Жел 22, 2016 19:14 Asia/Almaty

Әғраф сүресі, 259-шы бөлім, 203-206 аяттар

"Әғраф" сүресінің 203-ші аяты:

"(Ей, Мұхаммед!) Оларға мұғжиза келтірмеген кезіңде олар: "Оны неге жаратпайсың?",-дейді. (Оларға): "Мен тек қана Раббымның маған жіберген уахиі бойынша істеймін (өздігімнен мұғжиза жарата алмаймын). Иман келтірген қауымға Раббыларың жағынан жіберілген дәлелдер – міне мына Құран. Бұл, олар үшін тура жол, әрі рақымет",-деп айт. (203)"

Құран Кәрім А...-ның елшісінің (с) пайғамбарлығы кезіндегі жиырма үш жылда біртіндеп түсірілді. Сондықтан кейде бірнеше ай бойы аят түсірілмейтін. Пайғамбарға (с) берілген мұғжизалар мен аяттарға мән бермейтін қарсыластар мен сылтау іздеушілер, аят түспеген мерзімді сылтауратып: "Құранның аяттары неге түспей қойды. А... пайғамбарына ренжіді ме?",-дейтін. А... тағала осы аятта пайғамбарына (с) былай дейді: "Мына мін тағушыларға "Сендер қалаған уақытта Құран аятын түсіріп немесе мұғжиза көрсете қоятындай мен өзімнен аят түсірмеймін. Мен, имандыларды тура жолға салып, рақымдылыққа бөлейтін илаһи аянға бағынамын",-де". Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, дінді уағыздау барысында халықты түрлі тәсілдермен үгіттеу керек. Кейде үндемей, қажетті жағдайда сөйлеп қалу керек.

Екіншіден, қарсыластардың негізсіз талаптары мен сылтауларына көне бермеу керек. Өз жолымызбен жүріп, оған сенуіміз керек.

"Әғраф" сүресінің 204-ші аяты:

"А...-ның рақыметіне бөлену үшін, Құран оқылғанда құлақ қойып, үнсіз тыңдаңдар. (204)"

Өткен аятта Құран мүміндердің тура жолға түсуі үшін – қырағылықты қосқаны баяндалған соң, осы аят былай дейді: "Ей, мүміндер! Пайғамбар мен басқалар Құран оқыған кезде әдептілікті сақтаңдар. Тыныш отырып, илаһи аяттарды мұқият тыңдаңдар. Жаратушының сөздеріне әдеп пен құрмет көрсеткенге А... тағала ерекше рақымшылығын бөледі". Жамағат намазында да имам Құранның "фатиха" мен басқа да сүрелерін оқығанда, намаз оқушылар тынышталып, оған құлақ салулары тиіс. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, Құран – А... тағаланың сөзі. Оны үндемей, мұқият тыңдау керек.

Екіншіден, Құранның қадірі мен құрметін сақтағанға А...-ның сауабы беріледі. Ал Құранға құрметсіздік жасаған, А...-ның ашуын тудырады.

"Әғраф" сүресінің 205-ші аяты:

"Раббыңды жалбарынған, именген күйде іштей ойға ал, ертелі-кеш бәсең дауспен зікір айт! Ықылассыздардан болма! (205)"

Өткен аятта Құран оқылған кезде әдептілік пен құрметті сақтау керектігі айтылды. Бұл аят зікір айту мен дұға оқуға тоқталып, былай дейді: "А...-ның зікірін жүрекпен орындау керек, әсіресе күнделікті тұрмыстың басы мен аяғы болып табылатын таң сәрі мен кеш мезгілінде айту керек. Жұртты мазалайтын қатты дауыспен емес, жаратушының алдындағы пенделікті білдіретіндей ақырын айту керек". Бұл аят Ислам пайғамбарына (с) арналғанымен, ол хазіретке еретін барша мұсылмандарды қамтитыны анық. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, адам А... тағаланың есімін ауызбен айтып, көңілінде оны ойламайтындай емес, қайта іштей ойлаған жағдайда Оны дауыстап еске алуға болады.

Екіншіден, зікір жұртқа көрсету үшін дауыстап айтылмай, қайта жалбарынған күйде ақырын айтылуы тиіс.

Үшіншіден, барлық істер А... үшін болуы үшін әр күнді А...-ның атымен бастап, А...-ның атымен аяқтау керек. Жақсы іс үшін А...-ға шүкір етіп, қателіктер үшін тәубе етіп, кешірім сұрау керек.

"Әғраф" сүресінің ең соңғы 206-шы аяты:

"Анығында А...-ның қасындағылар (періштелер) оған төменшілікпен құлшылық етуден бас тартпайды. Олар А...-ға тәсбих айтады, тағзым етеді. (206)"

А...-ны үнемі еске алып отыру керектігін өсиет еткен аяттардан соң, бұл аят былай дейді: "А...-ға жақын илаһи періштелер де, әулиелер мен пәк тұлғалар да өздерінің А...-ның пендесі екендерін айтуда ешқашан мақтанбайды. Оның зікірін жүрекпен және ауызша айтады. Олар Ұлы А...-ға үнемі сәжде жасайды. Осылай істемейтіндер астамшылдыққа душар болады. Олар дандайсып, өздерін жаратушы деп санап, А...-ға мұқтаждығын білдірмейді". Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, Ұлы А...-ның алдында тәкәппарлық етіп, астамшылдық білдірудің мәні жоқ. Бұл жерде кішіпейілдік ұлылыққа себеп болады.

Екіншіден, ғибадатымызға мақтанбайық. Өйткен А...-ға жақын тұлғалар мәңгі сәжде етіп және пенделікті сақтай отырып, ешқашан тәкәппарлық етпейді.