Әнғам сүресі, 210-шы бөлім, 153-157 аяттар
Әнғам сүресі, 210-шы бөлім, 153-157 аяттар
"Әнғам" сүресінің 153-ші аяты:
"Күдіксіз менің тура жолым осы. Енді соған еріңдер. Басқа жолдарға түспеңдер, әйтпесе сендерді А...-ның жолынан айырады. Сендерге осыларды А... нұсқады. Сақтанарсыңдар. (153)"
Өткен бағдарламада А... тағала мүшріктердің әдет-ғұрыптарын баяндау барысында, оларды ырымшыл деп атап, түрлі істердегі халал мен харамын атап өтті. Бұл аят сол аяттар кешенінің соңында: "Әркім бір жаққа тартатын әртүрлі жолға ергенше, А...-ның тура жолына түсіңдер. Бұл жол адамдардың шашыраған, бұлыңғыр жолдары сияқты емес, біреу әрі жарық",-дейді. Бір қызығы, көптеген ырымдар мен бедғаттарды өздерін діндар тұлғамыз деп санайтын кісілер шығарған. Шын мәнінде олар өздерінің жеке түсініктерін дінге жатқызып "дін осыны айтады" дейді. Алайда дін ортаны ұстанады және Құранның айтуынша - тура жол. Бұл жол кез-келген әсірешілдіктен ада. Сондықтан нағыз тақуа болу үшін осы жолмен жүру керек. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, қоғам мүшелерін біріктіретін ең үздік фактор – діни нұсқауларды орындау. Ал кез-келген араздықтың дәлелі - діни нұсқаулардан алшақтау.
Екіншіден, А...-ның жолы да, ақиқат та біреу. Ақиқат ешқашан екеу болмайды.
"Әнғам" сүресінің 154-ші аяты:
"Сонан соң Мұсаға (ғ) игілік істегенге толық, әр нәрсені айыратын, жетекшілік ететін мәрхамет түрінде Кітап бердік. Олар Раббыларына жолығуға иман келтірер. (154)"
Илаһи діндердің арасында қарама-қайшылық бар деп ойлайтын кейбіреулердің пікіріне керісінше, барлық илаһи кітаптар бірін-бірі растайды және негізінде пайғамбарлықты бірін-бірі жалғастырған және бір мақсатты көздейтін үдеріс деп біледі. Бұл мақсат – халықты жолдау және түрлі тақырыптардағы А...-ның үкімдерін баяндау. Осы аятта Құран Тәуратты толық сипаттап, оны жаратушымыздың хазірет Мұса (ғ) қауымын жолдауға жіберген рақымдылығы деп біледі. Бұл кітап осы қауым мен оның пайғамбарына нығметтерді тәмамдап, қиямет пен оның жағдайларын ескертуші болып табылады. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, илаһи кітаптар адамның өркендеп, кемелдік пен бақытқа жетуіне қажетті барлық нәрселерді баяндайды.
Екіншіден, тек жақсылық істеп, ізгі ойлаушылар ғана илаһи кітаптардың үндеуін тиісті түрде пайдаланады. Ал жамандық істеушілер одан мақрұм қалады.
"Әнғам" сүресінің 155-156 аяттары:
"Осы (Құран) біз түсірген мүбәрак Кітап. Енді соған еріңдер әрі сақсыныңдар. Мәрхаметке бөленерсіңдер. (155)"Шынайы түрде бізден бұрынғы (яһуди, христиан) екі топқа Кітап түсірілді де, біз олардың оқығандарынан мүлде хабарсызбыз",-дерсіңдер. (деп.) (156)"
Өткен аятта Мұса (ғ) қауымына Тәурат түсірілгендігі баяндалған соң, осы аят былай дейді: "Осы Құранды да сендерге Тәурат сияқты мүбарак кітап ретінде түсірдік және оның нұсқауларына бойсұну өмірде берекет әкеледі. Бұл кітапты "біз илаһи кітаптан хабарсыз болдық" деп сылтау етпеулерің үшін түсірдік. Ендеше соған еріңдер де, тек А...-дан ғана қорқыңдар. Сонда ғана оның ерекше мейірімі мен рақымдылығына бөленесіңдер". Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, Құран - тұжырымдар кітабы емес, амал кітабы. Оны өмірде үлгі тұту керек.
Екіншіден, адамның бақыты екі нәрсеге байланысты; ақиқатқа еру және жалғаннан аулақ болу.
"Әнғам" сүресінің 157-ші аяты:
"Немесе: "Бізге Кітап түсірілсе, олардан көрі тағы тура жолда болар едік",-дерсіңдер деп. Расында сендерге Раббыларыңнан бір ашық дәлел, тура жол, мәрхамет те келді. Енді А...-ның аяттарын өтірік деп олардан жүз бұрғаннан кім залымырақ? Аяттарымыздан бас тартқандарды, бас тартулары себепті жаман қинаумен жазалаймыз. (157)"
Осыдан бұрынғы аятты жалғастыра келе, бұл аят: "Біз сендерге дәлелдерді тәмамдап, серік қосу мен пұтқа табынуларыңа ешқандай сылтау келтірмеулерің үшін Құранды түсірдік. "Егер бізге кітап түсірілсе, басқа діндегілерге қарағанда көбірек мүмін болар едік" деп айтпауларың үшін Құранды түсірдік. Мінеки Құран түсірілгендіктен, оның аяттарын жасынға шығарып, одан бет бұру үлкен күнә болып табылады және оған ауыр жаза бар. Одан құтылуға жол жоқ",-дейді. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, иман келтірдік дегендер көп болғанымен, сынақ пен амалға келгенде, оның қаншалықты рас екендігі анықталады.
Екіншіден, адамзатқа жасалған ең үлкен зұлымдық – илаһи кітаптар мен А...-ның аяттарына теріс қарау болып табылады.