Жел 21, 2016 19:19 Asia/Almaty
  • Әғраф сүресі, 245-ші бөлім, 147-149 аяттар

Әғраф сүресі, 245-ші бөлім, 147-149 аяттар

"Әғраф" сүресінің 147-ші аяты:

وَالَّذِینَ کَذَّبُوا بِآیَاتِنَا وَلِقَاءِ الآخِرَةِ حَبِطَتْ أَعْمَالُهُمْ هَلْ یُجْزَوْنَ إِلا مَا کَانُوا یَعْمَلُونَ ﴿١٤٧﴾

"Аяттарымызды, ақыретке кездесуді өтірік дегендердің амалдары жойылып, істеріне қарай ғана жазаланады. (147)"

Исламның көзқарасынша әр істің қадірі оның себебі мен ниетіне байланысты. Адамгершілікке қарсы және  азғындық ниетпен істелген ізгі істердің қадірі болмақ түгіл, жазаға да лайық. Мысалы, екіжүзділікпен және өзін-өзі жақсы етіп көрсету ниетімен істелген ізгі амалдар. Мұндай істер кейде тым зиянды әрі қауіпті болғандықтан, басқа да жақсы істерді жояды. Мысалы, қиыншылықтарға шыдай алмағандықтан, у ішіп өмірін құртқан адам. Бұл аят: "А...-ның аяттары мен ақыретті жасынға шығарғандар өздерінің барлық істерін дүниелік ниетпен жасағандықтан қияметте құр қол қалады. Иә, адамның амалдары бір-біріне әсер етеді. Бір істің өзге бір істі жоюы А...-ның әділдігіне қайшы келмейді, қайта табиғи құбылыс",-дейді. Бұл аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, қиямет сияқты үлкен шындықты жоққа шығару адамның ізгі істерінің әсерін дүниемен шектеп, жояды.

Екіншіден, қияметтегі жаза мен сауап амалдардың негізінше беріледі. Әрине мұндай амал қияметке жетіп, онның өлшеміне сай болуы керек.

"Әғраф" сүресінің 148-ші аяты:

وَاتَّخَذَ قَوْمُ مُوسَى مِنْ بَعْدِهِ مِنْ حُلِیِّهِمْ عِجْلا جَسَدًا لَهُ خُوَارٌ أَلَمْ یَرَوْا أَنَّهُ لا یُکَلِّمُهُمْ وَلا یَهْدِیهِمْ سَبِیلا اتَّخَذُوهُ وَکَانُوا ظَالِمِینَ ﴿١٤٨﴾

"Мұсадан (ғ) кейін елі, сәндік бұйымдардан дыбысы бар бұзаудың мүсінін жасап алды. Олар, ол бұзаудың өздерімен сөйлеспейтінін және оларды тура жолға салмайтынын көрмей ме? Олар оны тәңір тұтып, залымдардан болды. (148)"

Өткен бағдарламада айтқанымыздай, А... тағаланың бұйрығымен хазірет Мұса (ғ) Тәуратты алу үшін Тұр тауына барған еді. Тұр тауында қосымша он күн қалып, осылайша ол хазірет сол жерде қырық күнге қалады. Исраил қауымы Мысырда көп жыл бойы тұрған кезде, сиыр пішініде жасалған пұттарды көрген болатын. Сондай-ақ ніл өзенінен өтіп шыққан кезде, пұтқа табынып жүрген бір қауымға жолығады. Олар хазірет Мұсадан (ғ) солардың пұттарына ұқсас "құдай" жасап беруін сұрайды. Хазірет Мұса (ғ) олардың мұндай надандығын қатаң айыптады. Бірақ хазірет Мұса (ғ) тағы он күнге кешіккенде, "оның Тұр тауындағы өлімі туралы" қауесет таралып, бұл жағдайды Самери деген кісі кері пайдаланып қалмақ болады. Ол шебер болғанымен, адасқан кісі еді. Исраил қауымының осы тілегін пайдаланған ол, әйелдердің қымбат әшекейлерін жинап алып, алтыннан бұзаудың мүсінін жасап, халықты соған табынуға шақырады. Самери арнайы әдіспен мүсіннен бұзаудың дыбысын шығаратын қылды. Сол себепті халық оның ісіне көбірек иланды. Құран оның бұл ісін: "Алтыннан жасалған мүсін әдемі және одан шығатын дыбыс халықты қызықтыратын болғанмен, бұл жануар адамдарды тура жолға сала ала ма? Әлде одан түк мағынасы жоқ дыбыс қана шыға ма? Мұсаның сөздерін былай қойып, бір жануардың дыбысына еліктеу өздеріңе зұлымдық жасау емес пе?",-деп қабылдамай тастады. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, илаһи жетекшілердің қоғамда болмауы адасқандардың үгіт жүргізуіне жағдай жасайды.

Екіншіден, адасқан кісілер халықты жаңылыстыру үшін өнер мен әшекейлер құралын пайдаланады. Адасқан кісілер әшекейлерінің жарқылы мен айқайлаған жарнамалары бізді алдамасын.

"Әғраф" сүресінің 149-шы аяты:

وَلَمَّا سُقِطَ فِی أَیْدِیهِمْ وَرَأَوْا أَنَّهُمْ قَدْ ضَلُّوا قَالُوا لَئِنْ لَمْ یَرْحَمْنَا رَبُّنَا وَیَغْفِرْ لَنَا لَنَکُونَنَّ مِنَ الْخَاسِرِینَ ﴿١٤٩﴾

"Олардың қолдары түскен заманда (қатты өкініп иықтары түскен түрде) анық адасқандықтарын көріп: "Егер, Раббымыз бізге мархамет етпесе, бізді жарылқамаса, әрине зиян тартушылардан боламыз",-десті. (149)"

Хазірет Мұса (ғ) Тұр тауынан оралғаннан кейін, халық арасында уағыз-насихат жүргізген соң, Исраил қауымы өздерінің ісіне өкініп, тәубе қылып, А... тағаладан кешірім сұрайды. Мұса (ғ) ауызша уағыз айтумен қатар, халыққа осы бұзаудың ешқандай күші жоқ екендігін және бұл мүсін "құдай" болмақ түгіл, өзін-өзі қорғай алмайтындығын көрсету үшін оның бөлшектеп, отқа жағып жібереді. Сондай-ақ одан ешқандай белгі қалдырмау үшін оның күлін теңізге төгеді. Бұл іс, осы мүсіннің халық алдындағы беделі жойылып, олардың бір мүсінге табынулары қандай сұмдық екендігін көрсетіп, тәубе етулері үшін жасалды. Пайғамбарлардың ісі – серік қосушылық пен пұтқа табынушылықтың белгілері мен көріністерін жою болып табылады. Ислам пайғамбары (с) да Меккені жеңгенде мүшріктерді кешіргенімен, олардың пұттарын қиратып, жойды. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, ақыл мен уағыз айту жеткіліксіз. Қоғамдағы адастырудың құралдарын жою керек.

Екіншіден, адамның көретін ең үлкен зияны – А...-ның жарылқауы мен кешірімінен мақрұм қалу болып табылады.