Жел 21, 2016 19:14 Asia/Almaty
  • Әғраф сүресі, 247-ші бөлім, 154-156 аяттар

Әғраф сүресі, 247-ші бөлім, 154-156 аяттар

"Әғраф" сүресінің 154-ші аяты:

وَلَمَّا سَکَتَ عَنْ مُوسَى الْغَضَبُ أَخَذَ الألْوَاحَ وَفِی نُسْخَتِهَا هُدًى وَرَحْمَةٌ لِلَّذِینَ هُمْ لِرَبِّهِمْ یَرْهَبُونَ ﴿١٥٤﴾

"Мұса ашуы басылғаннан кейін (Тәурат) тақталарын қолына алды. Онда Раббынан қорыққандарға дұрыс жол және рақымет бар деп жазылған еді. (154)"

Өткен бағдарламада айтып өткеніміздей, хазірет Мұса (ғ.с.) Тұр тауынан оралғанда қауымының бұзауға табына бастағанын көріп, қатты ашуланғандықтан, Тәурат жазылған тақтайшаларды лақтырып, олардың сазайын тартқызуға ұмтылды. Бұл аят былай дейді: "Хазірет Мұса (ғ.с.) тынышталып, ашуы басылған соң Тәуратты алып, қауымына барды. Тәурат басқа да илаһи кітаптар тәрізді тура жол мен рақымшылықтың құралы болғандықтан, ондағы үкімдер мен тәлімдерді халыққа баяндап берді". Әрине Алла Тағалаға иман келтіріп, оның нұсқауларына қарсы шығудан қорқатын адамдар ғана тура жолға түсіп, рақымшылыққа бөленеді. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, Алладан қорқу – адамға рақымдылықтың қақпаларын ашады. Сондықтан адам Алла Тағаладан ғана қорқып, Оған иілуі тиіс.

"Әғраф" сүресінің 155-ші аяты:

وَاخْتَارَ مُوسَى قَوْمَهُ سَبْعِینَ رَجُلا لِمِیقَاتِنَا فَلَمَّا أَخَذَتْهُمُ الرَّجْفَةُ قَالَ رَبِّ لَوْ شِئْتَ أَهْلَکْتَهُمْ مِنْ قَبْلُ وَإِیَّایَ أَتُهْلِکُنَا بِمَا فَعَلَ السُّفَهَاءُ مِنَّا إِنْ هِیَ إِلا فِتْنَتُکَ تُضِلُّ بِهَا مَنْ تَشَاءُ وَتَهْدِی مَنْ تَشَاءُ أَنْتَ وَلِیُّنَا فَاغْفِرْ لَنَا وَارْحَمْنَا وَأَنْتَ خَیْرُ الْغَافِرِینَ ﴿١٥٥﴾

"Мұса біз белгіленген уақытта алып бару үшін елінен жетпіс адам таңдады. Оларға жер сілкінуі келе бергенде Мұса айтты: "Раббым, егер өзің қаласаң, оларды да, мені де әлдеқашан-ақ жер жастандырар едің. Арамыздағы ақымақтардың қылған қылығына бола бізге зауал келтіремісің. Бұл тек сенің сынағың болар, осы арқылы қалаған пендеңді аздырасың, қалаған пендеңді оң жолға беттетесің. Біздің иеміз – Өзіңсің, бізді жарылқағайсың, есіркегейсің! Жарылқаушының ең абзалы – Өзіңсің!". (155)"

