Әнғам сүресі, 192-бөлім, 75-79 аяттар
Әнғам сүресі, 192-бөлім, 75-79 аяттар
"Әнғам" сүресінің 75-ші аяты:
"Осылайша Ибраһимға (ғ) сенушілерден болуы үшін көктердің, жердің (ғажайып) мүліктерін көрсеттік. (75)"
Өткен бағдарламада айтқанымыздай, хазірет Ибраһим (ғ) өз қауымының адасқан әрі негізсіз ой-пікірлері және сенімдерімен қисын мен дәлел арқылы күресіп, пұттар мен пұтқа табынудан безетіндігін жариялады. А... тағала осы аятта былай дейді: "Ибраһимның (ғ) пұтқа табынушылар алдындағы батылдығы үшін оған көктер мен жер жөнінде маңызды ақиқаттарды көрсеттік. Осылайша ол жаратылыстың ішкі дүниесін көріп, жаратылыстың иесі А... екендігіне оның сенімі арта түсті". Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, ақиқатты түсініп, басқаларды соған шақырған кісіні А... тағала тура жолға салып, оған періштелік көру сезімін береді.
Екіншіден, дүниедегі әр нәрсенің сыртқы көрінісіне ғана мән бермейік. Жаратылыстың А... және адаммен байланысын естен шығармайық.
"Әнғам" сүресінің 76-шы аяты:
"Оны түн қаптаған сәтте, бір жұлдыз көрді де: "Осы менің Раббым",-деді. Жұлдыз батқан кезде: "Бататындарды жақсы көрмеймін",-деді. (76)"
Хазірет Ибраһим (ғ) заманында пұтқа табынушылықпен қоса, жұлдыз, ай және күн тәрізді аспан денелеріне көңіл бөлу де кең таралған болатын. Халық аспан денелерінің қозғалысы олардың тағдырына әсер етеді деп ойлайтын. Қазіргі замандағы әдеби шығармаларда да осындай түсініктер қолданылады. Мысалы, кейбіреулер "пәленбайдың мерейінің жұлдызы туды" немесе "мына аспанда менің бір жұлдызым да жоқ" дейді.
Хазірет Ибраһим (ғ) осындай ой-пікірге қарсы ерекше әдіс қолданатын. Ол өзін халық тәрізді жұлдыз, ай мен күнге және олардың құдайлық сипаты бар екендігіне сенетіндей етіп көрсетеді. Бірақ жұлдыздар мен аспан денелері әрқашан туып, бататын болғандықтан: "Бататын нәрсе табынуға тұрмайды. Басқаша айтқанда, мұндай құдайдың өзі табиғат заңдарына бағынады және менің тағдырыма әсер ететіндей, оның өзінің еш құдіреті жоқ",-дейді. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, шақыру әдістерінің бірі - адасқан адамдарға қосылып, олардың өздерінің түсінігіндегі қисынмен дәлелдеу болып табылады.
Екіншіден, құдай - адам ұнататындай болуы тиіс. Өйткені құлшылық адамның ақыл-сезімімен емес, жүрек-көңіліне байланысты.
"Әнғам" сүресінің 77-78 аяттары:
"Туған айды көргенде: "Осы менің Раббым",-деді. Ол батқанда: "Егер Раббым тура жолға салмаған болса еді, әрине мен адасқан елден болар едім",-деді. (77) Және шыққан күнді көргенде: "Осы менің Раббым, мынау үлкенірек",-деді. Ол батқан сәтте: "Әй, қауымым! Расында, сендер А...-ға ортақ қосқан нәрселерден бездім",-деді. (78)"
Жұлдыздарға табыну жөніндегі және оны жоққа шығару әдістерін баяндаған аяттардан кейін бұл аяттар ай мен күнге табынуға меңзеп былай дейді: "Хазірет Ибраһим (ғ) ай мен күнді көріп, өзге халық тәрізді соларға табынатынын айтады. Ол тіпті күннің үлкен болғандығынан, оған көбірек көңіл аударады. Дегенмен ай мен күн батқан кезде, ол халыққа бататын аспан денелерінің табынуға тұрмайтынын ескертеді. Хазірет Ибраһим (ғ) халықтың аспан денелеріне табынуы адасушылық дейді. Егер мен де сендер секілді бұларға табынатын болсам – адасқаным. Ешқандай күші жоқ бұларды қалайша жаратылысты басқаруда А...-ға серік дейсіңдер?". Осы аяттардан үйренетініміз:
Біріншіден, адамның болмысын ояту мен оны ойға салу илаһи пайғамбарлардың әдісі.
Екіншіден, адасқан ой-пікірлер мен мінез-қылықтарға кездескенде біртіндеп әрекет жасау керек. Хазірет Ибраһим (ғ) секілді алдымен жұлдызды, онан соң айды, ақырында күнді жоққа шығару керек.
"Әнғам" сүресінің 79-шы аяты:
""Мен шынайы түрде жүзімді көктерді, жерді жаратқанға жөнелттім. Және ортақ қосушылардан емеспін",-деді. (79)"
Хазірет Ибраһим (ғ) пұтқа табынушы халық пен жұлдыз, ай мен күнге табынушыларға қатысты өзінің қисынды дәлелдерін аяқтай келе: "Бұл нәрселердің ешқайсысы Құдай бола алмайды. Менің Құдайым мені, әлемді және осы заттардың барлығын жаратқан А... . Көктер мен жерді Ол жаратты. Мен тура жолды іздегендіктен А...-ға ешқандай серік қоспай, жүзімді Оған қаратып, тәуекел еттім",-дейді. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, әрқашан бізге ақиқат айқындалса, оны батыл түрде жариялап, жалғаннан безетіндігімізді айту керек.
Екіншіден, серік қосудан аулақ болу дегеніміз – адамның барлық істерде А...-ға көңіл аударуы болып табылады. Ал басқа нәрселер мен адамдарға ерекше көңіл бөлу тәухидтен алшақтатып, серік қосу аясына кіргізеді.