Жел 22, 2016 18:49 Asia/Almaty

Тәубә сүресі, 281-ші бөлім, 17-22 аяттар

"Тәубә" сүресінің 17-18 аяттары:

"Мүшріктердің, өздерінің қарсылықтарына куә бола тұра (кәпір халінде тұрып) А...-ның мешіттерін жасауларына болмайды. Олардың амалдары жойылған. Олар тозақта мүлде қалады. (17) А...-ның мешіттерін шынайы түрде А...-ға, ақырет күніне сенген, намазды толық орындаған, зекет берген және А...-дан ғана қорыққан кісі жасайды. Міне солардың тура жол табушылардан болулары үміт етіледі. (18)"

Меккені басып алғанға дейін Харам Мешітінің қамқорлығы мен оның істерін басқару мүшріктердің қарамағында еді. Олар бұл міндетті өздеріне мақтаныш деп санайтын. Бірақ мешіт мұсылмандардың ең маңызды ғибадат ететін және әлеуметтік орны болғандықтан және ол халықтың рухани дамуына жағдай орнатуы үшін оның қамқорлығын адал әрі пәк тұлғалар атқаруы тиіс. Бұл аят алғашында Харам Мешіті жайлы түсірілгенімен, оның үкімі барлық мешіттерді қамтиды. Осы жағынан Харам Мешіті мен басқа мешіттердің арасында айырмашылық жоқ. Негізінде қасиетті істер адал және заңды табыстар арқылы және пәк жандармен орындалуы тиіс. Ендеше осындай жолда қомақты ақша жұмсайтын болса да, лайықсыз адамдарға жүгінбеу керек. Өйткені әдетте олар мешіттің істеріне араласып, онда ықпал жүргізуді қалайтын болады. Сонымен қатар мешітті жөндеу мен көркейту дегеніміз тек оның сыртқы көрінісін ғана жөндеу емес. Мешітті нағыз жөндеу дегеніміз халықтың мешітке белсенді қатысуы мен діни мәселелерді уағыздау және қоғамда мешіттің өзекті рөл атқаруы болып табылады. Лайықсыз адамдар мұндайды қаламайды, қаласа да оған лайықсыз. Осы аяттардан үйренетініміз:

Біріншіден, амалдың жалғыз өзі маңызды емес, ниет пен мақсат негізгі рөл атқарады. Діни істерде ниеті дұрыс адамдардың қатысқаны жөн. Амалдың жақсы болуы ғана емес, оның ізгі мақсатта болғаны маңызды.

Екіншіден, күпірлік пен серік қосу адамның жақсы істерінің қадірін кетіріп, жояды.

Үшіншіден, мешіттің қамқоршылары намазға көңіл бөлумен қоса, қоғамдағы мұқтаж жандарға да қарасулары тиіс. Сондықтан да зекет көбінесе намазбен қатар айтылған.

"Тәубә" сүресінің 19-ші аяты:

"(Әй, мүшріктер!) Сендер қажыларға су беру, Харам Мешітін жөндеуді, А...-ға, ақырет күніне иман келтіріп, және А... жолында соғысқан кісі сияқты көресіңдер ме? Бұлар, А...-ның қасында тең болмайды. А... залым қауымды тура жолға салмайды. (19)"

Харам Мешітінің істерін басқару пәк мүміндердің хақы деп біліп, оған мүшріктердің араласуына тыйым салған аяттардан кейін бұл аят былай дейді: "Негізінде қажыларға су беру мен Қағбаның кілтін ұстау секілді қызмет көрсету істерінің қаншалықты қасиетті болғанымен, А... тағаланың алдында оның орны ешуақытта А...-ның жолында соғысу мен жан кешудей болмайды". Рауаяттар бойынша Харам Мешіті мен Қағбаға қамқоршы болған Мекке ақсақалдарынан екі адам бір-біріне мақтанып, біреуі "мен су тасуды басқарамын" десе, екіншісі "Қағбаның кілті менің қолымда" дейді. Сонда хазірет Әли (ғ) оларға: "Мен, сендердің джихад аясында иман келтіргендеріңе мақтанамын",-дейді. Олар ренжіп, пайғамбарға (с) шағымданады. Сол кезде осы аят түсіп, джихадтың А...-ның үйіне қызмет көрсетуден артық екендігін баяндайды. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, Исламда басты құндылық – иман және Исламды жаюға талпыныс жасау болып табылады. Ендеше үлкен және көркем мешіттер рухани мақсатсыз салынса, оның қадірі жоқ. Пайғамбардың (с) мақсаты мешіттер салу емес, Біләл секілді тұлғаларды қалыптастыру болды.

Екіншіден, жанын қиған адамдар мал-мүлкін ғана жұмсаған адаммен тең емес. Әлеуметтік істерде А...-ның жолында соғысу мен күресудің алатын орны жоғары.

"Тәубә" сүресінің 20-21-22 аяттары:

"Сондай иман келтіріп, жұрттарынан ауғандар және А... жолында малдарымен, жандарымен соғысқандар А...-ның қасында ірі дәрежеге ие. Міне солар, мұратына жетушілер. (20) Оларды Раббылары өзінің мәрхаметімен және ризалығымен сондай-ақ тұрақты нығметке ие жәннаттарымен қуантады. (21) Олар онда мәңгі қалушылар. Расында А...-ның қасында ірі сыйлық бар. (22)"

Өткен аяттарды жалғастыра келе бұл аяттар А... тағаланың алдындағы күрескер мүміндердің дәрежесіне меңзеп, олардың пейіштегі орындарын баяндайды. Осы аяттар бойынша, иман келтірумен қатар үйлері мен отанын тастап А... үшін қоныс аударып, Оның жолында жанымен мал-мүлкімен күрескендер ең жоғары дәрежеге ие. Мұндай адамдар дүние мен ақыретте бақытқа жетеді. Олар пейіштің нығметтерімен қоса, А...-ның арнайы рақымы мен ризалығына бөленеді. Осы аяттардан үйренетініміз:

Біріншіден, қоғамда адамдарды туысқандық, ұлттық, тайпалық және мұралық байланыстар бойынша емес,  илаһи өлшемдер бойынша сынау керек. А... тағала джихад пен қоныс аударуды жоғары бағалағандай, исламдық қоғам да солай болуы тиіс.

Екіншіден, егер мәңгілік нығметтерді қалайтын болсақ, материалдық пәни нығметтерге көңіл бөлмеуіміз керек.