Жел 24, 2016 19:08 Asia/Almaty

Әғраф сүресі, 218-ші бөлім, 24-27 аяттар

"Әғраф" сүресінің 24-25 аяттары:

"(Алла): "(Жаннаттан) бір-біріңе дұшпан болып түсіңдер. Сендерге жер жүзінде бір мерзімге дейін тұрақ және пайдалану бар",-деді. (24) "Ол жерде тіршілік етесіңдер де, ол жерде өлесіңдер. Және ол жерден қайта шығарыласыңдар",-деді. (25)"

Өзге аяттарда айтылғандай, А... тағала Адам мен Хауаның тәубесін қабылдайды. Бірақ әлгі ағаштың жемсін жеу мен А...-ның бұйрығынан жалтару күнәсінің кері салдары қалғандықтан, олар жәннәттан шығарылып, жер бетіне түсіріледі. Сондықтан бұл аят былай дейді: "А... тағала Адам мен Хауаға осы пейіш сынды бақтан шығып, жер бетіне қоныстануды бұйырып: "Сендердің қоныстарың сонда",-дейді. А... тағаланың қалаған уақытына дейін сол жерде қалып, өмір сүресіңдер. Сонан соң дүниеден өтесіңдер де, қияметте есепке тартылу үшін жерден қайта шығарыласыңдар". Бұл аяттар адамзаттың бір-бірімен дұшпандығына және шайтанның адаммен жауласуына меңзеп: "Жер бетіндегі тіршіліктерің үнемі қастық және дұшпандықпен қатар болады. Керісінше жәннәттағы орындарың мұндай мәселелерден аулақ еді",-дейді. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, кейде ата-ананың істері олардың ұрпағының құлауына әсерін тигізеді. Адам мен Хауаның бағынбаушылығы адамзат баласының мына жер бетіне түсірілуіне себеп болды.

Екіншіден, дүние - талас-тартыс пен теке-тірес және қарама-қайшылық орны. Мұнда мүдделер мен табиғи қажеттіліктердің сәйкеспеуі дұшпандық пен қақтығыс тудырады.

"Әғраф" сүресінің 26-шы аяты:

"Әй, адам баласы! Ұятты жерлеріңді жабу үшін киім және сәндік бұйым түсірдік (жараттық), негізінде тақуалық киімі жақсы. Солар А...-ның белгілері. Әрине түсінерсіңдер. (26)"

Өткен аяттарда оқығанымыздай, Адам мен Хауа шайтанның алдауына түсіп, тыйым салынған ағаштың жемісінен татады. Мұның ең алғашқы әсері олардың жалаңаш қалғандарын сезіп, ағаштың жапырақтарымен жамылу болды. А... тағала осы аятта: "Адам мен Хауа жер бетіне түсіріліп, ол жерге қоныстанған соң, біз оларға киім әзірлеуді үйреттік. Мақта мен хайуанның терісі - һәм әуратты жабатын, һәм сәннің бір түрі болып есептелетін киім болды",-дейді. Бұл үдеріс жалғасып, мыңдаған жылдар өткен соң, қазір де адамзат баласы өзінің ең абзал киімдерін осы илаһи нығметтен өндіреді. Осы жерде Құран: "Бұл киім – материалдық дене мен тәннің киімі. Бұдан да жақсы киім – адамның жамандықтарын көрсетпейтін тақуалық киімі болып табылады. Ол абырой мен ұятты сақтайтын пәктік пен тазалық киімі. Бұл киім адамның рухани құтылуына себеп болады",-дейді. Осы аяттардан үйренетініміз:

Біріншіден, шайтан адамның жалаңаш болуын көздейді, бірақ А... тағала оның киінуіне жағдай жасайды.

Екіншіден, киімнің таза әрі сәнді болуын А... тағала жақсы көреді. Харамға ұлсапаса әшекей қолдануға болады.

Үшіншіден, адамның киімі мақтадан, жүннен немесе теріден жасалады. Мұның барлығын А... жаратқан. Сондықтан адам оған көңіл аударып, ғапыл болмай, үнемі қырағы жүруі тиіс.

"Әғраф" сүресінің 27-ші аяты:      

"Әй, адам баласы! Шайтан, ата-аналарыңның ұятты жерлерін көрсету үшін киімдерін шешіп, жәннәттан шығарған сияқты сендерге де сұмдық жасамасын. Өйткені ол және оның сыбайластары, сендер оларды көрмеген жерден көреді. Шайтандарды иман келтірмейтіндерге дос қылдық. (27)"

Шайтан тек Адам мен Хауаның ғана жауы болмай, қайта оның ұрпағымен де дұшпан болуға уәде берген болатын. Сондықтан А... тағала осы аяттарда Адамның ұрпақтарына: "Шайтан сендердің ата-аналарыңды алдағандай, сендерді алдамасын. Абай болыңдар! Шайтан өзінің азғыруларымен сендердің ата-аналарыңды илаһи жәннәттан шығарып жіберді және киімдерін шешіп, әураттарын көрсетті. Шайтан мен оның ұрпағы сендерді көре алады, бірақ олар сендердің көздеріңе көрінбейді. Осының барлығымен олар сендерге үстемдік етіп, жаман іске мәжбүрлей алмайды. Олар тек азғырады. Сондықтан А... мен қиямет күніне иман келтірмейтін адамдар ғана олардың азғыруына түседі",-деп өсиет айтады. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, қауіп үнемі төніп тұрады. Адасудан аманбыз деп ойламайық. Өйткені періштелер сәжде қылған адам, шайтанның алдауына түсіп, пейіштегі мәртебесінен айрылып қалды.

Екіншіден, шешіну мен жалаңаш болу А...-ның алдынан шығарылуға себеп болады. Сондықтан жалаңаш болуға ұласатын кез-келген іс-шаралар шайтандық болып саналады.

Үшіншіден, шайтан жалғыз емес, оның адамдар мен жындардан топтары мен қолдары бар.

Төртіншіден, А...-ға нағыз иман шайтанның адамға ықпал етуіне жол бермейді.