Жел 24, 2016 19:25 Asia/Almaty

Әнғам сүресі, 209-шы бөлім, 150-152 аяттар

"Әнғам" сүресінің 150-ші аяты:

"Оларға: "А... мынаны арам қылды деп куәлік беретін айғақшыларыңды шақырып келіңдер!",-де. Егер олар (келіп жалған) куәлік етсе, сен оларға қосылып куәлік етпе. Аяттарымызды өтірікке шығарып, ақырет күніне сенбегендердің қиялына еліктеме! Олар Раббыларына теңдес қосады. (150)"

Өткен бағдарламаларда айтқанымыздай, мүшріктер бірқатар істерді өздері харам еткен болатын. Сол себепті пайғамбарға (с) осы бедғаттармен күресу міндеті жүктеледі. Осы аят: "Уа, пайғамбар! Олардан айғақ-дәлел сұра. Әрине оларда айғақ жоқ. Бірақ егер өтіріктен біреулерді куә ретінде алып келсе, олардың сөздерін қабылдама және көңілдерін өз дініңе аудару үшін оларға ерме. Өйткені олар саған және сенің кітабыңа ешқашан иман келтірмейді. "Егер кей істерде оларға еріп, айтқандарын қабылдасам" олар да сенің сөзіңді қабылдап, иман келтіреді деп ойлама",-дейді. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, Ислам - қисын мен дәлел діні. Ол ырымдармен сәйкеспейтін болғандықтан өзінің қарсыластарынан да дәлел-дәйек сұрайды.

Екіншіден, адамның нәпсілік талаптарынан шыққан адами заңдар қолайсыз болып табылады. Мүмін тек А...-ның заңдарына ғана бағынады.

"Әнғам" сүресінің 151-ші аяты:

"Оларға былай айт: "Келіңдер, Раббыларыңның арам деген нәрселерін сендерге оқып берейін, оған ешнәрсені серік қып қоспаңдар; ата-анаға жақсылық қылыңдар; кедейліктен қорқып балаларыңды өлтірмеңдер. Біз оларға да және сендерге де  ризық береміз. Көрнеу немесе көмескі жексұрындық іске жуымаңдар. Өлтірілуге тиісті болғаны болсама, А...-ның әміріне қайшы келіп, (нахақ) кісі өлтірмеңдер. Түсініп алсын деп А... сендерге осыларды өсиет етеді. "(151)"

Өткен аяттарда ырымдар жоққа шығарылған соң, бұл аят Исламда ғана емес, қайта барлық илаһи діндерде харам етілген нәрселерге тоқталып былай дейді: "Харамның ең маңызды факторы – А...-ға серік қосу болып табылады. Сендер мүшріктер соған ұшырағансыңдар. Өздеріңе кейбір нәрселерді харам ету арқылы А...-ның ризалығын тілейсіңдер. Бірақ зор күнә жасап отырғандарыңды өздерің де білмейсіңдер. Сендер А...-ға серік қосумен қатар, кейде өз перзенттеріңді түрлі сылтау келтіріп жұт пен кедейліктен қорқып өлтіресіңдер. Жұттың алдын алар деген үмітпен оларды пұттарға құрбандыққа шаласыңдар. Сендер мен перзенттеріңнің ризығы пұттардан деп ойлайсыңдар. Бірақ сендер мен сендердің ұрпақтарыңды біз ризықтандырамыз. Сендер жаман екендігін біле тұра көрнеу мен көместе жаман іс істейсіңдер. Түкке тұрмайтын және болмашы мәселелер үшін бір-біріңмен қақтығысып, соғысып, қан төгіс жасайсыңдар. Соның салдарынан көп адам қырылады. А... тағала сендерге жамандық істеу мен басқаларды нақақ өлтіруді харам еткен еді. Егер өздерің ойлансаңдар, бұл істердің жамандығын түсініп, оны қоясыңдар. Бірақ көбірек көңіл аударып, одан бас тартуларың үшін А... тағала сендерге уағыз айтады. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, А...-ға серік қосу – барлық азғындықтың тамыры болғандықтан, харам етілгендердің ең басында тұрады. Жақсылықтың ең артығы - ата-анаға жасалған жақсылық болғандықтан, ол үнемі тәухидтің ізінен келтіріледі.

Екіншіден, қазіргі заманның дамыған қоғамдарында жайылып бара жатқан түсік жасау мәселесі жәһилият дәуірінің белгілеріне жатады.

Үшіншіден, кейбір күнәлардың қауіпті болғаны сонша, тіпті оның маңайына да жоламаған жөн.

Төртіншіден, А...-ның нұсқаулары ақыл мен табиғатқа сай келеді және оның өркендеуіне жағдай жасайды.

"Әнғам" сүресінің 152-ші аяты:

"Жетімнің мал-мүлкін өзі ержеткенше оның өз жақсылығына істетуден тыс, (әдетте) оған тиіспеңдер. Таразы-өлшеуіштерді дұрыс ұстаңдар. Ешқандай адамды шамасынан артыққа зорламаймыз. Сөзде (төрелік айту, немесе куә болуда) әділ болыңдар, әрқандай жақының болса да. А...-ға берген уәдені орындаңдар. Ғибрат алуларың үшін А... сендерге осыларды өсиет етеді. (152)"

Өткен аятта бірқатар харам нәрселер баяндалған соң, осы аят кейбір істерді орындауды маңызды және үлкен деп санап: "Сендердің қоғамдарыңда жетім-жесірлердің мал-мүлкіне қол сұғылмауы тиіс. Қайта олар ержеткенде өздеріне қайтарып беру үшін оны абзал түрде қорғап, сақтау керек",-дейді. Бұл аят, олардың мал-мүлкі өздерінің жақсылығына істетілген болмаса, оған тиісуге болмайды деп қуаттайды. Сонымен қатар сауда-саттық пен мәміле жасау секілді экономикалық істерде де біреудің хақын жемеу керек. Біреуге кем сатпай, алған мөлшерде беріп, саудада әділетті сақтаған жөн. Сол сияқты әлеуметте өз туысың туралы да әділ сөз сөйлеп, дұрыс төрелік ету керек. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, А... тағала өзінің барлық істерін абзал түрде орындағандықтан, біз де өзіміз бен басқаларға қатысты істерді абзал түрде атқаруымыз керек.

Екіншіден, қоғамдағы экономикалық жүйе байлықты көбейту немесе байлардың мүдделерін ғана қорғауға емес, әділетке негізделуі тиіс.

Үшіншіден, илаһи тапсырмалар мен нұсқаулар адамның шамасынан тыс емес. Негізінде міндеттемелер адамның шамасына сай беріледі. Сондықтан адамның қабілеті жоғары болған сайын, оның міндеті де көбірек болады.

Төртіншіден, А... тағала үнемі өсиет айтқан Исламдағы маңызды қағидалардың бірі – сөз бен істе әділетті сақтау болып табылады.

Бесіншіден, ереже туысқандық байланыстан да артық. Сондықтан туысқандықты ақиқат пен әділдіктің ережесінен жоғары деп санамайық.