Тәубә сүресі, 279-шы бөлім, 7-11 аяттар
Тәубә сүресі, 279-шы бөлім, 7-11 аяттар
"Тәубә" сүресінің 7-ші аяты:
"Ол мүшріктердің А... қасында, Елшісінің қасында қалай келісімі бола алады? Бірақ Месжід Харамда бітім жасасқандардікі болады. Олар сендерге түзу сыңай байқатса, сендер де оларға түзу ыңғай көрсетіңдер. А... сақтанушыларды жақсы көреді. (7)"
А... тағала "Тәубә" сүресінің алғашқы аяттарында Өзі мен пайғамбарының (с) мүшріктерден безетіндігін жариялады. Осы аят былай дейді: "Олардың А... және Оның елшісімен ешқандай келісімі жоқ. Мұсылмандар тек Харам мешітінде пайғамбармен (с) келісім жасағандармен ғана, оның өзі олар келісімдерін бұзбағанға дейін, уағдаластықты сақтаулары тиіс. Керісінше жағдайда келісімді біржақты түрде сақтауға міндетті емес. Әрине дұшпанға қатысты тақуалықты сақтап, ақиқат пен әділдіктен аттамау керек". Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, дұшпандармен келісімге берік болу немесе оны бұзу мәселесінде, қарама-қарсы шара қолданыңдар. Дұшпанмен, олар сендерге үстем болып немесе сендерді тақуалықтан тайдыратындай қарым-қатынаста болмаңдар.
Екіншіден, иман мен тақуалық шарттарының бірі келісімдер мен уағдаластықтарға берік болу.
"Тәубә" сүресінің 8-ші аяты:
"Қалайша (олармен келісім болады)? Егер олар сендерге өктем келсе, сендер туралы жақындыққа да, келісімге де қарамас еді. Олар сендерді ауыздарымен разы қылмақшы да, жүректері ұнатпайды. Өйткені олардың көбі бұзақы. (8)"
Бұл аят, мұсылмандарға дұшпанның қулықтары мен жылы сөздеріне алданып қалмауы үшін олардың айла-тәсілдерін баяндайды. Өйткені мүшріктер мүміндерге ешқашан жақсылықты ойламайды және жүректерінде оларға мәңгі кек сақтайды. Олар билікке қол жеткізіп, мұсылмандарға үстемдік жүргізсе, ешқандай әлеуметтік қағидаларды орындамайды. Тіпті өздерінің жақындарын да аямайды, ешбір келісім мен шартты құрметтемейді. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, дұшпанды жақсы тану керек. Оның ниеті мен амалы емес, сөзі ғана сендермен бірге.
Екіншіден, сендерге үстем болған дұшпан адамгершілік және әлеуметтік қағидаларды сақтамаса, оны оңай деп ойламаңдар.
"Тәубә" сүресінің 9-шы аяты:
"Олар А...-ның аяттарын аз бағаға сатып, Оның жолынан тосты. Олардың істеген істері нендей жаман. (9)"
Бұл аят дұшпанның тағы бір ерекшелігіне тоқталып, былай дейді: "Олар А...-ның діні жайылуына кедергі келтіру үшін қомақты ақша жұмсайды және ешқандай талпынысын аямайды". Бұл ерекшелік, қолдарында Тәураты бар және илаһи аяттармен таныс бола тұра, Исламның таралуына тосқауыл қою мен дүниелік мақсаттарына жету үшін ақиқатты жасырған Мәдина яһудилеріне сәйкес келеді. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, илаһи аяттардан айрылған соң, қолымызға нені келтірсек те, ол көп болып көрінгенімен аз болады.
Екіншіден, дұшпандардың дінмен жауласуының түп-тамыры – дүниеқұмарлық болып табылады. Әйтпесе олардың ешқандай қисыны жоқ.
"Тәубә" сүресінің 10-11 аяттары:
"Олар мүмін жайында жақындықты да, келісімді де сақтамайды. Міне солар, шектен шыққандар. (10) Сонда егер олар тәубе етіп, намазды толық орындап, зекет берсе, онда олар сендердің дін бауырластарың. Білген елге аяттарымызды ашық-ашық баян етеміз. (11)"
Бұл аяттар мүшріктер мен кәпірлердің иманды жандармен дұшпандығын тағы да баса айтып, былай дейді: "Олардың тәсілі – қоғамның мүшелері арасында жасалған келісімдер тәрізді әлеуметтік шектеулерді және А... тағаланың адамзатқа түсірген илаһи шектеулерін де бұзу болып табылады". Осы аяттардың жалғасы былай дейді: "Әрине олардың тәубе етуіне жол ашық. Егер олар күпірлік пен серік қосудан бас тартып, намаз бен зекет секілді діни парыздарын орындаса, өзге мұсылмандар тәрізді сендердің бауырларың болып есептеледі. Олармен лайықты қарым-қатынас орнатыңдар". Бұл аяттардан үйренетініміз:
Біріншіден, бұзықтыққа кісі өлтіру мен тонау ғана емес, сертті бұзу да жатады. Сондықтан серт бұзу да бұзықтықтың бір түрі.
Екіншіден, діни ағайын болудың шарты – намаз бен зекет. Мұсылманның байланысы діни негіздер бойынша анықталады.