Әнғам сүресі, 200-шы бөлім, 111-114 аяттар
Әнғам сүресі, 200-шы бөлім, 111-114 аяттар
"Әнғам" сүресінің 111-ші аяты:
"Біз оларға (кәпірлерге) періштелерді түсірсек те, өліктерді олармен сөйлестірсек те, барлық нәрсені жиып алдына келтірсек те, А...-ның қалауынсыз олар нанбайды. Ал олардың көбі (мұның мәнін) білмейді. (111)"
Өткен бағдарламада көп адамдардың күпірлігінің себебі – ақиқат сөзін түсіне тұра, мойындағысы келмейтін "қырсықтық" екендігін айтқанбыз. Осы аят: "Кәпірлердің талаптарының бірі – періштелерді түсіру болды",-дейді. Бірақ олар бұған лайық емес еді. Сонымен қатар басқа аяттар бойынша, періштелер көзге көрінетін болған жағдайдың өзінде, олар адам кейпінде көрінеді. Өйткені періштелер хазірет Ибраһим (ғ) мен хазірет Лұтқа (ғ) осылай көрінген болатын. Мұндай жағдайда кәпірлер қайтадан олардың періште екендігіне сенбес еді. Олар сондай-ақ Ислам пайғамбарынан (с) хазірет Исаның (ғ) мұғжизасы тәрізді, өліні тірілтуді сұраған болатын. Бірақ хазірет Исаның (ғ) мұғжизасын көрген кісілердің барлығы иман келтіріп пе еді? Сонан соң Құран: "Олар қырсықтық пен зұлымдығын қойымайынша, аспаннан періштелер түссе де, өлілер жердің астынан шығып, олармен сөйлессе де немесе олардың барлық талаптары орындалса да иман келтірмейді. Бұрынғы пайғамбарларға істегеніндей, олар мұның барлығын сиқыр деп атайды",-дейді. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, иман үшін білу жеткіліксіз, ниет қажет.
Екіншіден, барлық адамдар иман келтірсін демейміз. Өйткені А... тағала адамдардың өз жолын өз еріктерімен таңдауын қалайды.
"Әнғам" сүресінің 112-ші аяты:
"Сол сияқты адам мен жынның шайтандарын әрбір пайғамбарға дұшпан қылып қойдық. Олар сұлу сөзбен бірін-бірі алдап, азғырады. Егер Раббың қаласа, олар мұндай істі істемес еді. Оларды сол өтірік-өсегімен қоя бер. (112)"
Өткен аяттың жалғасында, осы аят та: "Адамдар мен жындардың бір тобы пайғамбарлардың тәлімдерін қабылдаудан бас тартып, оларға қарсы шығуының себебі – илаһи дәстүрдегі "адами ықтияр" болып табылады",-дейді. Дәл осылайша, жындардан саналатын шайтан бағынбаушылық білдірген соң, А... тағала оған мұрсат берді. А... тағала ақиқатты қабылдамаған барлық адамдарға, өмірінің соңына дейін өз жолынан қайтпауы үшін мерзім береді. Осы илаһи дәстүр негізінше "шайтанның пайғамбарларға қарсы шығып, адамдардың бір тобын кәпір етуіне А...-ның өзі рұқсат берді" деуге болады. Осы аяттың жалғасы: "Кәпірлердің сөздерінің көбі, олардың көңіліне кіріп, аузынан шыққан шайтанның салған азғырулары. Ендеше, ей, пайғамбар (с)! Қарсыластардан қорықпа! Оларды өз бетіне қоя бер. Өйткені сенің міндетің оларды иман келтіруге мәжбүрлеу емес, шақыру мен уағыздау ғана",-дейді. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, тарихта үнемі ақиқат пен жалған күресіп келеді және белгілі бір мезгілге тиесілі емес.
Екіншіден, көркем сөздер мен сөйлемдерге абай болайық. Өйткені әдетте жалған және шайтандық азғырулар сондай болады.
"Әнғам" сүресінің 113-ші аяты:
"Ақыретке сенбейтіндердің көңілі олардың сұлу сөздеріне ауа берсін, оған риза болсын, олар істер күнәсін істей берсін (деп алдап-азғырады). (113)"
Бұл аят ақиқат дұшпандарының үгіт-насихаттарына меңзеп былай дейді: "Кез-келген кісіге құлақ аспаңдар. Шайтанға ілесуші адамдар көркем сөйлеп, әркімді қияметке сәл ғана күдіктендіреді. Олар сөздерімен баурап алып, біртіндеп айтқандарын қабылдатады. Осылайша олар қалаған мақсатына жетеді. Егер кімде-кім шайтандық сөздерге құлақ аспаса, олардың қолынан түк келмейді. Олар біреулердің отырыстарына қатысып, өздерінің айтқандарына құлақ асқанын байқаса, өз істегендеріне риза болып, оларға ықпал етеді".
"Әнғам" сүресінің 114-ші аяты:
"(Ей, Мұхаммед! Оларға айт): А... сендерге айдан ашық кітап түсірген тұрса, А...-дан басқа үкімгер іздейін бе? Біз кітап нәсіп еткендер (яһуди, насара ғұламалары) Құранның Раббы тарапынан түсірілген хақ кітап екендігін біледі. Сен әсте шүбәланушы болма! (114)"
Кітап иелері яһудилер мен христиандар турасындағы осы аят: "Олар пайғамбарды көрді. Сөздерін естіді. Оның айтқандары хазірет Мұса мен Исаның сөздері тектес екенін және кітабы Тәурат пен Інжіл тәрізді екенін біледі. Бірақ сонда да оған және кітабына сенбейді. Олардың Мұса мен Исанікіндей мұғжизалар келтіру жайындағы талаптары сылтау ғана",-дейді. Сондықтан аяттың жалғасы мұсылмандарға өз жолының хақ екеніне күдіктенбеуді және босаңсымауды ескертеді. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, Исламның шындығының дәлелдерінің бірі бұрынғы пайғамбарлардың Тәурат пен Інжілдегі сүйіншілеуі болып табылады.
Екіншіден, басқалардың күпірлігі ақиқат жолының жалған болуының дәлелі емес. Ақиқат пен жалғанның өлшемі адамдардың қабылдауы, не қабылдамауы емес. Оның өлшемі бөлек.