Әнфал сүресі, 274-ші бөлім, 65-69 аяттары
Әнфал сүресі, 274-ші бөлім, 65-69 аяттары
"Әнфал" сүресінің 65-ші аяты:
"Әй Пайғамбар! Мүміндерді соғысқа қызықтыр. Егер сендерден сабырлы жиырма кісі болса, екі жүзді жеңеді. Ал егер сендерден жүз кісі болса, кәпірлерден мыңды жеңеді. Өйткені, олар түсінбейтін халық. (65)"
Өткен бағдарламада баяндағанымыздай, А... тағала пайғамбар (с) мен мүміндерді кәпірлер тарапынан ұсынылған бейбітшілікті қабылдауға шақырып: "Егер дұшпан бейбітшілікті ұсынса қабылдаңдар, оның салдарларынан қорықпаңдар. А... тағала сендерді қолдайды",-дейді. Бұл аят Ислам пайғамбарына (с) былай дейді: "Бірақ егер дұшпан бейбітшілік орнатуды көздемей, үнемі астыртын әрекеттер және жоспарларымен исламдық жүйені құлатуды мақсат тұтса, мүміндерді кәпірлерге қарсы джиһадқа шақырып, оларға: "Сандарыңның аздығынан қорықпаңдар, өйткені А... тағала егер сабырлы әрі төзімді болсаңдар, сендердің біреуің дұшпанның онын жеңеді, деп уәде берді. Бұл иманның әсері. Ал дұшпанда ол жоқ. Тіпті оны түсінбейді,-деп айтыңдар". Тарихта жазылғандай, Исламның бастапқы кезінде мұсылмандар әрқашан төзімділік танытқанда, сан жағынан жаудан азырақ болса да жеңіп отырған. Бәдір соғысында 313 адам мың кісіге қарсы, Ухуд соғысында 700 мұсылман 3000 кәпірге қарсы, Хандақ (ор қазу) соғысында 3 мың адам 10 мың кісіге қарсы, ал Мута соғысында 10 мың мұсылман жаудың 100 мыңдық әскерімен соғысты. Бұл аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, соғыс шебінде адам саны мен құрал-жабдықтардың көлемі ғана емес, иман мен табандылық шешуші рөл атқарады.
Екіншіден, исламдық қоғамның жетекшісі халықты джиһадқа және дұшпанмен күресуге дайын ұстауы тиіс.
"Әнфал" сүресінің 66-шы аяты:
"Әзір А..., сендерден (жүкті) жеңілдетті. Расында сендерде осалдық барлығын білетін еді. Сондықтан егер сендерден сабырлы жүз кісі болса, екі жүзді жеңеді. Ал егер сендерден мың болса, А...-ның рұхсатымен екі мыңды жеңеді. Өйткені А..., сабырлылармен бірге. (66)"
Бұрынғы аят бойынша, Исламның бастапқы кезінде джиһад үкімі, жау әскерінің оннан бір бөлігін құраса да жүзеге асырылатын. Әр адам он кісіге қарсы тұруы тиіс еді. Алайда мұсылмандардың жауынгерлік рухы мен иманы әлсіреген кезде А... тағала оларға жеңілдік беріп, әр адамға тек екі кісіге ғана қарсы тұруды бұйырды. Бұл, иман мен табандылықтың жауды жеңудегі рөлін көрсетеді. Осылайша Ислам үмметі әлсіреген кезде, оның табандылық күші бестен бір бөлімге дейін азаяды. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, қоғамды басқару барысында кейде халықтың қабілеті мен дайындығы өзгеруіне байланысты заңдар да өзгертілуі тиіс. Басшылар халықпен қарым-қатынаста иілгіш болуы керек.
Екіншіден, жеңілістің негізгі факторы сырттан емес, іштен. Иман мен төзімділік неғұрлым әлсіресе, соғұрлым жаудың жеңуіне жағдай жасалады.
"Әнфал" сүресінің 67-ші аяты:
"(Пайғамбар (с) Бәдір соғысындағы жетпіс тұтқын жайында сахабалармен кеңескенде, Омар (рғ) олардың өлтірілуін, Әбубакр (рғ) бодау алынып қоя берілуін ұсынады. Пайғамбар (с) соңғысын дұрыс көрді.) Ешбір пайғамбарға жер жүзінде жауға өктем болғанға дейін тұтқын ұстау тиісті емес. Сендер дүниенің пайдасын ойлайсыңдар. А... (сендерге) ақыретті қалайды. А..., өте үстем, хикмет иесі. (67)"
Жаумен күресу тәсілдері жөніндегі аяттардың жалғасында бұл аят былай дейді: "Соғыс кезінде тек А... тағаланы және Оның дінінің күпірлік пен серік қосуды жеңетінін ғана ойлаңдар. Олжа жинау мен тұтқын алуды ойламаңдар. Мұның бәрі дүниенің құнсыз нәрсесі. Ол сендерге А... тағаланың ақыретте уәделегенімен салыстыруға жатпайды. Сондықтан Ислам әскерінің жауды жеңуінің белгілері байқалмайынша, тұтқын алмай күресіңдер",-дейді. Бұл аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, мүміндердің дүниеқұмарлығы қаупінен соғыстың қиын жағдайында да қапы қалмай, оның амалын табу керек.
Екіншіден, исламдық джиһадтың мақсаты – дүниелік мүдделер үшін тұтқын алу емес, діни міндетті орындау мен ақыреттің мүддесіне жету болып табылады.
"Әнфал" сүресінің 68-69 аяттары:
"Егер А...-дан бір жазу (үкім) болмаған болса еді, (бодауға) алғандарыңның салдарынан зор азап ұстар еді. (68) Онда олжа түрінде алған халал, таза нәрселерді жеңдер әрі А...-дан қорқыңдар. Расында А..., өте жарылқаушы, ерекше мейірімді. (69)"
Бұл аяттар тағы да мұсылмандарға Исламның күпірлікпен күресінің негізгі мақсаттарына көңіл аудару керектігіне меңзеп, былай дейді: "А... тағала үкімін түсірместен бұрын ешкімді азаптамайды. Сондықтан соғыста тұтқын алғандарың үшін сендерге ауыр азап түсірер еді. Бұған қоса А... тағала Бәдір соғысында сендердің жеңулеріңді қалады. Егер А... жазғаны болмағанда, тұтқын алғандарың үшін ауыр соққы көрер едіңдер. Бәрінен де маңыздысы араларыңда пайғамбар (с) бар еді. Сондықтан А... тағала оның құрметіне сендерді азаптан сақтады". Аяттың жалғасы былай дейді: "Соғыстан алған олжа, Ислам үкіметінің несібесі болып табылатын бестен бір бөлігін төлегеннен кейін ол сендерге адал. Әрқашанда А...-дан қорқыңдар. Сонда А... қателеріңді кешіреді",-дейді. Бұл аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, соғыс кезінде тұтқын алу дүниеде жеңіліске және ақыретте азапқа апарады. Соғысқа дүние үшін бармаңдар. Өйткені жұмақтың орнына, тозаққа барасыңдар.
Екіншіден, А... тағаланың пенделерге рақымдығы көріністерінің бірі – олардың қателіктерін кешіру болып табылады. Ендеше қателік жасамайық, ал егер қателік жасаған болсақ, тәубе етіп, А...-ның рақымына бөленейік.