Әнфал сүресі, 276-шы бөлім, 73-75 аяттар
Әнфал сүресі, 276-шы бөлім, 73-75 аяттар
"Әнфал" сүресінің 73-ші аяты:
"Ал сонда кәпірлер де біріне-бірі дос. Егер бірлеспесеңдер, жер жүзінде фитна және зор бүліншілік болады. (73)"
Өткен бағдарламада дұшпандармен қандай қарым-қатынаста болу жөніндегі илаһи нұсқаулар баяндалған болатын. Бұл аят былай дейді: "Егер сол бұйрықтарды орындамасаңдар үлкен соғыс пен қантөгіс пайда болады, өйткені кәпірлер ұйымдасып, бірін-бірі қолдайды". Өткен аятта А... тағала мұсылмандардан, кәпірлермен одақтасудың орнына біріне-бірі қолдау көрсету келісімін жасап, оған берік болуларын және біреуді қолдағандары үшін дұшпанның мұсылмандарға қарсы кең аумақты шабуыл жасауына себепші болмауын талап етеді. Мұндай жағдайда үлкен фитна туындап, тіпті көптеген мұсылмандар қырылуы мүмкін. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, күпірлік майданы өздерінің қарама-қайшылықтарына қарамастан Ислам мен иманға қарсы бірігеді. Егер мұсылмандар өзара бірікпесе фитна мен азғындыққа душар болады.
Екіншіден, дұшпанға исламдық қоғамға қарсы соғыс ашып, қантөгіс орнатуына мүмкіндік бермеу керек. Өйткені олар қастық жасау үшін үнемі сылтау іздейді.
"Әнфал" сүресінің 74-ші аяты:
"Иман келтіргендер, отандарынан ауғандар, А... жолында соғысқандар, мұһажірлерді орналастырып, көмек еткендер, міне бұлар – нағыз мүміндер. Оларға жарылқау және көркем несібе бар. (74)"
Бұл аят тағы да нағыз иманның өлшемдерін баяндай келе былай дейді: "Мүмін кісі қажет болса А... жолында қоныс аударады, соғысқа қатысады немесе кем дегенде мұһажірлерге пана беріп, мұджахиттерге қолдау көрсетеді". Исламдық мәдениетте қоныс аудару мен джихад тек жаумен соғысуға ғана арналмаған. Ислам діні білім алу үшін қоныс аударып, сол білімді елге оралғанда басқаларға да үйретуге шақырады. Сондай-ақ мұқтаж жандарға көмек беру үшін қоныс аударудың өзі үлкен джихад болып саналады. Осының барлығы иманның белгілері. Әрине исламдық үмметтің барлығында қоныс аударуға немесе джихадқа қатысуға шамасы келмейді. Дегенмен бұл міндет ешкімнен алынбайды. Исламдық қоғамның күн сайын тұрақтанып, дамуы үшін мұһажірлер мен мұджаһидтерге барлығы қаржы-экономикалық қолдау көрсетуге міндетті. Осыдай жағдайда ғана исламдық үммет илаһи жарылқауға бөленіп, А...-ның мол берекесі жауады. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, қаншалықты үлкен және қиын болса да кез-келген жақсы іс өзіне және өз атағы үшін емес, А... жолында жасалғанда ғана бағалы болмақ. Кез-келген амалға мәңгілік сипат беретін нәрсе – илаһи ниет болып табылады.
Екіншіден, мүмін қателік пен күнәдан қорғалмағандықтан, А...-ның жарылқауына мұқтаж.
"Әнфал" сүресінің 75-ші аяты:
"Сондай-ақ кейін иман келтіргендер, отандарынан ауғандар және сендермен бірге соғысқандар, міне бұлар сендерден. Және туысқандар А...-ның кітабында бір-біріне тағы жақын. Расында А... барлық нәрсені толық біледі. (75)"
А...-ның жолында қоныс аудару мен соғысу және жәрдемдесу жөніндегі аяттардан кейін, бұл аят былай дейді: "Бұл құндылықтар Ислам келген кездегі және пайғамбар (с) заманындағы Мекке мүшріктерімен жауласқан мұсылмандар үшін ғана деп ойламаңдар. Ендеше Ислам дінін қабылдап, осы құндылықтарды сақтаған барлық кісілер діни қамқорлыққа ие болады. Дегенмен Исламда алғашқылардың орны ерекше болғандықтан, бастапқы мұджаһидтердің алатын орны бөлек. Өйткені олар пайғамбардың (с) ешқандай серігі мен қолдаушысы болмаған кезде оған қолдау көрсетті. Бірақ бұл мәртебе тек белгілі бір топқа тиесілі емес. Өйткені исламдық қоғам жабық қоғам емес. Кәпір болғанымен мұсылмандықты қабылдаған кісі де өзге мұсылмандар тәрізді құрметке ие". Аяттың жалғасы былай дейді: "Барлық мүміндер мен мұсылмандар, әсіресе мұһажірлер мен мұджаһидтер әлеуметтік бір дәрежеге ие болғанымен, мұсылманның туысының дәрежесі одан артық. Өйткені олар бір-бірінен мирас алады. Ал туыс еместер, мирас алмайды". Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, исламдық қоғамның құшағы барлығына ашық. Бұрынғы және ертеңгі мүміндер де бір заң бойынша өмір сүреді.
Екіншіден, Исламның әлеуметтік жүйесінде отбасылық және туысқандық байланыстарды сақтауға баса айтылған.