Жел 24, 2016 19:30 Asia/Almaty

Әнғам сүресі, 206-ші бөлім, 137-140 аяттар

"Әнғам" сүресінің 137-ші аяты:

"Мүшріктердің серіктері (шайтандар) мүшріктерді зауал тапқызу және олардың діндерін былықтыру үшін, олардың көбіне өз балаларын өлтіруді абзал көрсетті. Егер А... қаласа, олар мұндайды істемес еді. Ендеше оларды жала-өтіріктері бойынша жібере тұр. (137)"

Осыған дейінгі аяттарда мүшріктердің егіншілік пен мал шаруашылығынан пұтқа арнайы үлес бөлген ырымдық сенімдерінің біріне сілтеме жасағанбыз. Бұл аят олардың тағы бір ырымына меңзеп былай дейді: "Олар мал-мүліктерінің бір бөлігін пұттарға арнап қоюмен қатар, кейде пұттар үшін өз перзенттерін құрбандыққа шалатын болған және оны ғибадаттың бір түрі деп санайтын". Сондықтан Құран: "Олардың пұттарға деген сүйіспеншілігі шектен шыққаны соншалық, тіпті бұл істері оларға әдемі көрініп, оған мақтанатын",-дейді. Аяттың жалғасы: "Осы бұрыс салт-дәстүрлері біртіндеп Ибраһим дінінің бұрмаланып, өзгеріске ұшырап, ырымдардың ғибадат болып есептелуіне себеп болды. Бұл іс олардың нәсілінің құруына әкеп соғады",-дейді. Құран пайғамбарға (с) былай дейді: "Олар өздерінің жағымсыз ісін А...-ға байланыстырады және сенің шындық сөзіңді қабылдағысы келмейді. Ендеше сен бұдан-былай олармен әлек болмай, өз беттеріне қоя бер. Өйткені А... тағала да олардың ақиқатты қабылдауға мәжбүр болуын қаламады. Егер қалаған болса, А...-ға олардың сорақы істеріне тосқауыл қою оған оңай". Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, күнәнің өзінен де оны ақтап, жабу жаман. Ол, адамның бұзылуына себеп болып, оған шындықты қабылдатқызбайды.

Екіншіден, пайғамбар мен дін үгіттеушілері - халықты дінді қабылдауға мәжбүрлеуге емес, илаһи дінді жеткізуге міндетті. Сондықтан халық теріс қарағаны үшін күдер үзбеу керек.

"Әнғам" сүресінің 138-ші аяты:

"Олар өз ойларынша: "Бұл хайуандар мен егіндер (өзгелерге) арам. Оларды өз қалағандарымыз ғана жейді. Мына хайуандарды мінуге болмайды, ана хайуандарды А... атымен бауыздауға болмайды",-деді. (Сөйтіп) Олар А...-ға жала жапты, А... оларды жапқан жалалары үшін жазалайды. (138)"

Өткен бағдарламада малшаруашылығы мен егіншілік өнімдерінің бір бөлігін пұттарға арнауға тоқталған едік. Бұл аят мүшріктердің осы теріс сенімдеріне қатысты үкімдерді толық баяндап, былай дейді: "Олар төрт түліктің бір бөлігін әу бастан-ақ пұттар үшін арнап қойып, өздеріне де, өзгеге де оны пайдалануға рұқсат бермеген. Сол жануарлардың сүті мен етін пайдалануды өздеріне харам деп санап, тек пұтхана қызметкерлеріне ғана рұқсат ететін. Сонымен қатар пұттардың үлесі болып саналатын бұл малдарға міну де арам болды. Тіпті бауыздаған кезде де А...-ның атын атамай, керісінше өздері ұнататын пұттардың атын атайтын. Осы орайда Құран былай дейді: "Осы ой-пікірлер мен қылықтардың барлығы жаман еді. Бірақ осы ырымдарды – дін деп атап, осы үкімдерді А...-ға байланыстырғандары одан да сорақы болды. А... тағала оларды дәл осы орынсыз байланыстыруы себебінен жазалайды. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, ырымдармен, әсіресе дін атымен істелген нәрселермен күресу - пайғамбарлардың негізгі мақсаты болған.

Екіншіден, А... тағала харам еткенді халал санау ғана емес, сондай-ақ халалдарын да харам санау бедғатқа жатады және А...-ға жала жабу болып саналады.

"Әнғам" сүресінің 139-140 аяттары:

"Олар: "Мына хайуандардың ішіндегі төлі еркектерімізге арналған, әйелдерімізге арам",-деді. Егер төлі өлі туылса бәрі ортақ жей береді. А... олардың жала-өтіріктеріне қарай жазасын тартқызады. Шынында А... – хикмет иесі, бәрін білуші. (139) Надандық, ақымақтығынан балаларын өлтірген, А...-ның атынан өтірік айтып, А... ризық етіп берген нәрселерді арам дегендер анығында зиян тартты, олар тура жол таба алмай адасты. (140)"

 Бұл аят та жәһилият дәуіріндегі тағы бір кемсітуші ырымға сілтеме жасап, былай дейді: "Олардың теріс сенімдері тек пұттар үшін үлеске қалдырған малдар жөнінде ғана болған жоқ, қайта осы жануарлардың құрсағындағы нәрсе жайында да болған. Олар: "Егер тірі шықса ерлерге тиесілі болады, ал өлі шықса ерлер мен әйелдер арасында үйлестіріледі",-дейтін". Негізінде өлі туған мал пайдалануға жарамсыз. Оның еті бұзылған және зиянды болады. Осы мәселеге қатысты соңғы аят тағы да перзент өлтіру мәселесіне тоқталып былай дейді: "Адасушылық, надандық пен ақылсыздықтың салдарынан олар ең жаман істі, яғни перзентін өлтіруді және А...-ның нығметтерін пайдаланбауды – илаһи дін деп санауы болды". Ислам пайғамбары (с) осындай ортада және осындай ой-пікірі бар халық үшін пайғамбарлыққа таңдалды. Ол өзінің қажымас еңбегімен олардың саналы болып, өркендеуіне жағдай жасады. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, А...-ның нығметтерін пайдалануда әйел мен еркектің арасына кез-келген орынсыз кемсітушілік қою надандыққа жатады.

Екіншіден, теріс нанымдар мен ырымдарды дінге байланыстырудан абай болайық. Бұл А...-ның білімі мен хикметіне сай келмейді және жазаға апарады.

Үшіншіден, нағыз зиян – мал-мүлік пен байлықтан айрылу емес, надандық пен хабарсыздық болып табылады.