Жел 22, 2016 18:35 Asia/Almaty

Тәубә сүресі, 293-ші бөлім, 70-73 аяттар

"Тәубә" сүресінің 70-ші аяты:

"Оларға өздерінен бұрынғы Нұх, Ғад, Сәмүд қауымдары және Ыбырайым қауымы және Мәдян елі, ойран болған кенттердің хабары келмеді ме? Соларға пайғамбарлары ашық дәлелдер келтірген. А... оларға зұлымдық қылмады. Олар өздеріне зұлымдық қылды. (70)"

Өткен бағдарламада оқылған соңғы аятта, осыдан бұрын болған және бағынбаушылықтары мен күнәлары салдарынан жойылып кеткен халықтарға меңзелді. Бұл аят олардың кейбіреуінің атауларын баяндап, олардың жойылып кетуіне өздерінің жағымсыз амалдары себеп болғандығын айтады. Хазірет Нұх (ғ) қауымы топан суға ұшырап, батып кетті. Пайғамбары хазірет Һұд (ғ) болған Ғад қауымы суық қатты дауылға ұшырап, тұншығып жойылды. Пайғамбары хазірет Салих (ғ) болған Сәмуд қауымы қорқынышты зілзаланың салдарынан жойылды. Сонымен қатар, оларды тура жолға шақыру хазірет Шұғайыбқа (ғ) тапсырылған Мәдян қауымы от жаудырған бұлттарға тап болып жойылса, Лұт (ғ) қауымы үйлерінің төңкерілуінен қырылды. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, Құрандағы бұрынғы халықтардың тарихы насихат пен ғибрат алу үшін айтылған.

Екіншіден, барлық жазалар тек қияметте ғана берілмейді. Кейбір жағдайларда А... тағала күнәһарлардың жазасын осы дүниеде береді.

"Тәубә" сүресінің 71-ші аяты:

"Мүмін ерлер мен мүмін әйелдер, бір-біріне көмекші. Олар дұрыстыққа қосып, бұрыстықтан тосады. Сондай-ақ олар намаздарын толық орындап, зекет беріп, А...-ға елшісіне бойсұнады. Соларды А... мархаметіне бөлейді. Расында А... тым үстем, аса дана. (71)"

Өткен бағдарламада оқылған "Тәубә" сүресінің 67-ші аятында Құран мұнафықтардың ең айқын ерекшелігін – халықты жаманддықа азғыру мен жақсылықтан тыю деп атаған болатын. Бұл аят олардың жағымсыз қылықтарына керісінше: "Бірақ мүміндер әрдайым бір-бірін жақсы істерге ынталандырып, жамандықтан тыяды",-дейді. Негізінде, жақсылыққа шақыру мен жамандықтан тыю Ислам дініндегі маңызды парыздардың бірі. Ол жеке басқа жүктелген міндеттерден жоғары және әр мұсылманға қоғамдық істерді бақылап тұруды және қоғамдағы келеңсіздіктерге немқұрайлы болмауды талап етеді. Өйткені қоғам, бір жері тесілгенде ондағы барлық адамдарға қауіп төндіретін бір кеме тәрізді. Сол сияқты ақыл мен шариғат, қоғамның азғындық пен күнәға салынып, батып кетпеуіне жол бермеу үшін оны түрлі қауіп-қатерден сақтауды және қоғамдық істерді бақылауды талап етеді. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, ерлер мен әйелдер қоғамды түзетуде рөл атқарады. Сондықтан жақсылыққа шақыру ерлердің ғана емес, барша мүміндердің міндеті.

Екіншіден, жақсылыққа шақыру мен жамандықтан тыю, намаз оқу, зекет беру және А...-ның әміріне бойсұну уақытша міндеттер емес, қайта мүміндердің мәңгі істері.

"Тәубә" сүресінің 72-ші аяты:

"А... мүмін ерлер мен мүмін әйелдерге астарынан өзендер ағатын, олар онда мүлде қалатын бақшалар және ғадын жаннатында, көркем орындар уәде етті. Ал А...-ның ризалығы өте зор табыс. Міне осы үлкен қол жетушілік. (72)"

Өткен аяттарда мұнафықтарға тозақтың оты мен ауыр азап уәделенген соң, бұл аят А... тағаланың мүміндерге нығметтеріне толы көркем пейіштің тыныштығын сыйлайтынын айтып, былай дейді: "А... тағаланың пейіші де, пейіштегілердің онда болуы да мәңгілік. Олар пейіштен шаршамайды да, А... тағала оларға пейіште мерзім белгілемейді. Сонымен қатар мүміндердің ең жоғары сыйы А...-ның ризалығына бөлену. Олар пейіште онымен мақтанады. Адамның ең жоғары жетістігі мен нағыз тыныштығы А...-ның ризалығына бөлену болып табылады". Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, ақыреттегі өмір тек рухани ғана болмайды. Ол һәм рухани, һәм материалдық. Әрине рухани ләззаттар, материалдық ләззаттардан жоғары.

Екіншіден, мүміндердің дүниеде мақрұм болған барлық материалдық тапшылықтарының есесін А... тағала қияметте қайтарады.

"Тәубә" сүресінің 73-ші аяты:    

"Әй, пайғамбар! Кәпірлер және мұнафықтармен күрес. Оларға қатаң бол. Олардың орны тозақ, қайтып барар орны қандай жаман. (73)"

Мұнафықтардың илаһи үкімдер мен пайғамбардың (с) нұсқауларына қатысты лайықсыз әрекеттері мен олардың мүміндерді кемсітіп, келемеждеуін баяндаған аяттардан кейін осы аят пайғамбар (с) мен мүміндерге былай дейді: "Күпірлігін қоймаған және бағынбаушылығын сыртқа көрсетіп, тіл тигізу мен бұзақылықтарын қоймаған мұнафықтармен жұмсақ болмаңдар. Өйткені олар мұны кері пайдаланады. Олар сендерден әлсіздік сезбеу үшін оларға қатал болыңдар. Олардың тағдыры жаман болмақ". Бұл аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, өздерінің дұшпандығын жасырмайтын кәпірлер мен мұнафықтарға қатысты мүміндердің міндеті – джихад пен күрес. Әрине бұл күрестің түрлі деңгейлері бар. Ол кейде сөзбен, ал кейде қарумен болуы мүмкін.

Екіншіден, сырттағы дұшпандар мен кәпірлер, бізді іштегі дұшпан болып саналатын мұнафықтардан ғапыл қалдырмауы тиіс. Олардың әрқайсысымен қарсыласуға дайын болу керек.