Жел 24, 2016 19:28 Asia/Almaty

Әнғам сүресі, 208-ші сүре, 145-149 аяттар

"Әнғам" сүресінің 145-ші аяты:

"(Ей, Мұхаммед!) Былай деп айт: "Маған уахи етілгендер ішінен жеушілер үшін жеуге арам болған нәрсені таппадым. Бірақ өлексе, аққан қан, доңыз еті – бұл нақ нәжіс және күнәлі болып А...-дан басқаның атымен бауыздалған мал арам. Кімде-кім бұлардан лажсыз жағдайда жеуге мәжбүр болса, (өмірін сақтап қаларлықтай жеуіне болады), А... – аса жарылқаушы, бек мейірбан." (145)"

Өткен бағдарламада айтқанымыздай, мүшріктер ибраһимдік діндерге ырымдар мен жаңалықтар қосқандықтан, кейбір халал істерді харам деп санап, осы ырымшыл сенімдерін А...-ға байланыстырған болатын. Бұл аятта пайғамбарға (с) харам етілген санаулы ғана тағамдарды баяндап, ақиқатты жалғаннан ажырату міндеті тапсырылады. Осы аятта - өлімтік, доңыз еті және хайуанның қаны харам деп саналып, оның жамандығы мен ластығы және күнә екендігі айтылған. Өйткені мұның бәрі ластық пен түрлі аурулардың пайда болуының көзі болып табылады. Сондықтан да А... тағала адамның таза және жағымды тағамдармен қоректенуін қалайды. Сондай-ақ "Бақара" сүресінің 57-ші аяты: "Сендерге берген жақсы нәрселерден жеңдер",-дейді. Лас және жарамсыз нәрселермен қатар, А...-ға бағынбаумен бірге болатын нәрселер де адамға харам етілген. Мысалы, қой А...-ның атын атамай бауыздалса, оның етін жеуге болмайды. Сондықтан адамның азықтары да А...-ның атымен және А...-ның жолында болуы тиіс. Бұл аяттың соңы бір жалпы қағидаға меңзеп былай дейді: "Адам өзін төтенше жағдайға душар етпесе, харам етілген нәрсені төтенше жағдайда, қажетті мөлшерден асырмай жеуге болады". Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, Ислам харам еткен нәрсені пайдалануға тек оның денсаулыққа зиян болуы себебінен ғана тыйым салмайды, қайта оның рухани және ахлақтық зияндарына да қарайды.

Екіншіден, Исламда тығырық жоқ. Төтенше жағдайда жанды сақтау харам нәрседен де маңызды.

"Әнғам" сүресінің 146-147 аяттары:

"Яһудилерге жұмыр тұяқтылардың барлығын арам қылдық. Әрі оларға сиыр мен қойдың да майын арам қылдық, жалғыз-ақ бұлардың қыртыс майы мен іш майын, жілік майын арам етпедік. Жат ниеттілігі себебінен оларды солай жазаладық. Біз расында шыншылмыз. (146) (Ей, Мұхаммед!) Егер олар (яһудилер) сені мойындамаса, оларға: "Раббыларыңның рақымы кең, бірақ (қаһарына жолығып қалсаңдар) азабы күнәлі елден қайтарылмайды",-деп айт. (147)"

