Жел 22, 2016 18:56 Asia/Almaty

Әнфал сүресі, 275-ші бөлім, 70-72 аяттар

"Әнфал" сүресінің 70-ші аяты:

"Әй, Елші! Қолыңдарыңдағы тұтқындарға: "Егер А... жүректеріңде бір қайыр барлығын білсе, сендерге өздеріңнен алынғаннан тағы жақсысын береді. Әрі сендерді жарылқайды. Ол А... өте жарылқаушы, ерекше мейірімді",-де. (70)"

Бәдір соғысында Меккенің бірқатар үлкендері, солардың қатарында пайғамбардың (с) немере-ағасы Аббас мұсылмандардың қолына тұтқынға түскен еді. Сонда кейбіреулер: "Оны азат ету үшін құнын сұрамайық",-десті. Бірақ пайғамбар (с) оған келіспей: "Ол да өзге тұтқындар тәрізді ботандығы үшін құнын төлеуі тиіс",-деді. Осы аят былай дейді: "Сендердің қолдарыңа тұтқынға түсіп, құндарын төлеген соң азат болғандарға: "Егер иман келтіріп, мұсылман болсаңдар, сендерге А...-ның рақымдылығы ашылып, сендер құн төлегеннен бұрын А...-ның рақымшылығы мен жарылқауына ие боласыңдар",-деп айтыңдар". Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, исламдық джихад барысында тұтқындармен, олар тура жолға түсетіндей қарым-қатынаста болыңдар.

Екіншіден, қателік жасағандардың әрқашанда түзелуіне мұрсат беріңдер. А...-ның елшісіне қарсы соғысқа қатысу да тәубе мен А...-ның жарылқауына кедергі бола алмайды.

"Әнфал" сүресінің 71-ші аяты:

"Егер тұтқындар саған опасыздық істегісі келсе, расында олар бұрын А...-ға да опасыздық істеген еді. Сондықтан сені олардан ықпалды қылды. А... толық білуші, хикмет иесі. (71)"

Тұтқындарды босату туралы аяттардан соң, бұл аят былай дейді: "Дұшпандар қастандық жасар деген күдікпен, тұтқындарға жамандық істемеңдер. Қайта керісінше оларды Ислам дініне шақыруға болатындай әрекет жасаңдар. Егер сендер тұтқынға түскен жауға жақсы қарасаңдар, олар сендерге қарсы күресуден тыйылып қана қоймай, мұсылман болып, сендерге серік болуы да мүмкін. Қиянат жасау ықтималы міндетті орындауға кедергі болмауы тиіс". Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, егер біз өз міндетімізді атқарсақ, А... тағала дұшпанға жауап қайтарып, мүміндердің мүдделерін олардың астыртын жоспарларынан қорғайды.

Екіншіден, дұшпан тарапынан үнемі қиянат жасалу қаупі болғанымен, мүмін қиянаттан гөрі тура жолға салуды ойлауы тиіс. Сондықтан ол үшін барлық мүмкіндікті пайдалануы тиіс.

"Әнфал" сүресінің 72-ші аяты:

"Шынында иман келтіргендер отандарынан ауғандар және малдарымен, жандарымен А... жолында соғысқандар, сондай-ақ босқындарды орналастырып, көмек еткендер. Міне бұлар бір-бірінің досы. Ал және иман келтіріп, көше алмағандар болса, олар да көшкенге дейін сендерге олардың ешбір ағайындығы жоқ. Онымен қатар егер олар, сендерден дін жайында бір жәрдем тілесе, сонда сендерге көмек ету міндет болады. Бірақ олар сендермен араларыңда келісім болған елде болса, оның жөні басқа. А... істегендеріңді толық көруші. (72)"

Меккеде мүшріктердің қастандықтары шарықтаған соң, пайғамбар (с) Мәдинаға қоныс аударады. Онымен бірге көптеген мұсылмандар да Меккедегі үй-күйлерін тастап, Мәдинаға көшеді. Ислам тарихында олар "мұһажірлер" деп аталады. Ал Мәдинада пайғамбарға (с) иман келтіріп, қолдарынан келгенше мұһажірлерге жәрдемдесіп, пана беріп оларға қолдау көрсеткендер "ансарлар" деп аталады. Пайғамбар (с) осы екі топтың байланысын нығайту үшін олардың арасында бауырластық келісімін орнатады. Бұл аят, ансарлар мен мұһажірлердің осы келісім бойынша бір-біріне жәрдемдесу керектігіне тоқталып былай дейді: "Діні мен сенімдерін сақтау үшін қоныс аударуға көнбегендер, қоныс аудармайынша бауырластық келісіміне кірмейді". Аяттың жалғасы былай дейді: "Әрине олардың кейбіреулері қысымдардың салдарынан көшуге шамасы жоқ. Егер осы топ сендерден жәрдем сұраса, оларға көмектесу сендерге міндет. Бірақ сендермен жауласпау келісімін жасаған қауымның арасында тұрса, оның жөні басқа. Келісімді сақтаңдар". Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, дінді қорғау мен діни нұсқауларды орындау үшін күпірлік пен серік қосу ортасынан көшу міндетті іс.

Екіншіден, мемлекеттердің арасындағы ұйғарылған шекаралар мұсылманның діни міндеттеріне шектеу қоя алмайды. Егер әлемнің бір жерінде қандай да бір мұсылман зорлық-зомбылыққа ұшыраса, басқа мұсылмандар оған қолдау көрсетуге міндетті.

Үшіншіден, тіпті кәпірлермен де келісімді сақтау қажет. Олар мұсылмандармен жасаған келісімдеріне берік болғанға дейін, бұл келісіміді бұзуға болмайды.