Әнғам сүресі, 198-ші бөлім, 103-106 аяттар
Әнғам сүресі, 198-ші бөлім, 103-106 аяттар
"Әнғам" сүресінің 103-ші аяты:
"Көздер оны көре алмайды, ол көздерді көріп тұрады. Ол мейірбан әрі барлығынан хабардар. (103)"
Өткен бағдарламада А... тағаланың сипаттарын баяндаған аяттарға шолу жасаған болатынбыз. Бұл сипаттар А...-ны пұттар мен халықтың оған қосатын серіктерінен ажыратады. Осы аят та А... тағаланың өзге бір ерекшелігіне меңзеп: "Тек сыртқы көз ғана емес, қайта адамзаттың ақылы да А... тағаланың затын тануға шамасы келмейді",-дейді. Оның тек бар екенін ұғынып, сипаттарын білуге ғана болады. Бірақ керісінше, ол адамға толық үстем. Ол адамның айтқандарын ғана емес, сондай-ақ көргендерін де біліп тұрады. Ол барлық істерді білуші. Ол көзге көрінбейді, бірақ көздер мен көрінетіндерді біліп тұрады. Ол мейірбан. Ол көрінбейді де, мұқият көруші. Тіпті иненің ұшы да одан жасырын емес. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, А... тағаланың заты қол жетпес болып табылады. Оның болмысы қандай екенін ойламайық, өйткені адасамыз.
Екіншіден, А... тағала біздің жамандықтарымызды білсе де, бізден мейірімі мен нығметін аямайды.
"Әнғам" сүресінің 104-ші аяты:
"Раббыларыңнан сендерге ашық дәлелдер келді. Кім оны көре білсе, өзіне пайдалы. Оны көрмесе, өзіне залал. Мен сендерге бақылаушы емеспін. (104)"
А... тағаланы таныстырған және адам мен әлемнің тағдырында пұттардың ешқандай рөл атқармайтындығын баяндаған аяттардан кейін, осы аят: "Айтуға тиісті мәселені баяндап, ақиқаттың жолын көрсеттік. Дұрыс түсінуге қажетті мәселелердің дәлел-дәйектерін баяндап бердік. Бірақ ешкімді оны қабылдауға мәжбүрлемейміз. Әркім қаласа және қабылдаса, өзіне пайдалы. Ол оның игілігін көреді. Ал кімде-кім оны мойындамаса, оны мәжбүр етпейміз. А... тағала күпірлік пен иманның жолын еріктеріңе қойды. Сондықтан әркім қалаған жолын таңдайды",- дейді. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, біздің міндетіміз, халыққа дәлелдерді жеткізіп, оларға сылтау қалдырмау үшін тура жолға нұсқау болып табылады. Ешкімді мәжбүрлеуге хақымыз жоқ.
Екіншіден, кейбір адамдардың күпірлігі пайғамбарлар тағлымдарының бұрыс болуының емес, қайта өздерінің көкірегінің соқырлығы белгісі.
"Әнғам" сүресінің 105-ші аяты:
"Олар (кәпірлер) "Сен (Құранды) басқалардан үйрендің" деп айтатындығы үшін және білетін адамдарға ақиқатты байымдату үшін, аяттарды осылайша ашалап түсіндіреміз. (105)"
Кәпірлер мен мүшріктердің Ислам пайғамбарына (с) жапқан жалаларының бірі: "Сен яһуди данышпандарынан дәріс оқығансың. Құран мен уахи деп отырған нәрселерің солардан үйренгенің. Бұл сенің сөздерің емес, басқалардікі",-деп айтқандары болатын. А... тағала оларға жауабында пайғамбарды (с) жұбатып: "Мұндай жалаларға мұңайма. Өйткені білім иелері мұндай жаланы қабылдамай, оның жалғандығына куәлік береді. Бұлар ешқандай дәлел мен құжат көрсетпейді. Өйткені тарихи тұрғыдан Ислам пайғамбарының (с) біреуден дәріс оқығанын дәлелдейтін ешқандай айғақ жоқ",-дейді. Бұған қоса Құран мен Тәурат мазмұнының айырмашылығы көп. Құранның көзқарасы бойынша Ислам пайғамбары (с) кезіндегі Тәурат бұрмаланған кітап болып табылады. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, тіпті Құранның қарсыластары да Құранның терең мазмұнын мойындайды. Құранның сөзі негізсіз әрі мағынасыз демей: "Бұл сөздерді пайғамбар өз заманындағы ғұламалардан үйренген",-дейді.
Екіншіден, ғылым мен білім Құранның шындығын жасырмақ түгілі, оның ақиқат екендігіне куәлік етеді.
"Әнғам" сүресінің 106-шы аяты:
"Раббыңнан саған уахи етілгенге (Құранға) бойсұн. А...-дан өзге ешбір құдай жоқ. Мүшріктерден аулақ бол. (106)"
"Құран илаһи уахи емес, қайта сенің сөздерің және басқалардан үйренген нәрсең",-деген кәпірлердің Ислам пайғамбарына (с) жапқан жалаларына қайтарған жауабында бұл аят пайғамбарды (с) жұбатып: "Қарсыластардың айтқандарына көңіл аударма. Тек А...-ның аянына ғана құлақ асып, көңіл бөл. Ақиқат А...-ға ғана тән. Ол сенің шындығыңа куә",-дейді. Мүшріктер мен кәпірлер алдындағы біздің міндетіміз - оларға ақиқатты жеткізіп, тура жолға нұсқау болып табылады. Егер қабылдамайтын болса, оларды мәжбүрлей алмаймыз. Сондықтан оларды өз бетіне қоя береміз. Өзгелерді ақиқатқа шақырған кезде, олардың иман келтіруіне біз мұқтажбыз деп ойлайтындай, жалынып, өтінбеуіміз керек. Сондықтан алдымен оларға қисынды және ізгі сөзбен ақиқат сөзін жеткізу керек. Егер қабылдамаса табандылық көрсетпейік. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, ақиқат жолында болу қарсыластардың жаласы мен кемсітушіліктеріне душар етеді. Сондықтан артқа шегінудің орнына, қорықпай, табандылық таныту керек.
Екіншіден, пайғамбар да аянға бағынады. Ол өз-өзінен шешім қабылдамайды.