Жел 24, 2016 18:59 Asia/Almaty

Әғраф сүресі, 224-ші бөлім, 49-52 аяттар

"Әғраф" сүресінің 49-шы аяты:

"(Оларға жұмақтағыларды көрсетіп): “Бұларға А...-ның рақыметі тимейді деп, ант ішкен адамдарың емес пе? Жұмаққа кіріңдер. Сендерге қорқыныш жоқ әрі сендер қайғырмайсыңдар",-(делінеді). (49)"

Өткен бағдарламада "Әғраф" тұрғындарының жұмақтағылар және тозақтағылармен әңгімелесетінін тыңдадық. Соңғы аятта "Әғраф" тұрғындарының астамшылдарға: "Мында билік пен байлықтарың түкке жарамай қалғанын және сендерді тозақ отынан құтқара алмағанын көрдіңдер ме?",-деп дауыстағанын білдік. Бұл аят та бұрынғы аятты жалғастыра келе: "Жұмақтағылар, сендер оларды дүниеде кемсітіп, оларға: "А... тағала бізді ұнатады. Сондықтан билік пен байлықты бізге сыйлады. Олар дүние мен ақыретте А...-ның жарылқауына бөленбейді",-деп айтқан кісілер емес пе. Енді көріңдер, олар жайбарақат, қауіпсіз түрде жұмаққа кіреді. Ал астамшыл сендер өздеріңді олардан артық санағандықтан тозаққа түсіңдер",-дейді.Бұл аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, А...-ның рақымына бөлену үшін мал-мүлік пен мансап емес, иман мен амал қажет. Осы дүниедегі кедейлік және атақ-даңқтан мақрұм болу, жұмақ нығметінен құр қалуға себеп болмайды.

Екіншіден, асығыспен төрелік жасауға болмайды. Кімнің жұмаққа, ал кімнің тозаққа баратыны қияметте ғана белгілі болады. Пейіш пен тозақты үйлестіру біздің міндетіміз емес.

"Әғраф" сүресінің 50-ші аяты:

"Тозақтағылар жұмақтағыларға: "Бізге суларыңнан немесе А...-ның сендерге берген несібесінен төгіп жіберіңдер”,-деп айғайлайды. Олар: "Расында А..., ол екеуін де кәпірлерге арам еткен",-дейді. (50)"

Өткен аяттар Әғраф тұрғындарының пейіш пен тозақтағылармен әңгімесіне тоқталды. Бұл аят тозақтағылар мен жұмақтағылардың отқа түсуі немесе нығметке бөленуінен кейінгі жағдайын баяндап былай дейді: "Оттың күйдіруі салдарынан тозақтағылар ең алдымен су тілейді. Олар тозақтың күзетшілерінен күдер үзіп, жұмақтағыларға жалынып: "Сәлде болса ішіміздегі қызуды басу үшін А...-ның сендерге нәсіп еткен суынан немесе басқа сусындарынан беріңдерші",-дейді. Бірақ жұмақтағылар тозақтағыларға жәннат нығметтерінен тіпті бір тамшы су да беруіне болмайды.Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, осы дүние үшін ғана мал-мүлік жинауды ойлайтындар ақыретте құр алақан қалып, қайыр сұрайды.

Екіншіден, дүниеде А...-ның ережелерін сақтамай, Оның харам еткен нәрсесін халал деп санағандар, жұмақтың нығметтерінен мақрұм қалады. Оларға су да харам болады.

"Әғраф" сүресінің 51-ші аяты:

"Олар діндерін ойын-сауыққа айналдырып, дүние тіршілігі алдағандар. Олар осы күнге жолығуларын ұмытып және аяттарымызға қарсы келгендей, бүгін Біз оларды ұмытамыз. (51)"

Өткен аятта тозақтағылардың бір жұтым су үшін жұмақтағыларға жалығанын тыңдадық. Бұл аят: "Олар қияметте осындай жағдайға дұшар болғанымен, біз оларға зұлымдық жасаған жоқпыз. Қайта бұл олардың дүниедегі істерінің жемісі болып табылады. Пайғамбарлар оларға ақиқат сөзін жеткізгенде, көңіл қойып, ойланып ақиқатты қабылдаудың орнына, оларды масқаралап, дүниенің мал-мүлкі, мансабы мен әшекейлеріне алданып, қияметте есеп бермейміз және бұл сөздер – әзіл ғана деп ойлады". Олар бүгін оның игілігін көретіндей, ақырет үшін ешнәрсе істемегені анық. Сондықтан бүгін олардың ұмытылуы заңдылық.Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, кәпірлер шындық болып табылатын дінді ойын көреді. Ал ойыннан басқа түк емес дүниеге мән береді.

Екіншіден, дүние - алдамшы. Сондықтан дүниеге құмарлық ақыреттен ғапыл болуға, тіпті оны жоққа шығаруға себеп болады.

"Әғраф" сүресінің 52-ші аяты:

"Біз оларға иман келтірген қауым үшін жол сілтеуші әрі рахмет ретінде бір кітап түсіріп, оны білім негізінде ашалап түсіндірдік. (52)"

Өткен аятта кәпірлердің дінді әзіл көретінін баяндадық. Бұл аят былай дейді: "Дін – тура жолға нұсқау құралы. А... тағала оны халыққа кітап пен заң түрінде жіберді. Бұл кітаптың аяттары ақыл мен табиғатқа сай және білім мен қисын арқылы түсіндіріледі. Алайда кәпірлер А...-ның рақымдылығы болып есептелетін осы жолдауды қабылдамай, ешбір қисынсыз оны өтірікке шығарады. Осы жолдау мен рақымдылыққа тек иманды адамдар ғана бөленеді". Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, А... тағала адамдарға өзінің ілтипатын толықтырып, "ақиқатты білмедік" деп айтуларына сылтау қалдырмау үшін оларға илаһи кітаптар арқылы дәлелдерін тәмамдады.

Екіншіден, А...-ның аяны адамзаттың кемелдену мен бақытқа деген қажеттіліктерін білуіне негізделген. Былайша айтқанда оның шариғаты – табиғат заңдарымен сәйкеседі.