Жел 24, 2016 19:37 Asia/Almaty

Әнғам сүресі, 199-шы бөлім, 107-110 аяттар

"Әнғам" сүресінің 107-ші аяты:

"Егер А... қаласа, олар (А...-ға) серік қоспас еді. Сені оларға қорғаушы етіп қойғанымыз жоқ, сен олардың бақылаушысы да емессің. (107)"

Адамдардың көбінің серік қосатындығына тоқталған өткен аяттардан кейін, А... тағала осы аятта былай дейді: "Олар А...-ның құдіреті шеңберінен тысқары деп ойламаңдар. Өйткені егер А... қалаған болса, ешкім оған серік қоса алмайтын болар еді. Бірақ ол адамға өз еркімен амал етіп, өз жолын өзі табуды жазды." Сонан соң пайғамбарға (с): "Сен де халықты иман келтіруге мәжбүр қыла алмайсың. Сен олардың уәкілі де, қамқоршысы да емессің",-дейді. Былайша айтқанда, А... тағала әсілінде барлық адамдардың иман келтіргенін қалағандықтан, пайғамбарларын жіберді. Бірақ іс жүзінде адамдар өз жолын өз еркімен таңдап, дінді қабылдауға мәжбүр болмауын тілейді. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, А...-ның еркі адамның ерікті түрде таңдауына сәйкес келеді. Сондықтан мүшріктердің болуы, адамның ерікті болуының белгісі.

Екіншіден, пайғамбарлар мен дін уағыздаушылардың міндеті халықты дінді қабылдауға мәжбүрлеу емес, дінге шақыру ғана.

"Әнғам" сүресінің 108-ші аяты:

"Мүшріктердің А...-дан шеттеп табынғандарын (пұттарын) қиянаттамаңдар, (өйтсеңдер) олар білместікпен шектен асып, А...-ға тіл тигізеді. Сондай-ақ біз әр қауымға өз қылығын ұнамды көрсеттік. Түбінде, олардың барар таянағы – Раббыларының алды. А... оларға не істегендіктерін өздеріне баяндап береді. (108)"

Пайғамбар мен мүміндерге мүшріктердің дінді қабылдауға мәжбүр етпеуді ескерткен аяттардан кейін осы аят оларға мүшріктерді мазалап, жаман сөз айтуларына тыйым салады. Бұл аят былай дейді: "Мүшріктер мен олардың табынатын нәрселерін балағаттап, жаман сөз айтпаңдар. Өйткені олар да ерегісіп, кек сақтап сендердің құдайларыңды жамандайды. Сендердің қисындарың болса, неліктен балағат сөз айтасыңдар? Оларды қисын бойынша дінге шақырыңдар. Қаласа қабылдайды, қаламаса құлақ аспайды. Сендерге бұдан басқа міндет жоқ". Аяттың жалғасы былай дейді: "Әр топтың өзінің сенім-нанымдары бар және істеген істері дұрыс болып көрінеді. Бірақ қияметте ақиқат айқындалған кезде, А... тағала әр топтың істерін оларға айтып береді. Сонда олар не істегендерін түсінеді". Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, қарсыластарға қатысты қолданатын әрекеттеріміздің салдарына көңіл аударайық. Кейде оларға жауап қайтармай үнсіздік танытқан жөн болады.

Екіншіден, лағынет айту, қарғау және безетіндікті жариялаудың орны балағаттау мен тіл тигізуден бөлек. Безетіндікті жариялау – мүшріктер мен кәпірлер алдында ұстанымды білдіру болып табылады. Осылайша біз олардан безетіндігімізді білдіреміз.

"Әнғам" сүресінің 109-шы аяты:

"Егер, оларға бір мұғжиза келсе, оған мүлде сенетіндігін (білдіріп), А...-ның атымен айнымастай ант етеді. (Ей, Мұхаммед! Оларға): "Мұғжизалар А...-ның даргаһындағы іс (менің ісім емес)",-деп айт. (Ей, мұсылмандар!) Қайдан білесіңдер, мұғжиза келсе де, олар сенбейтін шығар бәлкім. (109)"

Пайғамбар (с) заманындағы кәпірлер мен мүшріктер оған: "Біз сұраған мұғжизаларды неге келтірмейсің?",-деп мін тағатын. А... тағала осы аятта өзінің елшісіне (с): "Оларға: "Сендер әрқашан қалаған кезде оны әкелетіндей, мұғжиза менің қолымда емес. А...-ның қолында. А... не нәрсені қаласа, сол болады. Негізінде мұғжиза халықтың талаптарын орындау үшін емес, дәлелдерді тәмамдау үшін",-деп айт",-дейді. А...-ны көруді талап ету тәрізді, халықтың кейбір талабы ақиқатқа жатпайды. Жаратылыс әлемі мүшріктердің негізсіз талаптарын орындай беретін ойыншық емес. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, қарсыластардың өтірік анттарына алданбайық. Олар әдетте көп ант береді.

Екіншіден, күпірліктің негізгі тамыры – қырсықтық пен фанатизм. Кәпірлер мұғжизаны көрсе де, ақиқатты мойындамайды.

"Әнғам" сүресінің 110-шы аяты:

"Олардың көңілдері мен көздерін (ақиқатты сезуден, көруден) тайдырып жібереміз де, алғаш рет сенбегеніндей, азғындықтарында мәңгіртіп қоямыз. (110)"

Күпірлік пен қырсықтықтың салдарынан адам әлсін-әлсін ақиқатты көру, есту және түсіну қабілетінен айрылады. Ол кейде ақиқатты – жалған, ал жалғанды –ақиқат тәрізді көреді. "Күпірліктің адасуға себеп болуы, жаратылыстағы илаһи дәстүр болып саналады. Өйткені күпірліктің кесірінен адам төңкеріліп, жаратылыстың мақсатын көре алмайды",-дейді Құран. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, А... тағала мен пайғамбарға иман келтіру үшін қара ниет пен қырсықтыққа және нәпсіқұмарлыққа ластанбаған сау әрі пәк жүрек керек.

Екіншіден, А... тағала мен оның жолынан алшақтаудың салдарынан адам осы дүниеде адасып, өкінішке душар болады.