Тәубә сүресі, 284-ші бөлім, 31-35 аяттар
Тәубә сүресі, 284-ші бөлім, 31-35 аяттар
"Тәубә" сүресінің 31-ші аяты:
"Олар (яһудилер, христиандар) ғалымдары мен машайыхтарын және Мәриям ұлы Исаны А...-дан өзге тәңір қып алды. Негізінде олар, бір тәңірге ғана құлшылық қылуға бұйырылған болатын. Өйткені Одан басқа ешбір тәңір жоқ. Ол, олардың қосқан шерігінен пәк. (31)"
Хазірет Иса Мәсіхке (ғ) ерушілер, ол Мәриям есімді анадан туғанымен, оны құдайдың ұлы деп санады. Олар Иса Мәсіхтен (ғ) кейін ғұламаларын және дүниені тәркі қылған сопыларын құдайдың деңгейіне дейін жоғарылатты. Тіпті олардың бұйрық-нұсқауларын, құдайдың үкіміндей міндетті түрде орындалуы тиіс үкімдер деп санады. Ал негізінде А... мен Оның пайғамбарынан басқаға бағыну парыз емес. Илаһи діндердің жетекшілеріне қатысты шектен шығушылық тек христиан дінімен ғана шектелмейді. Мұсылмандардың әйгілі дінбасылары да осындай қатерге байланысты ескертулер жасап, мүміндерді одан тыйған болатын. Өйткені А...-ның әулиелері кім болса да, А...-ның пендесі және ол ешқашанда А...-ның қатарында тұрмайды. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, біз ешқандай тұлғаны пұт қылмауымыз керек. Өйткені ол, адамға құлшылық ету болып, күпірлік пен серік қосуға ұласады.
Екіншіден, тек А... тағала ғана заң шығара алады. Сондықтан кімде-кім А...-ның заңына қайшы заңдарды қабылдаса, мүшрік болғаны.
"Тәубә" сүресінің 32-ші аяты:
"Олар, А...-ның нұрын (дінін) ауыздарымен өшіруді қалайды. Егер кәпірлер жек көрсе де, А... мұны ұнатпайды да, өз нұрын толықтайды. (32)"
Тарихта түрлі адамдар мен топтар, әсіресе әділет пен ақиқатты мойындағысы келмеген залым әкімдер мен патшалар, илаһи жетекшілердің көзін жойып, олардың тәлімдерін ұмыттыру үшін түрлі астыртын жоспарлар құрған. Бірақ тарихи куәліктер бойынша пайғамбарлардың есімі мен естеліктері және олардың тәлімдері мәңгі тірі қалды және халық оларды құрметпен еске алады. Алайда әлгі залымдардан ешқандай белгі де, жақсы атақ та сақталмай, халық оларға үнемі лағынет айтып, қарғайды. Бұл аят А... тағаланың осы дәстүріне меңзеп: "Кейбіреулер тілдері мен ауыздары және өтірік үгіттерімен халықтың жүрегіндегі А...-ның аттары мен естелігі болып табылатын А...-ның нұрын сөндіреміз деп ойлайды. А...-ның нұрын үрлеп сөндіреміз дейді. Дегенмен А...-ның нұры, күннің нұры секілді барша әлемді қамтиды",-дейді. Бұл аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, А...-ның дінін жоюға бағытталған дұшпанның талпыныстары көбінесе сөзбен және үгіт-насихаттармен жүргізіледі. Ендеше кез-келген сөзге илана бермейік.
Екіншіден, ақиқат жолына қарсылар, А...-ның қалауы бойынша хақ діні жеңіске жететінін және олардың кез-келген талпынысы сәтсіз болатынын білсін.
"Тәубә" сүресінің 33-ші аяты:
"Өйткені Ол елшісін туралық және хақ дінменен бүкіл діндерге басым болсын деп жіберген. Егер мүшріктер жақтырмаса да. (33)"
Дінге қарсылардың ақиқат жолын жоюға ұмтылыс жасайтындығын баяндаған аяттардан кейін осы аят былай дейді: "Сол талпыныстар мен әрекеттерге қарамастан ақиқат жолы жеңілмек түгілі, барлық діндер мен тәлімдерден асып түсіп, әлемді қамтиды. Өйткені ол шындық пен А...-ның жолдауына ие". Исламдық рауаяттар бойынша, бұл іс ақыр заманда және қымбатты Ислам пайғамбары (с) ұрпағының бірі – хазірет Меһдимен (ғ) орындалады. Ол әділет орнату үшін зорлық-зомбылыққа қарсы әлемдік көтерілісті бастап, жер бетінде барлық адамдардың Исламға иман келтіруіне жағдай жасайды. Сол кезде Исламның нұры барлық қоғамдарға түседі. Бұл аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, илаһи діндердің негізі шындық. Кейбір діндер өзгерістердің салдарынан шындықтан жаңылғанымен, олардың барлығы ақиқат.
Екіншіден, өз әрекетіміздің бағытын А...-ның қалауымен үйлестірейік. Әйтпесе құрып, жойыламыз.
"Тәубә" сүресінің 34-35 аяттары:
"Әй, мүміндер! Ғалымдары мен машайыхтарының көбі адамдардың малдарын бұзықтық арқылы жейді. Сондай-ақ А...-ның жолынан тосады. (Мұхаммед (с)) Сондай алтын, күмісті жиып, оны А... жолында жұмсағандарды күйзелтуші азаппен сүйіншіле. (34) Қиямет күнінде олар тозақ отында қыздырылып, онымен олардың маңдайлары, қабырғалары және арқалары таңбаланып: "Мынау өздерің үшін жиғандарың. Ал енді жинағандарыңның дәмін татыңдар" (делінеді). (35)"
Өткен аяттарда айтқанымыздай, христиандар мен яһудилер өздерінің ғұламаларына, құдайға бағынғандай бағынатын. Бірақ А...-ға ғана толық бағынуға болады. Бұл аят былай дейді: "Өкінішке орай, дүниені тәркі қылдық деген сопылар мен ғұламалардың көбісі азғындық пен күнәға душар болған. Олар халықтың сеніп тапсырған мал-мүлкін нақақ жейді. Олар А...-ның дінін жаюды ойламайды, қайта жағымсыз сөздері және қылықтарымен А...-ның жолына кедергі келтіреді". Аяттың жалғасы байлық жинаудағы маңызды қауіпке меңзеп: "Кейбір адамдар тек байлығын жинауды ғана ойлайды. Олар оған мұқтаж болмаса да, оны А...-ның жолында жұмсағысы келмейді. Мұндай кісілер қияметте ауыр азапқа ұшырайды. Дүниеде осы байлықпен кімдерді күйдіріп, өкініште қалдырғанын еске түсіру үшін дәл осы алтын-күміс тиындары отқа қыздырылып, олардың денесіне басылады",-дейді. Осы аяттардан үйренетініміз:
Біріншіден, ақшалай жемқорлық діни ғұламаларға төніп тұрған қауіптердің бірі. Өйткені халық оларды адал деп санайды.
Екіншіден, зекет пен салық төленсе де, қоғамда мұқтаж жандар бар жерде байлық жинауға болмайды.
Үшіншіден, қияметтегі жаза мен сауап, адамның дүниедегі амалдарына сәйкес. Алтын жинағандардың жазасы қыздырылған алтынмен беріледі.