үйренетініміз: 1.Діни байланыстар отбасылық байланыстардан гөрі басымдылыққа ие. Хазірет Нұхтың ізбасарлары оның ізбасарлары болып саналғандықтан, құтқарылды. Бірақ кәпірге айналған Нұхтың перзенті Нұхтың отбасының мүшесі емес, сондықтан құтқарылмады. 2. Илаһи мәдениетте ереже мен тәртіп байланыстан гөрі маңызды. Пайғамбардың перзенті болу ешқандай артықшылық пен басымдылық бермейді. 3. Дұға тілеп, Алладан өтініш жасаған кезде орындалмаса, ренжімейік. Өйткені Алла біз білмейтін нәрсені біледі. 4. Адамдар ықтиярға ие. Тіпті пайғамбардың зайыбы мен перзенті де иман келтіруге мәжбүр емес.
«Һуд» сүресінің 47 аяты:
« قال ربٌ اني اعوذ بک ان اسئلک ما ليس لي به علم و الا تغفرلي و ترحمني اکن من الخاسرين »
(Нұх Ғ.С.): «Раббым! Расында білмегенімді Сенен тілеуден өзіңе сиынамын. Егер мені жарылқамасаң, маған мәрхамет етпесең зиянға ұшыраушылардан болармын» деді (47).
Алла Тағала хазірет Нұхқа уағыз айтқан соң ол хазірет орынсыз өтініш жасағаны үшін кешірім сұрап, Алланың мейірімі мен жарылқауын өтінді. Өйткені пайғамбарлар Алланың уағызы алдында әдеп сақтап, мойынсұнып, дереу бағынушылық танытуы тиіс. Себебі Алла Тағала барлық адам мен барлық нәрсенің жақсылығы мен мүддесі мен пайдасынан хабардар. Оның шаралары мен хикметтері мүдде негізінде. Осы аяттан үйренетініміз:1.Тәубеге келу мен күнәлардың кешірілуін сұрау адамның қиындықтар, орынсыз істер мен сөздерден сақтану жолы.2.Тіпті пайғамбарлар да Алланың мейірімі мен рақымынсыз мақсатқа жетпейді. Одан мақұрым қалғандардың нағыз зиян шегушілер екендігін біледі.
«Һуд» сүресінің 48 аяты:
« قيل يا نوح اهبط بسلام منٌا و برکات عليک و علي امم ممٌن معک و امم سنمتٌعهم ثمٌ يمسٌهم منٌا عذاب اليم »
«Әй, Нұх! Саған, сенімен бірге болған топтарға бізден сәлеметтік, молшылықпен кемеден түс! Бір талай топты дүниеде пайдаландырамыз да сонан кейін олар біздің күйзелтуші азабымызға ұшырайды» делінді (48).
Су жерге сіңіп, кеме тоқтаған соң хазірет Нұх пен оның серіктері жерге түсіп, Алланың нығметтері мен берекелеріне ие болды. Олардың әрқайсысы өздерінен кейінгі үмбеттердің басшысы болды. Қызық жайт, ол «Һобут», яғни «төмен түсу» деген бұйрық хазірет Адаммен қоса хазірет Нұх тұрғысында да берілді. Нұх адамзат баласы мен бүгінгі ұрпақтың екінші әкесі сынды. Одан кейін де адамдар мүмін және кәпір болып, тағы да екі топқа бөлінді. Бұл үдеріс әлі жалғасып келеді. Осы аяттан үйренетініміз:1. Мүмін табатын нығметтер денсаулық пен берекенің ұйытқысы. Бірақ кәпір үшін осы дүниедегі табысқа жетудің көзі. 2. Алла Тағала дүниенің тауарын кәпірлерден аямайды, бірақ оның сүннеті мынадай: Ол нығметтен соң әр адам жаза мен сыйға негіз дайындауы үшін адамдарға мұрсат береді.
«Һуд» сүресінің 49 аяты:
« تلک من انباء الغيب نوحيها اليک ما کنت تعلمها انت و لا قومک من قبل هذا فاصبر انٌ العاقبة للمتٌقين »
(Мұхаммед Ғ.С.) міне, бұлар білінбеген әңгімелерден. Оны саған уақи етеміз. Бұдан бұрын оны сен де, қауымың да білмейтін еді. Онда сабыр ет. Расында соңғы табыс тақуалар үшін (49).
Бұл аят 25 аятта баяндалған хазірет Нұх пен оның қауымы жайлы хикаяның соңы. Алла соңында пайғамбарға қаратып былай дейді: сені мен сенің қауымың үшін берілетін сабақ, ол істердің табысы тақуалар мен мүміндердікі болатындығы. Жеңіс сабыр мен табандылықтың нәтижесінде келеді. Өйткені хазірет Нұх ғасырлар бойы табандылық танытып, соңында жеңіске жетті.