Жел 24, 2016 19:06 Asia/Almaty

Әғраф сүресі, 220-шы бөлім, 31-33 аяттар

"Әғраф" сүресінің 31-ші аяты:

"Ей, Адам балалары! Сендер әр рет намаз оқығанда (пәк және әдемі) киімдеріңді киіңдер, жеп-ішіңдер тек ысырап қылмаңдар. А... анығында ысырап қылғандарды ұнатпайды. (31)"

Өткен бағдарламада А... тағаланың хазірет Адамның (ғ) перзенттеріне өсиет бергенін баяндағанбыз. А... тағала осы бір топ аятта былай дейді: "Әй, Адам перзенттері! Сендердің көріктерің - киім. Әл-Харам мешітінде тәуап еткен кезде көркем киініңдер. Жәһилият дәуіріндегі ата-бабаларың сияқты жалаңаш тәуап етуші болмаңдар. Әл-Харам мешітіне ғана емес, кез-келген мешітке кірген кезде жарасымды киініп, осы қасиетті орында әдеп сақтаңдар. Исламдық рауаяттарда да намаз оқу үшін мешітке сәнді киініп, хош иістеніп, таза кіру тапсырылған. Діни жетекшілер де осы дәстүрлерді орындайтын. Осы аяттың жалғасы ішіп-жеу мәселесіне тоқталып: "Сендерге ризық етіп берілген илаһи нығметтерден ішіңдер, жеңдер, бірақ ысырап етпеңдер!",-дейді. Өткен аяттардан Адам мен Хауа тыйым салынған ағаштың жемісін татуы себебінен, жұмақтан шығарылғанын білгенбіз. Осы аят олардың ұрпақтарына: "Сендер де, А... нәсіп еткен нығметтерді тұтынуда сол жазаға душар болып қалмайтындай сақ болыңдар! А...-ның айтқанын орындаңдар! Өйткені кез-келген бағынбаушылық – ысырап және ақиқаттан аттау болып табылады",-дейді. Бұл аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, мешіт – А...-ның үйы және Оның пенделері жиналатын орын. Ендеше үнемі көркем әрі тартымды болуы тиіс.

Екіншіден, рухани азық тәннің азығынан да басым тұрады. Әуелі намаз сонан соң тамақ!

Үшіншіден, адам табиғаттың нығметін қажетті мөлшерде ғана пайдалануға құқылы. Оның ысырап етіп, шашуға хақы жоқ.

"Әғраф" сүресінің 32-ші аяты:

"(Ей, Мұхаммед!) Былай деп айт: "А...-ның пенделері үшін жаратқан киімдерін, таза ризықтарын кім арам ете алады? Ол несібелер бұл дүниеде иман келтіргендердікі, ал ақыретте тек қана мүміндердікі болмақ". Білетін қауымға аяттарды осылайша баяндаймыз. (32)"

Өткен аятта А... тағаланың илаһи көркемдік пен нығметтерді пайдалануға берген нұсқаулары талқыланды. Бұл аят қатты лебізбен: "А...-ның көркем нәрселері мен нығметтерін қолдануды кім харам етті? А... тағала бұл нығметтерді шыншыл әрі иманды пенделері пайдалануы үшін жаратқан. Бұл нығметтерді кәпірлердің пайдалануына тыйым салынған жоқ. Әрине қияметте кәпірлер пайда көрмейді және нығметтер тек мүміндерге ғана тиесілі болмақ",-дейді. Бұл мәселеде адамдар кейде шектен шығады. Осылайша кейбіреулер А...-ның берген мүмкіндіктерін пайдалануда ысырап етсе, енді біреулері сопылық жолға түсіп, өзінің табиғи қажеттеріне мән бермейді. Құран осы және одан бұрынғы аятта екі топпен де күреседі. Алғашқы топқа: "Неліктен ысырап етесіңдер?",-десе, келесі топқа: "Неліктен халал нығметтерді қолданбайсыңдар?",-дейді. Бұл аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, А... тағаланың харам қылған нәрселерін халал етуге болмайтын тәрізді, Оның халалын харам етуге болмайды.

Екіншіден, А... тағала діни ережелер шеңберінде халал нәрселерді пайдалануға мүміндерді ынталандырады.

Үшіншіден, дүниенің нығметтерін пайдалануға мүмін мен кәпірдің бірдей хақы бар. Бірақ қияметтегі бақыт мүміндерге ғана арналған.

"Әғраф" сүресінің 33-ші аяты:

""Раббым көрнеу және көмес арсыздықтарды, күнәһарды, біреуге орынсыз тисуді, А... ешқандай бір дәлел түсірмеген нәрселерді оған серік етуді, өздерің білмеген нәрселеріңді А... атынан албаты сөйлеуді арам қылды",-деп айт (Ей, Мұхаммед!). (33)"

Кейбір ақкөңіл мүміндер А...-ға жетудің жолы – ғибадат пен оқшаулану және қоғамнан алшақтау, сопылық пен қанағатшылдық деп ойлайды. Сондай-ақ тақуалыққа дүние мен оның қызықтарынан аулақ жүру арқылы жеткізуге болады деген пікірмен, дүние үшін талпыныс жасауды - жағымсыз деп санайды. Бұл аят осындай ойларға былай деп жауап береді: "А... тағала белгілі бір істерді ғана харам әрі жағымсыз деп атады. Одан басқаның бәріне рұқсат берді. А... тағала басқаларға зұлымдық көрсету мен күнә жасауды, бағынбауды, жаман әрі ұятты істерді, серік қосуды, екіжүзділік пен ырымдарды харам деп санады. Ендеше сендер осы істерден аулақ болыңдар да, дүние мен оның нығметтерін қалағандарыңша пайдаланыңдар",-дейді. Бұл аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, халалдар көп, ал харамдар аз. А... тағала адамға ерік беріп, тек шектеулі мәселерде ғана тыйым салады.

Екіншіден, А... тағала тек адамға жағымсыз және оның жаны мен тәнін ластайтын істерді ғана харам еткен. Бұл істердің жағымсыздығын адамның болмысы да түсініп, мойындайды.

Үшіншіден, халық түсінсе де, түсінбесе де күнәнің жамандығы оның бойында бар. "Егер халық біліп қалса ұят болады, әйтпесе ұят емес" дейтіндей емес.