Жел 22, 2016 18:53 Asia/Almaty

Тәубә сүресі, 277-ші бөлім, 1-3 аяттар

"Әнфал" сүресі аяқталған соң, "Тәубә" сүресі аяттарының тәпсірімен танысамыз. Бұл сүре "Бароат" яғни "безу" деп те аталады, өйткені ол мүшріктерден безуді мәлімдеумен басталады. Сондықтан сүренің басында "Мейірімді де рақымды А...-ның атымен бастаймын" келтірілмеген. Себебі, "рақымшылдық" пен "безу" бір-біріне сәйкес келмейді. "Тәубә" сүресі хижра жыл санауы бойынша 9-шы жылы, Исламның ардақты пайғамбарының (с) қайтыс болуынан бір жыл бұрын түсті. Аталмыш сүреде адамның тәубе етуі мен А...-ның ілтипатының қайтарылуы жөнінде көп айтылған. "Тәубә" сүресінің алғашқы аяты:

"Бұл А...-дан және Елшісінен, келісім жасасқан мүшріктерге бір құлақтандыру. (1)"

Х.ж.с.б 8-ші жылы Мекке басып алынған соң, пайғамбар (с) қоғамдық кешіруді жариялады. Мүшріктер Меккеде өмір сүріп, ғибадаттық рәсімдерін өткізе берді. Мүшріктердің ғибадаттарының бірі онымен тәуап жасаған киімдерін садақаға беру болатын. Ал егер біреудің артық киімі болмаған жағдайда, тәуапты жалаңаш күйде жасайтын. Мүшріктердің мұндай әрекетін мұсылмандар қабылдай, осы орайда А... тағаланың бұйрығын күтті. Осылайша Мәдинада бұл сүренің тұңғыш аяттары түсті. Пайғамбар (с) хазірет Әлиге (ғ) А... тағаланың жолдауын Мекке тұрғындарына оқып беруді тапсырады. Осы аяттар бойынша, мүшріктерге А...-ның үйіне кіріп, қажылық рәсімдеріне қатысуға рұқсат берілмеді. Осылайша олар мен мұсылмандардың арасындағы келісімдер тоқтатылды. Ислам уәде мен келісімге берік болуға шақырады. Бірақ бұл ереже қарсы тараптың да келісімді сақтап, оны бұзбауына байланысты. Мүшріктер келісімді бұзғандықтан пайғамбар (с) оны тоқтатты. Өйткені төртінші аятта айтылғандай, бұл шешім келісімшартты бұзбаған мүшріктерге қатысты емес еді. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, адасқан кісілерден безуді мәлімдеу – Құранда айтылған діни қағида. Мүміннің ұстанымы айқын әрі түсінікті болуы тиіс.

Екіншіден, кәпірлермен келісім жасаудың оқасы жоқ. Бірақ мұндай келісім олардың үстемдігіне себеп болмауы тиіс. Сондықтан мұсылмандар әрқашан қауіп сезсе, оны тоқтатулары тиіс.

"Тәубә" сүресінің 2-ші аяты:

"(Әй, мүшріктер!) Жер жүзінде төрт ай кезіңдер. Расында А... осалдата алмайтындықтарыңды және А... кәпірлерді қорлайтынын біліңдер. (2)"

Безуді жариялап, бұрынғы келісімшарттарды бұзған соң, А... тағала Мекке мүшріктеріне не Исламды қабылдап, серік қосуды тастау немесе Меккеден кетіп, басқа жерде өмір сүру шартын қояды. Өйткені олардың тәухид орталығында болуы және ырымдармен араласқан рәсімдер орындауы мұсылмандарды жәбірледі. Осы аят былай деп жалғастырады: "Мүшріктер егер Меккеден кетсек А... тағаланың бақылауынан шығып, азаптан құтыламыз деп ойламасын. Қайта А... тағаланың дәстүрі бойынша кәпірлер дүние мен ақыретте қорлық көреді". Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, алдын-ала хабарламай дұшпанға шабуыл жасамайық.

Екіншіден, Ислам адасқан кісілердің қайта оралуына уақыт пен мекен жағынан мұрсат беруге шақырады. Жазалауға асықпай, қоғамның түзелуін ойлайық.

"Тәубә" сүресінің 3-ші аяты:

"Ал бұл ірі қажылық күні, А...-дан, Елшісінен халыққа бір жарнама. Расында А... және Елшісі мүшріктерден безеді. Егер тәубе қылсаңдар, сендер үшін жақсы болады. Ал егер жалтайсаңдар, А...-ны еш осалдата алмайтындықтарыңды біліңдер. (Әй, Мұхаммед!) Қарсы болғандарды күйзелтуші азаппен сүйіншіле. (3)"

Бұл аят сүренің басында айтылған мүшріктерден безуді жариялау мәселесін тағы да қуаттайды. "Барлық қажылар бір жерге жиналып, ұлы жиын құрған Арафат күні немесе Құрбан айты болып табылатын қажылық рәсімдері кезінде халыққа: "А... тағала мен Оның елшісі мүшріктер мен олардың істерінен безеді. Бірақ оларға жол ашық. Егерде тәубе етіп, өздерінің қылықтарын қоятын болса мұсылмандар оларды қуана қарсы алады. Бұл, олардың өзіне пайдалы. Өйткені олар қайда барса да А...-ның бақылауында болады. Оның құдіретінен құтылуға болмайды. Бұған қоса қияметте де ауыр азап бар",-деп хабарлансын",-делінген аятта. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, мүміндер де, кәпірлер де өздерінің міндеттерін білу үшін басқа елдермен байланысымызда барша халықтарға өз ұстанымдарымызды анық мәлімдеу керек.

Екіншіден, кәпірлер мен мүшріктерден безуді мәлімдеудің ең қолайлы уақыты мен орны – қажылық рәсімдері. Сондықтан мұсылмандар жыл сайын осы үлкен мұрсатты мүміндердің дұшпанға қарсы бірлігі мен ынтымағын орнату үшін пайдалану керек.