Әғраф сүресі, 213-ші бөлім, 1-5 аяттар
Әғраф сүресі, 213-ші бөлім, 1-5 аяттар
"Әғраф" сүресінің 1-2 аяттары:
"Аса қамқор, ерекше мейірімді А...-ның атымен бастаймын" " Әлиф, ләм, мим, сад. (1) (Ей, Мұхаммед!) Бұл – кәпірлерге ескерту, мұсылмандарға уағыз-насихат беруің үшін, саған түсірілген кітап (Құран). Бұған (кәпірлердің қарсы келгеніне) бола көңілің жабырқау тартпасын! (2)"
"Әғраф" – адамдардың бір тобы онда тұратын "пейіш" пен "тозақ сынды" ақыреттегі орын болып табылады. Осы сүренің 46-48 аяттарында әлгі топтың есімі атап өтілгендіктен, бұл сүре "Әғраф" деген атаумен танымал. Құрандағы жүз он төрт сүренің ішінде жиырма тоғызы "мұқаттағе" әріптерімен басталады және солардың бірі - "Әғраф" сүресі. "Бақара" сүресінде айтылғандай, мұқаттағе әріптері А... тағала мен пайғамбар (с) арасындағы құпия белгілер болып саналады. Имам Мехдидің (ғ) келуімен бұл құпия шешіліп, оның мақсаты айқындалар деп үміттенеміз. Бірақ А... тағала "Мен жаңа сөз де, сөз тіркесін де әкелген жоқпын, қайта осы әліппенің әріптерінен және қарапайым араб сөздерінен кітап шығардым. Сендер оған ұқсас кітап әкеле алмайсыңдар" деп айтқысы келетін тәрізді. Бұл сүренің екінші аяты осы мәселеге тоқталып: "Ей, пайғамбар! Бұл кітап саған шынында А... тарапынан түсірілді және оның барлық мазмұны ақиқат. Мүшріктер мен кәпірлердің мойындамағаны үшін күмәнданба. Көңіл-күйің қиналмасын. Өйткені сенің міндетің халыққа А...-ның сөзін жеткізіп, оларға ескерту болып табылады. Сенің бұдан басқа міндетің жоқ. Сенің сөздеріңді қабылдай ма, жоқ па халықтың өз еркінде",-дейді. Осы аяттардан үйренетініміз:
Біріншіден, дінді уағыздау мен халықты А...-ның жолына шақыру үшін сабыр мен мықты шыдамдылық қажет.
Екіншіден, пайғамбарлардың міндеті халықты иман келтіруге мәжбүрлеу емес, қайта ескерту болып табылады.
"Әғраф" сүресінің 3-ші аяты:
"(Ей, адамдар!) А...-дан сендерге түсірілген кітапқа бойсұныңдар. А...-ға шет келіп, өзгені дос тұтпаңдар. Сендердің насихатты қабылдауларың өте аз. (3)"
Өткен аят пайғамбардың міндеті халыққа ескерту жасау екендігін айтып өтсе, бұл аят халықтың міндеті – қабылдап, еру деп біледі. Өйткені пайғамбарға (с) түскен Құран, шын мәнінде халыққа арналған. Сондықтан пайғамбар (с) аянның дәнекері әрі оның тәпсірлеушісі. Бұл арадағы қызықты жайт, осы аят Құранға еруді өсиет етумен бірге, адамға басқалардың соңына еруге тыйым салады. Былайша айтқанда ақиқат пен бақыттың жолы – А...-ның кітабына еру ғана болып табылады. Аталмыш аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, илаһи қамқорлықтың шарты – адамзатты тура жолға салу үшін оған ескертулер мен нұсқаулар беру болып табылады.
Екіншіден, бір А...-ның қамқорлығын қабылдамаған кісі көптеген әулиелердің қамқорлығына жүгінеді. Сондықтан бір А...-ны риза қылудың орнына, көптеген қамқоршыны риза қылуға мәжбүр болады.
"Әғраф" сүресінің 4-5 аяттары:
"Біз бірталай кентті ойрандадық. Біздің азабымыз оларға түнгі ұйқыда яки түскі әредікте жетті. (4) Оларға азабымыз келген шақта, олар: "Біз нақ залым едік",-деп зарлады. (5)"
А...-ның аяны мен илаһи кітапқа еру қажеттігін баяндаған аяттан кейін, осы аят: "Пайғамбарлар халықты жолдау үшін қаншама еңбек сіңіріп, ешбір талпынысын аямағанына қарамастан олардың ақылын тыңдап, олардың жолына ерген адамдар аз",-дейді. Осының салдарынан адамдар арасында азғындық пен зұлымдық таралып, кейде олар А...-ның азабына ұшырайды. Негізгі азап пен жазалар қияметте берілетін болғанымен, біреуге зорлық-зомбылық көрсету секілді күнәлар жасағандар осы дүниеде де А...-ның қаһарына душар болады. Мұндай азап күн мен түнге қарамайды, тіпті адамдар демалып жатқан кезде берілуі мүмкін. Сонда олар ғапылдықтан оянып "Біз шынында да залым болдық. Ендеше осы жазаға лайықпыз. А... бізге осы азапты жіберіп, зұлымдық жасаған жоқ қайта бұл азапқа, басқаларға зорлық көрсеткеніміз үшін өзіміз кінәліміз",-дейді. Бірақ олардың өкініп, қателіктерін мойындауы оларды құтқармаса да, басқаларға сабақ бола алады. Залым биліктер мен әкімдердің тарихына қысқаша шолу жасайтын болсақ, Рим мен Иран тәрізді алып империялар халықты қанағаны үшін жойылып, олардың орнына басқа биліктер келгенін анық көреміз. Осы аяттардан үйренетініміз:
Біріншіден, дүниеде қауіпсізбіз деп ойлап, жайбарақат жүретіндей илаһи жазалар тек қияметте ғана болмайды. Сондықтан күнәһар қоғам түрлі азаптарды күтсін.
Екіншіден, азапты көрместен бұрын күнәларымызды мойындап, А...-ның алдында тәубе ету арқылы, азаптың түсуіне кедергі жасап, илаһи рақымдылықты тілейік.