Әғраф сүресі, 221-ші бөлім, 34-38 аяттар
Әғраф сүресі, 221-ші бөлім, 34-38 аяттар
"Әғраф" сүресінің 34-ші аяты:
"Әр әлеуметтің белгілі бір мерзімі бар. Олар, сол мерзімі келген сәтте, бір дем кешікпейді де ілгерлемейді. (34)"
Адамдардың көпшілігі естен шығарып, елемейтін істердің бірі - өлім және өмірдің аяқталуы болып табылады. Адамдар дүниеден жеке-жеке өтеді, сондай-ақ Құран Кәрімнің осы және басқа да аяттарына сәйкес, адамзат үмметтері мен өркениеттері де пәнилік. Өйткені тарих бойында пайда болып, бірақ зорлық-зомбылықтың немесе осалдығы және жайбарақат тұрмысқа салынуы себебінен құлдырап, өшкен өркениеттер қаншама. Билік пен байлық иелерінің көбі мәңгі жасаймыз және биліктен айрылмаймыз деп ойлайды. Бірақ осы аят айтқандай: "А... тағала қалаған сәтте, олар жойылады. Бір мезет кешікпейді",-дейді.Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, мұрсаттар мен мүмкіншіліктер бәрібір аяқталады. Сондықтан шамамыз келгенше оны дұрыс және игілікке қолданайық.
Екіншіден, залымдар А...-ның берген мұрсатын мейірімнің белгісі деп ойламасын. Өйткені олардың да уақыты аяқталып, жауап беретін кез келеді.
"Әғраф" сүресінің 35-36 аяттары:
"Әй, адам балалары! Егер сендерге іштеріңнен өздеріңе аяттарымды түсіндіретін елшілер келсе, сонда біреу сақсынып, өзін түзелтсе, оларға бір қорқу да жоқ әрі олар қайғырмайды. (35) Сондай аяттарымызды өтірік дегендер, өздерін одан зор санағандар, солар - тозақтық. Олар онда ұдайы қалушылар. (36)"
Өткен бағдарламада А... тағаланың адамзат ұрпағы мен хазірет Адамның (ғ) перзенттеріне берілген бірқатар өсиеттері баяндалды. Бұл аяттар адамдардың илаһи нұсқауды қабылдау немесе қабылдамау мәселесіндегі қарама-қайшылығына тоқталып былай дейді: "А... тағала үнемі сендердің араларыңнан елшілер таңдап, жібереді. Олар халықты жақсылық пен тақуалыққа шақырады. Бірақ адамдар осы шақыруға қатысты екі топқа бөлінеді. Бірінші топ – тақуалықты ұстанып, түзелетіндер. Олар дүние мен ақиретте бақытқа бөленеді. Олар А... тағаламен мәміле жасағаны себепті өкінбейді де, қамықпайды. Өйткені А...-мен мәміле жасаған өкінбейді. Оларда тіпті қорқыныш пен үрей де жоқ. Өйткені А...-дан қорыққан кісі, адамдардың бекер күшінен де, қияметте тозақ отынан да сескенбейді. Екінші топ – қырсығып, қасарысуы салдарынан А...-ның елшілерінің шақыруына теріс қарайды. Олар тіпті рахат өмір сүру үшін оны өтірік деп атайды. Мұндай адамдар шын мәнінде бақыттан көрі дүниенің рахатына көбірек мән беріп, ақыретте тозақтың отына түседі.Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, тақуалықтың шарты – оқшаулану мен сопылық емес, қоғам мен адамдарды түзетуге ұмтылыс жасау болып табылады.
Екіншіден, нағыз тынштық – тазалық пен ізгілікке байланысты. Ол адамды қайғы мен қорқыныштан сақтайды.
"Әғраф" сүресінің 37-ші аяты:
"А...-ға жала жапқан, оның аяттарын өтірікке шығарған кісіден өтер залым бар ма? Олар кітапта (Лаухулмахфузда жазылған ризық пен өмірден) өз несібелерін көре тұрады. Ақыры елшілеріміз (періштелер) жан алуға келіп: "А...-дан өзге сиынғандарың (пұттарың) қайда?",-дегенде, олар: "Бізден ғайып болды",-дейді. Сөйтіп олар өздерінің кәпірлігіне өздері куә болады. (37)"
Бұл аят кәпірлердің қияметтегі жағдайы туралы былай дейді: "Кәпірлер пайғамбарларды "өтірікші" деп айтуына керісінше, олардың өздері өтірікші. Өйткені олар ақиқатты түсінгенімен, оны жоққа шығарады. Әрине мұндай адамдар дүниенің игіліктерінен мақрұм қалмайды. А... тағала олардың дүниедегі ризығын кемітпейді. Алайда періштелер олардың жанын алуға келген өлер сәтінде, олар өздерінің адасқандығын мойындап: "А...-ның нығметтеріне күпірлік етіп, илаһи аяттарды өтірікке шығардық",-дейді". Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, күпірлік етіп, ақиқатты жоққа шығару - адамның өз-өзіне жасаған үлкен зұлымдық болып табылады. Өзіне зұлымдық жасау өзгелерге зұлымдық көрсетуден әлдеқайда жаман.
Екіншіден, дүниеде әр адамның белгілі мөлшерде несібесі бар. Оның мөлшерін А... тағала белгілейді.
Үшіншіден, қияметте адамға қарсы куәлік ететін алғашқы төреші - адамның өзінің ожданы болып табылады.
"Әғраф" сүресінің 38-ші аяты:
"(А... қияметте оларға): "Сендерден бұрын өткен, тозақтағы жын мен адамдар тобының ішіне кіріңдер!",-дейді. Әр топ тозаққа кірген сәтте, өз туысын (алдыңғы жолдасын) қарғайды. Барлығы онда жиналғанда, артқылары алдындағыларына: "Раббымыз! Осылар бізді адастырған. Сондықтан оларға тозақ отынан екі есе азап бер",-дейді. (А...): "Әркімге екі есе азап бар. Бірақ сендер білмейсіңдер",-дейді. (38)"
Бұл аят тозақтағылардың өзара әңгімесіне, әсіресе олардың тозаққа түсуіне себепші болғандармен сұхбатына тоқталып былай дейді: "Тозаққа баратындар амалдары таразыға салынғаннан кейін топ-тобымен тозаққа кіреді. Адамдар мен жындардың топтары бір-бірін қарғап, лағынет айтады. Бұл арада соңына ергендер жетекшілеріне: "Біздің адасуымызға себеп болған сендерсіңдер. Сендер өздерің адасып, бізді де адастырғандарың үшін екі есе азапталуға тиістісіңдер",-дейді". Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, жәннат – татулық пен мейірімнің ортасы. Ал тозақ – лағынет пен қарғыстың орны. Жәннаттағылардың достығы мәңгі болады. Ал тозақтағылар жүздескенде дос болғанымен, артынан бірін-бірі қарғайды.
Екіншіден, жынның да адам тәрізді міндеттері бар. Олардың екеуінің күнәһарлары ұқсас және тозақта бірге болады.
Үшіншіден, қылмыстылар қияметте өз күнәсін басқаларға жабуға тырысады, немесе біреуді өз қылмысына серік қылуға тырысады.