А... тағала осы аятта яһудилердің шариғатында да харам етілген нәрселерді баяндайды. Сонымен қатар мүшріктердің ырымдары Ислам дініне де, иудаизм мен басым бөлігін иудаизм құрайтын Мәсіх дініне де сай келмейтінін айтады. Бұған қоса яһудилердің шариғатында харам етіліп, Исламда харам етілмеген нәрселер – қарапайым емес, жазалаушы болып саналады. Өйткені егер яһудилер А...-ның бұйрықтарына бағынса, бұл нәрселер оларға харам етілмес еді. Бұл мәселе "Ниса" сүресінің 160-шы аятында баса айтылған. Осы илаһи жаза бойынша, яһудилер үшін барлық жұмыр тұяқты жануарлар мен құстар харам етілді. Сондықтан оларға түйенің етін жеу, қой мен сиырдың іш майы мен жілік майынан басқа майларын пайдалану харам етілді. Дегенмен осы харам етілген заттардың кейбірі хазірет Иса (ғ) кезінде христиандарға халал етілді. Келесі аят Ислам пайғамбарына (с) былай дейді: "Егер мүшріктер немесе яһудилер сені өтірікке шығарса, оларға: "А... тағала барша пенделеріне ерекше мейірбан болғанымен, бұл мейірімділік күнәһарларды жазаламауға себеп болмайды. Ол сендерді жедел түрде жазаламайды, қайта тәубе қылып, А...-ға қарай оралуларың үшін мұрсат береді",-деп айт". Осы аяттардан үйренетініміз:

Біріншіден, істерімізге абай болайық. Өйткені А...-ның осы дүниеде беретін жазаларының бірі – кейбір нығметтерден мақрұм қалдыру болып табылады.

Екіншіден, дінге қарсыларға А...-ның рақымдылығын еске сала отырып, оның жазасын ескертіп отыру керек.

"Әнғам" сүресінің 148-149 аяттары:

 "Мүшріктер: "Егер А... қаласа біз де және ата-бабаларымыз да (А...-ға) серік қоспаған болар едік және ешбір нәрсені арам қылмас едік",-дейді. Олардан бұрынғы өткен адамдар біздің көрсеткен азабымызды тартқанға дейін (пайғамбарларын) міне осылайша өтірікке ұйғарған еді. (Оларға) Айт: "Сендерде білетіндерің болса, бізге көрсетіңдер, сендер тек құр қиялдың жетегіндесіңдер". (148) "Жеткілікті дәлел А...-нікі. Егер А... қаласа, барлығыңды да оң жолға салады",-де. (149)"

Осы аяттар Ислам пайғамбарына (с): "Жақын арада мүшріктер өздерінің ырымға толы сенім-нанымдарын ақтау үшін "мәжбүр болу" мәселесін қозғап: "Біз өз сенімдеріміз бойынша амал ететінімізді А... тағала көрді ғой. Ол қаласа біз де, біздің ата-бабаларымыз да мүшрік болмас еді. Біз ешнәрсені харам деп санамас едік. Осының барлығы, А... тағала біздің осындай болып, осылай істегенімізді қалағанын көрсетеді",-дейді",-деп хабарлайды. Құран әлгіндей сылтауларға былай деп жауап қайтарады: "А... тағала пайғамбарлар мен илаһи шариғатын жіберу арқылы осындай ырымдарға қарсы екендігін жариялады. Бірақ Ол сендерден еріктеріңді айырып, ақиқатты қабылдауға мәжбүрлемейді. А... сендерге ерік берді. Бірақ сендер қияметте "Біз ештеңені білмедік те, түсінбедік. Ақиқат сөзін естіген жоқпыз" деп сылтау айтпауларың үшін сендерге пайғамбарларын жіберу арқылы тура жолды көрсетіп, барлық дәлелдерін тәмамдады". Құран мүшріктердің сөздерін жалғастыра келе былай дейді: "Мұндай сөздерді тек олар ғана айтқан жоқ. Қайта тарихта ақиқатты мойындамаушылар осындай сылтаулар айтатын. Бірақ мұндай сөздер білім мен ақылға жанаспайды, қайта адамның "Егер А... қаласа мен осылай істемес едім" дейтін негізсіз жорамалы мен күдіктерінен шығады". Осы аяттардан үйренетініміз:

Біріншіден, А... тағала адамдардың мәжбүр болмай, ерікті түрде иман келтіргенін қалайды. Сондықтан пайғамбарлар да мәжбүр ете алмайды.

Екіншіден, күнәнің өзінен де оны ақтау жаман. Ал ең жаманы күнәні А...-ға байланыстыру.