Жел 27, 2016 19:56 Asia/Almaty

Мәида сүресі, 151-ші аят, 32-35 аяттар

"Мәида" сүресінің 32-ші аятын тыңдайық:

من اجل ذلك كتبنا علي بني اسرائيل انه من قتل نفسا بغير نفس او فساد في الارض فكانما قتل الناس جميعا و من احياها فكانما احياالناس جميعا و لقدجاء تهم رسلنا بالبينات ثم ان كثيرا منهم بعد ذلك في الارض لمسرفون 

"Сол (Қабылдың Абылды өлтіруі) себебінен (Тәуратта) Исраил әулеттеріне: "Кімде-кім жер жүзінде бұзақылық қылмаған, нахақ кісі өлтірмеген біреуді өлтірсе, ол бүкіл адамзатты өлтіргенмен тең. Кімде-кім бір адамды тірілтсе (өлім қатерінен құтқарса) ол, бүкіл адамзатты тірілткенмен тең",-деп үкім жаздық. Пайғамбарларымыз оларға (Исраил ұрқына) шынында анық мұғжизалармен келді. Сонда да олардың көбі, (күпірлік етіп, адам өлтіріп) жер әлемде шектен асып кетті. (32)"

Өткен бағдарламада хазірет Адамның (ғ) перзенттері оқиғасын баяндап, Қабыл қызғаныштың себебінен туысы Абылды өлтіріп және бір қарға келіп көрсеткендей оны жерлеп, ақырында істеген ісіне өкінгенін білдік. Осы аятта А... тағала: "Осы оқиғадан соң, біз "бір адамды өлтіру - барлық адамдарды өлтірумен тең, ал бір адамды өлімнен құтқару – барлық адамзатты құтқарумен тең" деп санадық",-дейді. Құран осы аятта әлеуметтік бір маңызды шындыққа сілтеме жасап, былай деп ескертеді: "Адамзат қоғамы бір дене тәрізді. Қоғамдағы адамдар сол дененің мүшелері. Сондықтан осы қоғамның бір мүшесіне зиян тисе, оның салдары өзге мүшеден байқалады. Сондай-ақ бейкүнә адамның қанын төккен кісі, шын мәнінде басқа да жазықсыз адамдарға қол салуға дайын. Ол кісі өлтіруші болғандықтан, оған кінәсіз адамдар айырмашылық етпейді". Жаратылыс қағидасы тұрғысынан Абылдың өлімі, дүниеге келіп, тіршілік ету мүмкіндігінен айрылған қоғамның бір зор бөлігінің жойылуына себепші болды. Бір қызығы, Құран "бір адамды өлтіруді – барлық адамдарды өлтірумен теңеу" арқылы адамның өмірін сақтауға зор мән бергенімен, екі жағдайда адамды өлтіруге рұқсат береді. Біріншісі, адам өлтіргенді қасас ету. Екіншісі, адамды өлтірмесе де, қоғамда азғындық пен қылмысты жаятын кісіні өлтіру. Қоғамдық қауіпсіздік пен тыныштықты бұзатын мұндай адамның көзін жою керек. Исламдық рауаяттар бойынша, адамды өлтіру мен тірілту дәлелдерінің бірі – "адастыру" мен "тура жолға салу". Кімде-кім басқаларды адастырса, қоғамды адастырғандай болады. Ал кімде-кім бір адамды тура жолға салса, қоғамды бақытқа жеткізгендей болады. Сонан соң бұл аят Исраил қауымының заң бұзушылық әдетіне тоқталып, былай дейді: "Оларға көптеген пайғамбарлар жіберіп, құлақтарына ақиқатты жеткізгенімізге қарамастан, олар қылмыстарын қоймай, илаһи ережелерден шығып кетті". Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, тарихта адамдардың тағдыры бір-біріне байланысқан. Сондықтан адамзат тарихы бір-біріне қосылған тізбекті құрайды. Осы тізбектің бір бөлшегі сынса, көптеген адамдар жойылады.

Екіншіден, әр істің қадірі оның мақсаты мен ниетіне байланысты. Біреуді әдейі және зорлықпен өлтіру – бір қоғамды жоюмен бірдей. Бірақ кісі өлтірген адамды қысас ету, қоғамға тіршілік сыйлайды.

