Әғраф сүресі, 250-ші бөлім, 163-166 аяттар
Әғраф сүресі, 250-ші бөлім, 163-166 аяттар
"Әғраф" сүресінің 163-ші аяты:
"(Мұхаммед (с)) Олардан теңіз жағасында болған кенттің жағдайын сұра. Сол уақытта олар сенбіде (балық аулап) шектен шығатын еді. Сонда олардың сенбіні құттықтаған күндерінде, балықтар, оларға қаптап келіп, сенбісіз күндерде оларға келмейтін еді. Олардың зұлымдықтары себепті өздерін осылайша әуреге салдық. (163)"
Яһуд қауымы үкімдерінің бірі сенбі күнін "демалыс" қылу болатын. Бұл күні олар А...-ның бұйрығымен жұмыстарын тоқтатып, ғибадат және жеке істермен айналысуы керек болатын. Яһудилер бұл заңды қазіргі уақытта да құрметтейді. Алайда Исраил қауымының теңіздің жағасында өмір сүрген бір тобы балық ауламайтын сенбі күндері, теңіз жағасына балықтың қаптап кететінін, бірақ басқа күндері олай болмайтынын көреді. Өйткені басқа күндері олар балық аулау үшін теңіздің ортасына барып, балықты теңіздің терең тұсынан аумен аулайтын. Сондықтан бұл қауым бір жағынан А...-ның үкімін орындап, келесі жағынан балықтан айрылып қалмау үшін бір айла ойлап тауып, теңіздің жағасында кішігірім тоған қазады. Олар сенбі күндері балықты сол тоғанға қуып, теңізге қайтар жолын бөгеп тастайтын. Ал келесі күні тоғандағы балықты аулайтын. Құран илаһи үкімдерге осылай қарауды заңбұзушылық деп санап, былай дейді: "Балықтардың келуі мен келмеуі А...-ның әмірімен және бұл қауымды сынау үшін және оларға А...-ның бұйрығы маңызды ма, әлде бірнеше балықты аулау маңызды ма екендігін анықтау үшін еді". Бұл аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, күнәнің жамандығы айла-тәсілмен және оны шариғатпен жабумен кетпейді, қайта мұндай күнәнің зияны көбірек. Өйткені оны адам күнә деп санамай, тәубе етуге тырыспайды.
Екіншіден, дүние көріністері, тіпті оның халалдары да кейде сынақ үшін. Адам А... үшін халалдан да бас тартуы керек. Балық аулау халал іс болғанымен, олар сенбі күні осы халал істен бас тартуға міндетті еді.
"Әғраф" сүресінің 164-ші аяты:
"Сол уақытта олардан бір тобы: "Алла жоқ ететін немесе қатты азап қылатын елді не үшін үгіттейсіңдер?",- деді. (Үгіттеушілер): "Раббыларыңа ғұзырымыз болсын, бәлкім олар сақтанар",-деді. (164)"
Құран Исраил қауымын үш топқа бөледі: заң бұзушылар, насихатқа құлақ асатын жанашырлар және немқұрайлы адамдар. Бұл аят былай дейді: "Немқұрайлық танытатындар насихат етушілерге: "Босқа әуре болмаңдар, сендердің айтқандарың күнәһарларға әсер етпейді. Оларды А...-ға тапсырыңдар. Егер Ол қаласа оларға азап түсіреді немесе көзін жояды",-дейді. Алайда жанашырлар мен жақсылық тілеушілер: "Біріншіден, біздің сөзіміз әсерін тигізеді. Осы уағыз-насихаттар біреулердің күнәдан бас тартуына немесе азырақ күнә жасауына себеп болуы мүмкін. Екіншіден, тіпті егер олар құлақ аспаса да, біз А...-ның алдында жамандықтан тыю міндетімізді атқарған боламыз",-дейтін." Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, кейбір адамдар не өздері уағыз айтпайды, не басқалардың уағызына құлақ аспайды. Олар күнәһарларға наразылық етудің орнына, жанашырлар мен насихат етушілерге наразылық білдіреді.
Екіншіден, жамандықтан тыю парыз. Оның әсері болмаса да. Біз оның нәтижесіне емес, орындауға міндеттіміз.
"Әғраф" сүресінің 165-166 аяттары:
"Өздеріне берілген үгітті ұмытқан кезде, жаманшылықтан тосқандарды құтқардық. Сондай зұлымдық қылғандарды; бұзақылық істеулері себепті қатты қинауға ұшыраттық. (165) Сонда олардың тыйым салынған нәрседе шектен шыққандықтары себепті оларға: "Маймыл болып қор болыңдар",-дедік. (166)"
Осыдан бұрынғы аяттарда айтқанымыздай, Исраил қауымының бір тобы күнәһар, енді бір тобы жамандықтан тыюшы, ал үшіншісі немқұрайлы адамдар еді. Бұл аят: "Осы үш топтан халықты жамандықтан тыюшы жанашырлар ғана құтылды. Немқұрайлы адамдар күнәһарлардың қатты және ауыр азабына серік болып, олардың бір тобы маймылға айналды",-дейді. Осы тақырыптағы рауаяттар, олар дене жағынан маймылға айналғанымен, таралмаған және бірнеше күннен артық өмір сүрмей, үрім-бұтағы құрып кеткен. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, жамандықтан тыю басқаларды тура жолға салмаса да, тым болса адамның илаһи азаптан құтылуына себеп болады.
Екіншіден, өзіне уағыз жолын жапқан кісі, А...-ның қаһарына ұшырайды.
Үшіншіден, күнәһар мен залымға үнсіздік таныту адамды оның жазасына серік қылады.
Төртіншіден, А...-ның үкімін өзгертетіндердің шырайы да өзгереді. А...-ның дінімен ойнайтындар ойыншы жануарға, яғни маймылға айналады.