Әғраф сүресі, 222-ші бөлім, 39-43 аяттар
Әғраф сүресі, 222-ші бөлім, 39-43 аяттар
"Әғраф" сүресінің 39-40 аяттары:
"Және олардың алдыңғылары, артқыларына: "Сендердің бізге бір артықшылықтарың жоқ. Ендеше істегендеріңнің азабын татыңдар",-дейді. (39) Күдіксіз аяттарымызды жасынға айналдырып, одан өздерін жоғары көргендерге көктің есіктері ашылмайды және олар, түйе иненің көзінен өткенге дейін, жұмаққа кірмейді. Күнәһарларды өстіп жазаландырамыз. (40)"
Өткен бағдарламада тозақтағылардың өзара әңгімесін баяндаған болатынбыз. Құран осы аятта былай дейді: "Біреуге еріп адасқандар өз күнәларын жетекшілерінің мойынына артқанымен, олардан бұрын тозаққа түскен жетекшілері оларға: "Бізден азырақ жазаланатындай сендердің бізден артықшылықтарың жоқ. Сендер де біз сияқты күнәһарсыңдар. Ендеше істегендеріңнің азабын тартыңдар",-деп оларға жауап береді". А... тағала осындай сөздерге қатысты былай дейді: "Бұл екі топтың біреуі де мұндай сылтаулармен құтылмайды да, тозақтан қашып құтылуға жол таппайды. Өйткені олар қырғысып-қасарсып, тәкәппарлық етіп, өздерін артық көрудің салдарынан ақиқатқа бойсұнбай, оны өтірікке шығарды". Бұл жерде А... тағала бір мысал келтіріп: "Егер түйе иненің көзінен өте алса, бұлар да тозақтың бөгетінен өтіп, жұмаққа кіре алар еді. Олардың күнәсі ауыр болғандықтан, А...-ның жарылқауына бөлене алмайды",-дейді. Бұл аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, адамның дүние мен ақыреттегі тағдыры оның іс-әрекетіне байланысты. Біреудің ауыр күнәлары оларға ерушілердің кіші күнәларының кешірілуіне себеп болмайды.
Екіншіден, күнә адамға илаһи рақымдылықтың есіктерін жауып, оны А...-ның ерекше жарылқауынан құр қалдырады.
Үшіншіден, күпірліктің және илаһи аяттарды өтірікке шығарудың түп-тамыры илаһи тәлімдердің түсіндіру әлсіздігінде емес, тәкәппарлық пен үстемшілдікте.
"Әғраф" сүресінің 41-ші аяты:
"Оларға жаһаннамда төсек және үстерінде жамылғылар бар. Залымдарға осылайша жаза береміз. (41)"
Кәпірлердің қияметтегі ауыр жазасы жөніндегі өткен аятты жалғастыра келе бұл аят: "Кәпірлердің тозақтағы төсеніші мен жамлығысы – от. От оларды жан-жақтан жалмап, дем алдыруға және ыңғайлы сезінуге ешқандай мұрсат бермейді",-дейді. Осы аяттарда А... тағала кәпірлерді бірде "күнәһар", бірде "залым" деп сипаттайды. Өйткені күнәнің де, зұлымдықтың да себебі күпірлік болып табылады. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, дүниенің рахатын ғана ойлағандар қияметте тозаққа кіреді. Олардың ластанған рухы оттан басқа еш нәрсеге лайық емес тәрізді.
Екіншіден, тозақ кәпірлер мен залымдарды жан-жақтан жалмап, олардың жан-жағынан өрт лаулап тұрады.
"Әғраф" сүресінің 42-ші аяты:
"Иман келтіріп, ізгілік істегендер. Әр адамды шамасы келерліктей іске ғана бұйырамыз. Әне солар жәннатта болатындар, солар – онда мәңгі тұратындар. (42)"
Илаһи жазамен қатар ізгілік істегендер үшін сауапты да баяндау Құран әдістерінің бірі болып табылады. Өткен аят тозақтағылардың ауыр азабына меңзесе, осы аят: "Иман келтіріп, ізгі істер жасағандар жұмаққа барады да, онда мәңгі қалады. Өйткені олар шамалары келгенше жақсылық істеудің соңында болды. Бұл бізге жеткілікті. Біз ешкімге шамасынан тыс тапсырма жүктемейміз",-дейді. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, иман мен ізгі амалдың қосылып, қияметте мәңгі сақталатын жемісі – А...-ның пейішінде тарихтағы пәк және адал тұлғалармен бірге отыру болып табылады.
Екіншіден, Исламда шамадан тыс тапсырма жоқ. Әркім қабілетіне қарай жауапты болады.
"Әғраф" сүресінің 43-ші аяты:
"Олардың көңілінен ғадауат-араздықтарды айықтырамыз (жұмақтағылардың арасында араздық болмайды). Іргелерінен өзендер ағып жатады. Олар: "Барлық мадақ-мақтау бізді мұндай ақ жолға нұсқаған А...-ға арналсын! Өйткені А... өзі оңғармаған болса, біз оң жол таба алмас едік, Раббымыздың пайғамбарлары бізге ақиқат әкелді",-дейді. Оларға: "Ғамалдарыңа қарай мұрагерлік еткен жәннаттарың міне осы",-деп дабысталады. (43)"
А... тағаланың пейіштегілерге беретін нығметтерінің бірі – пейішке кірмей тұрып олардың жүректерінен кез-келген реніш пен кекшілдікті кетіріп, көңілдеріне татулық пен достық орнату болып табылады. Сонда пейіштің ортасы кез-келген мазалау мен қарама-қайшылықтан тазарып, пәктікке толады. Пейіштің әртүрлі деңгейлері болса да, онда ешкім бір-біріне қатысты қызғаныш сезбейді және олардың арасында қызғаныш пен реніш болмайды. Пейіш тұрғындары мәңгі А... тағаланы еске алады. Өйткені пейіштің ризық-нығметтері олардың А...-ны ұмытуына себеп болмайды. Сондай-ақ А... тағаланың дүниеде оларға тура жол мен пейішке кіретін бағытты көрсету үшін пайғамбарлар мен илаһи кітаптарды жібергені себепті алғысын білдіреді. А...-ның тура жолына түсу үшін иман келтіріп, жақсы істер істеу керек. Бұл аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, қызғаныш пен кекшілдік жоқ өмір – пейіштік өмір.
Екіншіден, жәннаттағылар өздерінің амалдарымен мақтанбайды және пейішті А...-ның тура жолға салуы мен пайғамбарлардың еңбегі деп біледі.