Қасас сүресі, 682-ші бөлім, 1-4 аяттар
Қасас сүресінің 1-4 аяттарының тәпсірі
«Қасас» сүресінің 1-2-3 аяттары:
«طسم»، «تِلْکَ آیَاتُ الْکِتَابِ الْمُبِینِ»، «نَتْلُو عَلَیْکَ مِن نَّبَإِ مُوسَى وَفِرْعَوْنَ بِالْحَقِّ لِقَوْمٍ یُؤْمِنُونَ»
Ұғымын Алла біледі. (1) Бұл ашық баян етуші Кітаптың аяттары. (2) (Мұхаммед Ғ.С.) Мұса (Ғ.С.) мен Перғауынның қиссасын сенетін ел үшін саған дұрыс оқимыз. (3)
«Нәміл» сүресінің аяқталуымен осы бағдарламада «Қасас» сүресінің тәпсірін бастаймыз. 88 аяттан тұратын «Қасас» сүресі пайғамбардың Мединеге хиджрат етуінен бұрын Меккеде түскен. Шамамен оның аяттарының жартысын қамтитын осы сүренің 40-қа жуық аятында хазірет Мұсаның дүниеге келуі, балалық шағы мен жастық кезеңінен, үйленіп, Құдайдың пайғамбары болып сайлануына дейін баяндалады.
Бұл сүре де Құранның басқа 28 сүресі сынды жеке әріптерден басталып, бірден аспандық кітаптың аяттарына сілтеме жасайды.
Бұдан бұрын да айтқанымыздай, Құдай мәңгілік мұғжиза болып табылатын аспандық осы кітаптың аяттарын адамдардың барлығының ықтиярындағы әліппенің осы әріптерінен жазды. Бұл бәлкім, сендер де егер қолдарыңнан келсе осы әріптерден осындай кітап әкеліңдер деген ақиқат болар. Бұл – аяттары толығымен анық, жөн сілтеуші, хақты жалғаннан анық ажыратып, жолсыздан тура жолды көрсететін кітап.
Аяттардың жалғасы хазірет Мұсаның Перғауын заманындағы оқиғасына тоқталып: «Біз бұл Құранда ақиқаттар негізінде, бұрыс, шындыққа жанаспайтын кез келген тақырыптан аулақ пайғамбарлар мен бұрынғы қауымдардың оқиғаларын баяндаймыз. Мұндағы мақсат – мүміндер жақсы, иманды адамдардың бұрынғы замандарда қандай қиындықтармен бетпе-бет келгенін біліп, оларды да өз замандарының қиындықтарының алдында табандылық танытуға жігерлендіру үшін» дейді.
Осы аяттардан үйренетініміз:
1.Тарихтағы илаһи дәстүрлер заңды болғандықтан бұрынғы қауымдарға қатысты илаһи дәстүрлерді тану біз бен болашақ ұрпақ үшін ғибрат бола алады.
2.Тағұттар мен зұлымдармен күрес илаһи пайғамбарлардың тәсілі болған. Мүміндер пайғамбарлардың жолын өздеріне үлгі етіп алуы керек.
3.Құран хикаялары ақиқаттарға негізделген. Оларда қиял-ғажайып, аңыз-әпсана және шындыққа жанаспайтын тақырып кездеспейді.
«Қасас» сүресінің 4 аяты:
«إِنَّ فِرْعَوْنَ عَلَا فِی الْأَرْضِ وَجَعَلَ أَهْلَهَا شِیَعًا یَسْتَضْعِفُ طَائِفَةً مِّنْهُمْ یُذَبِّحُ أَبْنَاءَهُمْ وَیَسْتَحْیِی نِسَاءَهُمْ إِنَّهُ کَانَ مِنَ الْمُفْسِدِینَ»
Рас, Перғауын ол жерде зорекер болып, елін топтарға бөлді. Олардың бір тобын езіп, ұлдарын бауыздап, әйелдерін тірі қоятын еді. Өйткені ол бұзақылардан еді. (4)
Бұл аят Перғауынның үстемшілдік талап еткен ерекшелігіне тоқталып: «Перғауын Исраил ұрпағын әлсіз күйде ұстап, оларға үстемдік ету үшін әртүрлі тәсілдерді қолданды. Ол халықтың арасына жік салып, олардың өзіне қарсы бірігуіне және оның зұлым үкіметімен қарсыласуына кедергі жасады. Бүгінде де «жік салып, биле» деген саясат – алпауыт елдердің әртүрлі мемлекеттер мен халықтарға қатысты қолданып отырған құралы. Перғауын христиан болған Мысырдың жергілікті тұрғындары –қебтилерге өмірдің әртүрлі мүмкіндіктері мен рахаттықтарын беріп, үкіметтегі барлық жоғары лауазымдарды соларға тапсырды. Оларға керісінше Мысырға жер ауып келген Исраил ұрпағын жергілікті христиандарға құл, қызметші, күң ретінде қызмет еткізіп, ауыр да адам төзгісіз істерді солардың мойындарына жүктеді.
Исраил ұрпағы тарапынан қатер сезген бүлікшіл Перғауын олардың дүниеге келетін әрбір сәбиін, егер қыз болса, кәнизактары мен күңдерінің саны арта түсуі үшін қалдыруға, егер ер бала болса өлтіруді бұйырды. Ол осы тәсілмен Исраил ұрпағының жастары мен ер-азаматтарының санының артуына, олардың өзінің үкімет билігіне қарсы көтеріліс ашып, бүлік шығаруына тосқауыл қоюды мақсат етті. Хазірет Мұсаның дүниеге келіп, анасы перзентін аман сақтап қалу үшін Мұсаны сандықшаға салып, оны Ніл өзеніне тастауға мәжбүр болғаны сол заманда орын алған оқиға.
Осы аяттан үйренетініміз:
1.Адамдар бірлік пен ынтымақтастықта болғанға дейін зұлым үкіметтер оларға билік ете алмайды. Сол себепті үстемшіл, зұлым үкіметтер әрдайым адамдардың арасына жік салуды көздейді.
2.Ер-азаматтардың бойында жәуәнмәрттік пен еркектік рухты жойып, қыздар мен әйелдердің сұлулығын әйелдердің азаттығы деген атаумен пайдалану – бүгінгі күні де заманауи әлемде әр түрде теріс пайдаланылып келе жатқан саясат.