Әнғам сүресі, 189-ші бөлім, 61-65 аяттар
Әнғам сүресі, 189-ші бөлім, 61-65 аяттар
"Әнғам" сүресінің 61-ші аяты:
"Ол (А...) – пенделерін әміріне ұстаушы. Сендерге қорғаушы періштелер жібереді. Ол сендердің біріңе ажал жетсе, жіберген періштеміз оның жанын алады, (А...-ның әмірін) бұлжытпай орындайды. (61)"
Өткен бағдарламада айтқанымыздай, адамның ұйықтауы мен оянуы да А...-ның қолында. А... тағала әр адамның ғұмырына белгілі мерзім тағайындаған. Бұл аятта Құран: "Өмір мен өлімдегі сендердің істеріңді А... тарапынан жіберілген періштелер атқарады",-дейді. Періштелердің бір тобы адамды түрлі оқиғадан қорғаса, басқа бір тобы адамның амалдарын жазып, тіркеу қызметін атқарады. Сол сияқты адамның өлер кезінде, жанын алуға міндетті періштелер де бар. Құранның айтуынша олардың ісінде олқылық болмайды. Олардың ісінде асығу да, кешігу де жоқ. Осы аят А...-ның адамзатқа толық үстемдік жүргізетінін және адамның бұған қарсыласуға еш қауқары жоқ екендігін ескертеді. А...-ның құдірет иесі екендігінің мағынасы осы. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, А... тағала бізге толық үстемдік етеді. Егер бізді өз еркімізбен жіберген болса, бұл Оның ілтипатының белгісі.
Екіншіден, періштелер - жаратылыс жүйесінің қызметкерлері. Жаратылған жандарды қорғау оларға тапсырылған.
"Әнғам" сүресінің 62-ші аяты:
"Мұнан соң пенделер хақ ие А...-ның алдына апарылады. Анығында, үкім тек А...-ның ғана ісі. Оның есеп алуы өте тез. (62)"
Бұл аят адамның дүниедегі істерінің аяқталып, қиямет сахнасында тұрғанына меңзеп: "Өлгеннен кейін адамдар А...-ға қарай оралып, амал кітабында жазылған істері бойынша есеп береді",-дейді. Тарих бойында келіп-кеткен осыншама адамның істері қалай есептеледі?"- деген сұрақ туындауы мүмкін. Мұның жауабы анық. Өйткені барлық амалдар бұрын тіркелгендіктен, оның немен аяқталатыны мәлім. Қияметте әркім өзінің амал кітабымен танысып, сол бойынша жұмаққа немесе тозаққа барады. Рауаяттарда айтылғандай, барлық жаратылыс иелерінің ризығы бір мезгілде беріліп, оны ешкім көріп тұрмайтындай, А... тағала барлық адамдардың есебін бір мезгілде береді. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, адамға төрелік етуші тек А... ғана. Өйткені басшы тек Ол ғана, басқалар оның құлдары.
Екіншіден, нағыз қамқоршы А... ғана. Ата-ана мен пайғамбарлар және әулиелер тәрізді А... тарапынан қамқорлық жасалмаса, басқалар адамға қамқоршы алмайды.
"Әнғам" сүресінің 63-64 аяттары:
"(Ей, Мұхаммед!): "Егер бізді құрлық пен теңіздің қараңғылықтарынан құтқарсаң сөзсіз шүкір қылар едік деп А...-ға жасырын жалбарынып тілек етесіңдер. Осындай қараңғылықтардан сендерді кім құтқара алады?",-деп айт. (63) "Ол қараңғылықтар мен бейнеттерден сендерді А... құтқарады, онан кейін сендер тағы да А...-ға серік қосасыңдар",-деп айт. (64)"
Негізінен адам қараңғылықтан қорқатын болғандықтан оны қорқынышты деп санайды. Сондықтан Құран осы аятта: "Құрлықта болсын, теңізде болсын көп жағдайларда сендер қорқасыңдар. Осындайда басқалардан үміт үзесіңдер және дүниеде сенген нәрселерің сендерді құтқармайды. Сонда өз табиғаттарың бойынша жүректеріңде немесе ауызбен А...-ға жалбарынып, Одан көмек сұрайсыңдар. Тіпті А...-ға егер осы бұл қиыншылықтан құтылсақ, шүкірлік етеміз, күпірліктен бас тартамыз деп сөз бересіңдер. Бірақ тәжірибе көрсеткендей А... сендерді қанша құтқарса да, қиыншылықтан құтылған соң, А...-ны естен шығарып, олар бұл жаратылыста А...-ның серіктері тәрізді тағы да басқаларға жүгінесіңдер",-дейді. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, өмірдегі ауыртпалықтар мен қиыншылықтардың тигізетін әсерлерінің бірі - адамның көңілін А...-ға аудартып, оны күпірлік пен серік қосудан алшақтату болып табылады. Ал рахат пен тыныштық адамның А... мен Оның нығметтерін жадынан шығаруына себеп болады.
Екіншіден, адам А...-ға берген уәделерінде тұрмайды. Бұл шүкірсіздіктің ең жаман түрі.
"Әнғам" сүресінің 65-ші аяты:
"(Ей, Мұхаммед! оларға): "А... сендердің төбелеріңнен (тас,құс, бақа, шегіртке сияқты) және аяқтарыңның астынан (топан су, жер сілкіну сияқты) азаптарды жіберуге, яки сендерді топтарға бөліп, біріңді біріне салу арқылы сазайларыңды тартқызуға құдіреті жетеді",-де. Олар түсінсін деп аяттарымызды қандай баяндағанымызды көрші! (65)"
Адамның қиыншылықтарын шешудегі А... тағаланың ілтипаты мен рақымшылығын баяндаған өткен аяттан кейін, бұл аят А...-ның қаһары мен ашуына меңзеп былай дейді: "А...-ның мейірімі мен қаһары қатар жүреді. Егер А...-ға қарай жүріп, Оған жалбарынсаңдар Оның мейіріміне бөленесіңдер. Ал егер Одан бет бұрып, серік қоссаңдар А...-ның қаһарына тап болып, жоғары мен төменнен, оң мен солдан жан-жақтан азаптың қоршауында қаласыңдар",- дейді. Тәухидтен алшақтасаңдар бірліктен айрылып, араздыққа душар боласыңдар. Ал бұл соғыс пен қантөгіске ұласады. А... мен Оның нұсқауларынан алшақтау қоғамды түрлі қиыншылықтарға душар қылып, әлеуметтік таптың пайда болып, қоғамның бай мен кедей топтарға бөлінуіне себеп болады.
Байлар билікті қолға алып қол астындағыларға зорлық-зомбылық жасайды. Ал кедей-кепшіктер болса кедейліктен құтылу үшін көтеріліс жасап, билік басындағы байлардың ұйқысын қашырады.
Бүгінде тәухид жолынан шыққан қоғамдардың жоғарғы тап өкілдерінің зорлық-зомбылық жасауы мен төменгі таптағылардың өз міндеттерін білмей, жауапкершіліктен қашуына кіріптар болып отырғанына куәміз. Билік пен байлықты қолға алған өзімшілдік, қоғамды іштен бұзып, ыдырату үстінде. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, А...-ның құдіретінен ғапыл болмайық. Өз күшімізге мақтанбайық. Өйткені Оның қаһары келсе, оған ешкім қарсы тұра алмайды.
Екіншіден, серік қосудың жағымсыз салдарының бірі – араздық. Ол қоғамның тәртібін бұзып, соғыс пен қантөгіске соқтырады.