Жел 22, 2016 19:03 Asia/Almaty

Әнфал сүресі, 269-шы бөлім, 42-45 аяттар

"Әнфал" сүресінің 42-ші аяты:

"Сол уақытта сендер, (Бәдір майданында) ойпаттың жақынында, олар, алысырақ жағында еді. Керуен сендерден төмен еді. Егер уәделескен болсаңдар да белгіленген мерзімде кездесе алмайтын едіңдер. (Бұл жағдай бұйрықша болды.) Бірақ А...-ның болатын әмірі жүзеге асты. Кім жоқ болатын болса, ашық дәлел бойынша жоғалсын. Ал кім тірі қалатын болса да ашық дәлел бойынша тірі қалсын. Расында А..., естуші, толық білуші. (42)"

"Әнфал" сүресінің басынан бері түрлі аяттар Бәдір соғысының көрінісін баяндаған. Бұл аят Ислам әскері мен жау жасағының географиялық жағдайы және әскердің қалайша орналасуына тоқталып, былай дейді: "Сендер жаудың екі тобының арасында қалған едіңдер. Біріншісі - Меккеден сендерге қарай жылжыған дұшпанның толық қаруланған тобы, ал екіншісі Меккеге қарай бет алған мүшріктердің сауда керуені еді. Сендер сауда керуеніне қарай бет алуды және ондағы олжаны алып, соғысты аяқтауды қаладыңдар. Алайда А... тағала сауда керуенінің орнына жаудың әскери қолымен қарсыласып, А...-ның ғайыптан жіберген көмегімен оларды жеңіліске ұшыратуларыңды қалады. Бұл һәм сендердің имандарыңды нығайтып, тұрақтандырады, һәм дұшпанға сендердің дұрыстығыңды дәлелдейді. Осылайша, олардан кім тура жолды қаласа, Исламға келеді, ал кім қабылдамаса, саналы түрде таңдағаны болады. Бұл аяттан ұғатынымыз мұсылмандар жау әскерімен беттесуге дайын емес еді. Құранның пайымдауынша, егер осы жерде жаумен шайқасуға алдын-ала хабарланса, сөзсіз олар келіспес еді. Бұл аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, мұсылмандардың Бәдір соғысындағы жеңісі Исламның хақтығы мен серік қосудың жалғандығына дәлел болды.

Екіншіден, фанатизм немесе еліктеуге емес, дәлел мен дәйекке негізделген иман қадірлі.

"Әнфал" сүресінің 43-ші аяты:

"Сол уақытта А..., оларды саған түсінде аз көрсеткен еді. Егер оларды саған көп көрсетсе еді, әлбетте қорқар едіңдер де, әрине іс жайында тартысар едіңдер. Бірақ А... құтқарды. Расында Ол, көңілдегілерді толық білуші. (43)"

Ғайыптан жіберілген илаһи жәрдемнің бірі – олардың тынығып, демалуы және жаны мен тәні шайқасуға дайын болуы үшін соғыс алдында Ислам әскерін басқан ұйқы болды. Бұл аят былай дейді: "Илаһи жәрдемнің тағы бірі, А... тағала пайғамбарға түсінде жауды аз етіп көрсетуі еді. Пайғамбар өз түсін мұсылмандарға баяндаған кезде олардың батылы күшейіп, жаудың қалың әскерінен сескенбеді". Бұл аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, ізгі тұлғалардың А... тағаламен байланысы жолдарының бірі – аян беретін түс болып табылады.

Екіншіден, дұшпанмен соғыс кезінде, олардың саны мен жабдықтарын баяндау мүміндердің рухын түсіретін болғандықтан, оны айтуға тыйым салынады.

"Әнфал" сүресінің 44-ші аяты:

"Сол уақытта сендер жаумен кездескен кезде, А..., болатын істі жүзеге асыру үшін оларды көздеріңе аз көрсетіп, олардың көздерінде де азайтуда еді. Бүкіл істер А...-ға қайтарылады. (44)"

Мұсылмандардың батылы артып, күреске дайын болулары үшін пайғамбардың (с) түсінде ғана емес, соғыс кезінде де жау әскерінің саны олардың көзіне аз болып көрінді. Алайда кәпірлердің паңданып, қосымша күшке қажетсінбеуі үшін олардың көздеріне мұсылмандар саны аз көрінді. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, илаһи жәрдемдердің бірі, жаудың алданып, жеңіліске ұшырауы үшін көздеріне ықпал ету болып табылады.

Екіншіден, жеңіс тек санның көптігіне ғана емес, А...-ға иманға байланысты. Ол азды көп және көпті аз етіп көрсетеді.

"Әнфал" сүресінің 45-ші аяты:

"Әй мүміндер! Қашан бір (жау) топпен қарсылассаңдар мықты болыңдар да, А...-ны көп еске алыңдар, әрине құтыласыңдар. (45)"

Аяттардың осы бөлімінің соңында А... тағала мүміндерге былай дейді: "Қазір, сендерге жәрдем беріп отырған шақта алдарыңдағы кедергілерді ысырамыз. Сендер де босаңсымаңдар да, әлсіремеңдер. Берік болыңдар. Үрей мен қорқынышқа бой алдырмаңдар. Әрқашан А...-ны еске алыңдар. А...-ны еске алу жүректеріңе күш береді. Түрлі жағдайлардағы А...-ның көмегін еске алыңдар. Құтылудың жолы А...-ның дініне берік болуда". Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, Иманның шарты - барлық жағдайлар мен майдандарда берік болу.

Екіншіден, табандылық - майдандағы жеңістің сыры.

Үшіншіден, А...-ны еске алу адамның жауды жеңгені үшін тәкәппарлыққа бой алдырудан сақтайды.