Үшіншіден, адамның өмірін құтқаратын дәрігерлер мен медбикелер өз істерінің қадірін білгені жөн. Олар әр науқасты өлімнен құтқару арқылы, бір қоғамды құтқарады.

"Мәида" сүресінің 33-34 аяттары:

انما جزاواالذين يحاربون الله و رسوله و يسعون في الارض فسادا ان يقتلوا اويصلبوا او تقطع ايديهم و ارجلهم من خلاف اوينفوا من الارض ذلك لهم خزي في الدنيا و لهم في الاخره عذاب عظيم الاالذين تابوا من قبل ان تقدروا عليهم فاعلموا ان الله غفور رحيم. 

"А...-мен, пайғамбармен жауласқандардың және жер бетінде лаң салушылардың жазасы: оларды өлтіру, немесе дарға асу, немесе қол-аяқтарын (оң қолы немесе сол аяғын) шадырлап кесу, немесе жер аударып қуу. Бұл олар үшін бұл дүниеде (үлкен) қорлық. Олар ақыретте (онан да) зор қинауға түседі. (33) Сендер ұстап алудан бұрын тәубе қылып, райынан қайтқандар, бұған кірмейді. А...-ның шынында кешірімді, рақымды екенін білгендерің жөн. (34)"

Адамның өмірін қиюға тыйым салған аяттардан кейін осы аяттар: "Осы тыйымды сақтамаған әркімнің жаны құрмет етілмейді және басқаларға сабақ болу үшін ең қатаң жазаға тартылуы тиіс",-дейді. Осы аятта жазалаудың төрт түрі айтылған, олар: өлтіру, дарға асу, дене мүшесін кесіп тастау және жер аудару. Әрине бұл жазалар бірдей емес. Сондықтан исламдық басшы қылмыстың түрі мен ауырлығына қарай жазаның сәйкес түрін таңдап, орындайды. Бұл арадағы қызықты жайт, А... тағала осы аятта "адамдарды өлтірумен қорқытуды" – А... мен пайғамбарға қарсы шығумен бірдей маңызды мәселе деп санайды. Яғни қылмыскер әлсіз адамды кездестіріп, оған кез-келген зұлымдық көрсете алатындай емес, қайта А... мен пайғамбарға қарсы шыққанын білуі тиіс. Аяттың соңғы бөлімі: "Әрине дүниедегі бұл жазалар қияметтегі ауыр жазадан босатпайды. Егер қылмыскерлер тәубе етіп, А... олардың күнәсін кешірмесе, оларды ауыр азап күтіп тұр. Дегенмен халықтың құқығы қайтарылуы тиіс. Зұлымдық көрген адам да кешіретін болса, ол басқа",-дейді. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, қоғамды түзету үшін насихат пен кеңес те, сот пен қатаң жазалау да қажет.

Екіншіден, қоғамның тыныштығы мен қауіпсіздігін бұзатындар қоғамнан шеттетілуі тиіс.

Үшіншіден, исламдық қылмыстық заңдарды атқару мықты әрі беделді исламдық үкіметті құруды қажет етеді.

"Мәида" сүресінің 35-ші аяты:   

يا ايهاالذين آمنوا اتقواالله و ابتغوا اليه الوسيله و جاهدوا في سبيله لعلكم تفلحون .

"Ей, имандылар! Тілекке жетеміз (ақырет азабынан құтыламыз) десеңдер, А...-дан именіңдер, оған (құлшылық етумен) жақындасуды қарастырыңдар. А... жолында күресіңдер. Мүмкін сендер құтыласыңдар. (35)"

Кісі өлтіру, қылмыс, қоқан-лоққы және бұзақылық секілді бірқатар күнәларды баяндалған соң осы аятта: "Осы мазасыз дүниеде күнәдан арылудың жолы екеу. Тақуалық және нәпсіні бақылау. Осы екі фактор адамның күнә жасауына жол бермейді. Сонымен қатар үнемі Құран Кәрім мен Пайғамбардың (ғ) сүннәті мен оның әулетіне сондай-ақ тарихтағы пәк тұлғалардың нұсқауларына жүгініп, А...-дан жәрдем сұрау керек. Осының барлығы адамның А...-ға жақындауына септігін тигізеді",-делінген. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, бақытқа жету үшін күнәдан аулақ ұстанып, пәк тұлғаларға жақын жүру керек.

Екіншіден, тақуалық пен А...-ға тәуекел бақытқа жолдайды.