Әнғам сүресі, 197-ші бөлім, 98-102 аяттар
Әнғам сүресі, 197-ші бөлім, 98-102 аяттар
"Әнғам" сүресінің 98-ші аяты:
"А... сендерді бір адамнан (Адам атадан) жаратты, сендерге уақытша тұрақ, әрі орын бар (атаның белінде, ананың жатырында, жердің үстінде және астында). Түсінетін қауымға аяттарды анықтап ашық баяндадық. (98)"
Өткен бағдарламадағы табиғат жайлы аяттардан кейін осы аят адам жаратылысындағы А... тағаланың рөліне тоқталып, былай дейді: "А... тағала сендерді жаңаша жаратты. Ол сендерді басқа тіршілік иелерінен артық және ерекше қылып жаратты. Сендердің барлығың, ерлер мен әйелдер, ақ пен қаралар, әр ұлт пен ұлыстар бір заттан жаратылдыңдар. Сендердің бір тобың әлі дүниеге келген жоқ және әкенің белінде, ананың жатырында сақталып, белгілі мерзімде дүниеге келесіңдер. Сондай-ақ сендердің тағы бір тобың дүниеде орналасқан, тағы басқаларың жер астында көмілгенсіңдер, олар қиямет келгенде қайта тіріледі". Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, барлық адамдар бір-бірімен бауырлас. Олардың арасында таптық айырмашылық пен кемсітушіліктің мәні жоқ.
Екіншіден, адамның жаратылысындағы бір негізден осыншама әр алуан түрлердің таралуы Жаратушының ұлылығын көрсетеді.
"Әнғам" сүресінің 99-шы аяты:
"А... аспаннан жаңбыр жаудырып, сол жаңбыр суымен өсімдік атаулыны көктетті, жасыл жапырақ жайғызды, қатарластыра дән алғызды, құрма ағашының шешегінен самсыған құрма салқымдарын өндірді, жүзім бақшаларын жетілдірді, (жемісінің түрі, дәмі) әртүрлі зәйтүн, анарларды шығарды, (олардың әр бірінің) түйін салған және пысқан кездердегі жемісіне қараңдар, оларда адамдар үшін (А...-ның құдіретін көрсететін) дәлелдер бар екені даусыз. (99)"
Барлық адамдар бір заттан жаратылғанын баяндаған аяттан кейін, осы аят барша өсімдіктердің жаңбыр суынан шығатынына меңзейді. Бұл арада айта кететін маңызды жайт, жаңбырдың жаууы мен өсімдіктердің өсіп-өнуі А...-ның ісі. Бұл істе адам бастапқы шаралардан басқа ешқандай рөл атқармайды. Осы аятта жүзім мен құрма тәрізді жемістердің атауы қозғалған. Өйткені басқа жемістерге қарағанда олардың түрлері өте көп және тағамдық құндылығы басқа жемістерден әлдеқайда жоғары. Бұл аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, адам ағаштар мен жемістерге тек материалдық және азық тұрғысынан ғана қарамай, қайта одан тәухидтік байланысты іздеуі тиіс. Сондықтан бұл жемістерден асқазанмен бірге, ми да пайда көріп, А...-ға жетуі тиіс.
Екіншіден, адам табиғатқа үстіртін қарамай, қайта оған терең ой жүргізіп, сол арқылы жаратушыға жетуі тиіс.
"Әнғам" сүресінің 100-ші аяты:
"Олар (мүшріктер) А... жаратқан жындарды оған (А...-ға) серік қып қосты және "А...-ның ұл-қызы бар" деп надандықпен көкіді. А... кіршіксіз пәк, олар айтқан сипаттан жоғары. (100)"
Өкінішке орай Исламнан бұрын илаһи діндерге ерушілер А...-ға серік қосатын болған. Христиандар хазірет Исаны (ғ), ал яһудилер хазірет Ғузайрді (ғ) А...-ның ұлы деп санады. Кейбіреулер періштелерді А...-ның перзенттері деп ойлайтын. Құдайды – жақсылықтың көрінісі, ал шайтанды – жамандықтың көрінісі деп есептеген зартүштер, оны құдайдан бөлек деп санап, жаратылыс әлемін басқаруда оған серік деп есептейтін. Кейбір арабтар жындарды А...-ға байланыстырып, оларды А...-ның туыстары деп білетін. Бұл аят осындай ырымдарға толы сенімдерге былай деп жауап қайтарады: "Жын да сендер секілді А...-ның жаратқаны болып табылады. Негізінде жаратылыс әлемін басқаруда оған серік болатындай А...-ның ұлы да, қызы да жоқ. А... тағала сендердің сөздерің мен ойларыңдағы нәрселерден жоғары. Ол адамның кез-келген сипаттарынан таза. А... тағала адамның зейінінде болса, ол мақұлық болар еді. Ал ол адамды жаратушы". Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, надандық – ырымшылдықтың тамыры. Сондықтан сенім мәселесінде адам ырымдарға емес, ақылға сүйенуі тиіс.
Екіншіден, перзент пен ұрпаққа ие болатындай А...-ның жұбай да, теңдес де жоқ. Кейбіреулер қалайша А...-ның перзенті бар дейді?
"Әнғам" сүресінің 101-102 аяттары:
"Көк пен жердің жаратушысы болған А...-ның жұбайы жоқ болса, онда қалайша бала болсын?! Күллі затты А... жаратты, күллі затты ол біліп тұрады. (101) Әне сол – сендердің Раббыларың А... , онан өзге ешбір құдай жоқ. Ол – күллі заттың жаратушысы, оған құлшылық етіңдер. (102)"
Осы аяттар кешенінің соңында А... тағала әлемді жарату мен оны басқарудағы өзінің бірлігін тағы да қуаттап, былай дейді: "Ол әлемді жоқтан жаратты және оның барлық сырлары мен құпияларын білуші. Сендер оған перзент пен жұбай ойлап шығаратындай, ешкімге зәру емес.Ол сендердің жалғыз жаратушыларың болғандықтан, тек оған ғана құлшылық етіңдер! Одан басқаға жүгінбеңдер!". Бұл аяттардан үйренетініміз:
Біріншіден, Құран таныстыратын құдай мен өзгеріске ұшыраған кітаптарда жазылған құдайды салыстырып, айырмашылықтарын көріңдер.
Екіншіден, А...-ға құлшылық етудің негізі – оның жаратылысында. Бізді жаратушы ғана құдай болуға лайық.