Жел 22, 2016 19:19 Asia/Almaty

Әғраф сүресі, 255-ші бөлім, 184-187 аяттар

"Әғраф" сүресінің 184-ші аяты:

"Олар өздерінің жолдасы (Мұхаммедтің) жынды еместігін түсінбей ме? Расында ол  - ашық ескертуші. (184)"

Өткен бағдарламада пайғамбарлардың шақыруына қатысты халық екі топқа бөлінгенін айтқанбыз. Біріншісі А...-ның елшілерінің сөзін шындықпен және адалдықпен қабылдап, иман келтіргендер. Екіншісі қасарсып, қырсығып ақиқатты қабылдамай, оған күпірлік еткендер. Бұл аят былай дейді: "Өздерінің күпірлігі мен мойындамауын ақтау үшін "Ислам пайғамбарын жын соққан. Жынды болғандықтан ол жаратылыстың басталуы мен аяқталуы туралы осындай сөздер айтады" дейтіндер, қырық жыл бойы пайғамбардан жынды немесе әдеттегідей емес әрекетті байқады ма? Ол қырық жыл бойы олармен бірге тұрып, әңгімелеспеді ме? Сол мерзімде одан ізгілік пен жақсылық және шындықтан басқа не көрді? Мінеки қазір де адамдардың жаман істерінің ауыр салдары жайлы ескертуден басқа не айтып тұр? Ендеше неге оны жынды деп атайсыңдар?". Бұл жердегі таңқалдыратын мәселе, тарих бойында пайғамбарларға "жынды" деген жала жабу кәпірлердің арасында кең таралған әдіс болатын. Ол Ислам пайғамбарына (с) ғана қатысты емес. Кәпірлердің ойынша істердің нәтижесін ойлап, нәпсінің құмарлықтарын қадағалау "жындылық" тәрізді. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, кәпірлердің тәсілі қисын мен дәлел емес, жала жабу мен арсыздық болып табылады. Олар діннің шындығын жоққа шығара алмаған соң, қисынсыз әрекеттерге барады.

Екіншіден, істің салдары туралы ескертулер жасырын түрде емес, ашық түрде айтылуы тиіс.

"Әғраф" сүресінің 185-ші аяты:

"Олар жер мен көктің патшалығы және А...-ның жаратқан мақұлықтары турасында, өз ажалдарының таяу болуының мүмкіндігі турасында ойлап көрмей ме? Олар енді бұдан өзге нендей сөзге сенеді? (185)"

А... тағала қарсыластарды пайғамбарлардың сөздері мен амалдарына терең ой салуға және жала жабудан аулақ ұстануға шақырған соң, бұл аят оларды көктер мен жерге және жаратылыстағы басқа құбылыстарға көңіл аудару керектігін ескерте келе былай дейді: "Осынау зор жаратылыстың билігі мен иелігі кімнің қолында? Мұның барлығының А...-дан басқа жаратушысы мен иесі бар ма? Дүниенің материалдық өміріне мәз болып, нәпсінің қалауы соңында жүрген сендер өлімге жақындап, бұл дүниеден кетулерің мүмкін екендігін ойламайсыңдар ма? Ендеше ақиқатты жоққа шығарып, оны неге қабылдамайсыңдар? Неліктен басқалардың жалған сөздеріне сеніп, пайғамбарлардың шындық сөзін қабылдамайсыңдар?". Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, жаратылыс әлеміне сырттай әрі өтпелі емес,  терең ой салып қарау керек. Табиғат – А...-ның белгісі. Сондықтан оның ұлылығын түсіну үшін оны дұрыс тану керек.

Екіншіден, өлімді ойламау ой-пікір мен амалдағы көптеген адасудың себебі. Өлімді ойлау адамның рухын ақиқатты қабылдауға дайындап, қырсықтық пен жеккөрушіліктен алшақтатады.

"Әғраф" сүресінің 186-шы аяты:

"А... қаңғыртқан адамды ешкім де оңдай алмайды. (А...) Оларды азғындықтарында мәңгіртіп қоя береді. (186)"

Бұл аят кәпірлердің істерінің нәтижесіне меңзеп былай дейді: "Негізсіз қырсығуы мен жеккөрушілігі және санасыз еруі салдарынан А... тағала оларды өз бетінше қоя беріп, илаһи жолдаудан мақрұм етеді". А...-ның тура жолынан алшақтау адамды адастырып, оның өмірде сандалуына апаратыны шүбәсіз. Адасқан адам күнде бір жолға түседі де, мақсатына жете алмаған соң, басқа жолды таңдайды. Осы түрлі жолдар оның істері мен мақсаттарының шашырауына әкеліп соғады. Бұл аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, тура жолға салушы пайғамбарлар мен илаһи кітаптарға құрметсіздік жасаған адам дүниеде А...-ның қаһарына ұшырайды. Мұндай қаһардың ең маңыздысы – өз бетімен кетіп, А...-ның қолдауы жүйесінен шығу болып табылады.

Екіншіден, дүниеде адам жарғабақтың шетімен жүргендей болғандықтан, оның құлап кетпеуі үшін А... тағала мәңгі қолынан ұстап тұруы тиіс. А...-ның адастыруы дегеніміз – А... тағала ақиқатты жасынға шығарғандарды жартастың шетінде өз бетімен қоя беруі болып саналады.

"Әғраф" сүресінің 187-ші аяты:

"(Ей, Мұхаммед!) Олар сенен қияметтің қашан болатындығын сұрайды. (Сен оларға): "Оның қашан болатынын Раббымның өзі ғана біледі, Ол оны қарарлы кезінде болғызады. Қиямет – жер мен көкке (ондағы махлұқатқа) ауыр оқиға. Ол сендерге кенеттен келеді",-де. Олар сенен сұрайды, сен мені анық білетіндей-ақ. "Оны тек А... біледі, бірақ адамдардың көбі білмейді",-де. (187)"

Кәпірлердің пайғамбарды оған жауап бере алмай, осалдық танытуы үшін қойған сұрақтарының бірі – қияметтің болатын мезгілі еді. Бұл жерде пайғамбардың айтқан маңызды мәселесі қияметтің уақыты емес, оның болатындығы. Сол сияқты әлемнің жаратылуы жөніндегі негізгі сұрақ, оның пайда болған уақыты емес, кім жаратқандығы болып табылады. Осы сұраққа жауап беру керек. Алайда әлемнің бірнеше миллион жыл бұрын пайда болғандығы, ешнәрсені айқындамайды. Бұған қоса бұл сұрақты дәлелдеу де, оның жауабын жоққа шығару да мүмкін емес. Егер пайғамбар қияметтің он мың жылдан соң болатындығын айтса, оған керісіншені кім дәлелдей алады? Осы аятта Құран екі күрделі мәселені қуаттайды. Біріншіден, қиямет кенеттен орын алады. Оның мерзімін болжауға адамның қабілеті жетпегендіктен, әрине оның салдарын да жорамалдай алмайды. Екіншіден, жаратылыс әлемінің басталуы мен аяқталуын тек А... тағала біледі. Одан басқалар, тіпті пайғамбарлар да одан бейхабар. Бұл аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, қияметтің басталуы мен илаһи соттың алдына тұруға әрқашан дайын болу керек. Өйткені оның болатын уақыты белгісіз.

Екіншіден, білмейтін нәрсеге тап болғанда "білмеймін" деген сөзді айтудан қорықпайық.