Хазірет Мұса (ғ.с.) халыққа қанша мұғжиза көрсетсе де олардың көбісі Алла Тағаланы көздерімен көріп, оның дауысын естуді сұрады. Осыған байланысты хазірет Мұса (ғ.с.) олардың арасынан жетпіс адамды таңдап алып, өткендегідей Алла Тағаланың тауға елестеуін көріп, оның дауысын естулері үшін оларды Тұр тауына алып барды. Бірақ Исраил қауымының адамдары Алланың дауысын естіген соң Мұсадан (ғ.с.) "Алла Тағала өзін көрсетсін" деп өтінді. Сол мезетте тау қатты сілкінгенде олардың барлығы қорқыныштан жан тәсілім етеді. Бұл мәселе хазірет Мұсаға (ғ.с.) қиындық тудырды. Өйткені ол өзімен Тұр тауына бірге еріп келген қауымының жетпіс адамы өліп қалғандықтан халқына не бетіммен барамын деп ойлады. Бірақ Алла Тағаланың әмірімен олардың барлығы қайта тіріліп, Мұсамен (ғ.с.) бірге елге оралды. Яһудилердің Алланы көру жөніндегі негізсіз өтінішінің кесірінен орын алған бұл оқиға илаһи сынақтың бір түрі. Мұндай сынақтар біреулердің тура жолға түсуіне себеп болса, басқалардың адасуына себеп болады. Осы аяттан мынадай ой түйеміз:

Біріншіден, пайғамбарлар халықпен қарым-қатынаста ғайып білімге сүйенбейді, олардың сыртқы көріністеріне ғана көңіл аударады. Сондықтан да хазірет Мұсаның (ғ.с.) таңдаған адамдары лайықсыз адамдар болып шықты.

Екіншіден, қайғылы оқиғалар мен апаттар - адамдардың анықталып, саптардың ажыратылуы үшін Алланың сынағы болып табылады.

"Әғраф" сүресінің 156-шы аяты:

وَاکْتُبْ لَنَا فِی هَذِهِ الدُّنْیَا حَسَنَةً وَفِی الآخِرَةِ إِنَّا هُدْنَا إِلَیْکَ قَالَ عَذَابِی أُصِیبُ بِهِ مَنْ أَشَاءُ وَرَحْمَتِی وَسِعَتْ کُلَّ شَیْءٍ فَسَأَکْتُبُهَا لِلَّذِینَ یَتَّقُونَ وَیُؤْتُونَ الزَّکَاةَ وَالَّذِینَ هُمْ بِآیَاتِنَا یُؤْمِنُونَ ﴿١٥٦﴾

""Бізге бұл дүниеде және ақыретте жақсылық жазғайсың! Біз шынында өзіңе тәубе қылдық". (Алла) айтты: "Азабыммен қалаған адамымды азаптаймын. Рақыметім (бұл дүниеде) барша затқа ортақ. Рақыметімді (күпірліктен, күнәдан) сақтанғандарға, зекет бергендерге, аяттарымызға сенгендерге жазамын". (156)"

Өткен аяттың жалғасы болып саналатын осы аят хазірет Мұсаның (ғ.с.) дұғасын баяндайды. Ол хазірет Алладан дүние мен ақыреттің игілігін сұрайды. Алла Тағала хазірет Мұсаның (ғ.с.) өз үмметіндегі күнәһарлар мен сылтау етушілерді кешіріп, жарылқауды тілеуінің жауабында: "Менің рақымшылығым кең әрі барлық нәрсені қамтушы. Бірақ оған бөленудің шарты - иман мен тақуалық және мұқтаждарға көңіл бөлу. Кімде-кім осындай болмаса, менің жарылқауымнан құр қалып, азабыма душар болады",-дейді. Рауаяттарда айтылғандай, осы аят түскен кезде шайтан "Алла Тағала "менің рақымым барлығын қамтиды" деп айтқандықтан, мен де Алланың рақымына бөленермін",-деп дәмеленеді. Бірақ мұндай кең рақымшылыққа бөлену үшін иман мен тақуалық керек, ал шайтан мен оған ерушілерде ол жоқ. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, дұға оқуды пайғамбарлардан үйренейік. Олар дүниенің қайырын да, ақыреттің игілігін де тілеп, біреуін екіншісінің жолында құрбан етпеді.

Екіншіден, Алланың рақымы Оның қаһарынан артық. Сондықтан, тіпті күнәһарлар да тәубе қылса, азаптан құтылып, жарылқауға бөлене алады.