Әнфал сүресі, 267-ші бөлім, 34-37 аяттар
Әнфал сүресі, 267-ші бөлім, 34-37 аяттар
"Әнфал" сүресінің 34-ші аяты:
"Олар мүміндерді Месжід Харамнан тыйып жатса, А... оларды неге азаптамасын. Олар Месжід Харамға иелікке лайық емес. Оның иелері тақуалар ғана. Бірақ олардың көбі білмейді. (34)"
Өткен бағдарламада айтқанымыздай, пайғамбарлар халық арасында болғанға дейін А... тағала, оның халқына азап түсірмейді және пайғамбарлардың болуының бір берекесі - қауымдарын азаптан сақтау болып табылады. Бұл аят былай дейді: "Әрине олар азапқа лайық. Өйткені бұл жерді басқаруға лайықсыз". Әл-Харам мешіті – А...-ның үйі және мүшріктердің осы орынды басқаруға хақы жоқ. Олар бұл жерді күшпен қолға алғандықтан А... тағала оларды қияметте жазалайды және бұл дүниеде де соғыс пен тұтқындық тәрізді кейбір апаттар арқылы оларды азаптайды." Бұл аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, қандай жолмен немесе тәсілмен болмасын мүміндердің А...-ның үйіне кіруіне кедергі жасап, оны өз бақылауына алушылар А...-ның азабын күтсін. (Бұл аят, Әл-Ақса мешітін басып алып, кез-келген тәсілмен мұсылмандардың осы мешітке кіруіне бөгет жасап отырған жаулаушы сионистік режимді де қамтиды.)
Екіншіден, мешітті қамқорлыққа лайықсыз кісілер емес, қайта тақуа әрі пәк жандар басқаруы керек.
"Әнфал" сүресінің 35-ші аяты:
"Өйткені, олардың Кағбаның жанындағы намаздары ысқыру, қол шапалақтау ғана еді. Ал енді қарсы болғандықтарың себепті азапты татыңдар. (35)"
Бұл аят пайғамбар (с) заманында Әл-Харам мешітін басқарушылардың лайықсыздығы себептерін баяндап, былай дейді: "Олар өздерін дұға оқып, мінәжат етушілерміз деп ойлайды. Бірақ олар бұл істерін А... белгілегендей емес, өздерінің ойынша жасады. Сондықтан олар А...-ның үйінің жанында билеп, шапалақтап, ысқыратын". Бүгінде де кейбір мұсылмандар жиналып, А...-ға мінәжат етеміз деген оймен "сама" биін билейді. Ал оның ешқандай діни негізі жоқ. Бұл аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, тарих бойында діни рәсімдер өзгеріске ұшыраған немесе ырымдармен араласқан.
Екіншіден, діни қасиеттерге құрметсіздіктің жазасы ауыр.
"Әнфал" сүресінің 36-шы аяты:
"Расында сондай қарсы болғандар, малдарын, А...-ның жолынан тыю үшін жұмсайды. Тағы оны жұмсай береді. Сонан кейін ол, оларға өкініш болып, ақыр жеңіліске ұшырайды. Сондай-ақ қарсы болғандар, тозаққа айдалады. (36)"
Бұл аят Меккедегі кәпірлердің Ислам пайғамбарының (с) бағдарламаларын сәтсіздікке ұшыратуға жұмсаған зор шығындарына тоқталып: "Пайғамбарды қисынмен жеңе алмаған кәпірлер, халықты оның уағыздарын қабылдаудан бас тартқызу үшін қомақты қаржы жұмсады. Немесе зор шығын әкелетін соғыс ашып, ол хазірет пен Ислам дінінің көзін жоймақ болды. Бірақ олар тез арада өкінеді. Өйткені байлықтарынан айрылып, ешнәрсе таппаған соң, іс жүзінде жеңілгенін көрді. Бұл қайғы-қасіреттер мен сәтсіздіктер олардың істерінің дүниедегі нәтижесі, ал қияметте көретін ауыр жазасы одан бөлек",-дейді. Бұл аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, дұшпандарың қол қусырып отыр деп ойламаңдар. Сырттай қарағанда олар сендерге қарсы әрекет жасамай отырғанымен, іштей Ислам мен мұсылмандардың көзін құртуға қомақты қаражат жұмсайды.
Екіншіден, мүміндер келешекке үмітпен қарасын. Өйткені күпірлік қаншама байлық пен билікке ие болса да жеңіліске ұшырайды.
"Әнфал" сүресінің 37-ші аяты:
"Бұл А...-ның таза мен ласты ажыратып, ластарды, бір-бірінің үстіне қойып, барлығын бір жерге үйіп, тозаққа салуы үшін. Міне солар, зиянға ұшыраушылар. (37)"
Жаулардың жоспарларын баяндаған аяттардан кейін бұл аят былай дейді: "Адамдардың еркі мен жігерінен туындайтын ақиқат пен жалғанның теке-тіресі, пәк жандар мен күнәһарларды бір-бірінен ажыратудағы илаһи сынақ болып табылады. Бірақ күнәһарлар, бұл дүниеде ғана қорлық көрмейтінін, сонымен бірге ақыретте де қоқыс тәрізді бір жерге ығыстырылып, үйіліп, тозаққа салынатындарын білсін. Бұл, адамның дүние мен ақыретте де көретін ең үлкен зияны". Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, адамның болмысы анықталу үшін ақиқат пен жалғанның қолдаушыларын бір-бірінен ажырату илаһи дәстүрдің бірі.
Екіншіден, тозақ пен тозақтағылардың ерекшелігінің бірі – таршылық пен қысым болып табылады.