Жел 27, 2016 20:02 Asia/Almaty

Мәида сүресі, 146-шы бөлім, 12-14 аяттар

"Мәида" сүресінің 12-ші аяты:

وَلَقَدْ أَخَذَ اللّهُ مِيثَاقَ بَنِي إِسْرَائِيلَ وَبَعَثْنَا مِنهُمُ اثْنَيْ عَشَرَ نَقِيبًا وَقَالَ اللّهُ إِنِّي مَعَكُمْ لَئِنْ أَقَمْتُمُ الصَّلاَةَ وَآتَيْتُمُ الزَّكَاةَ وَآمَنتُم بِرُسُلِي وَعَزَّرْتُمُوهُمْ وَأَقْرَضْتُمُ اللّهَ قَرْضًا حَسَنًا لَّأُكَفِّرَنَّ عَنكُمْ سَيِّئَاتِكُمْ وَلأُدْخِلَنَّكُمْ جَنَّاتٍ تَجْرِي مِن تَحْتِهَا الأَنْهَارُ فَمَن كَفَرَ بَعْدَ ذَلِكَ مِنكُمْ فَقَدْ ضَلَّ سَوَاء السَّبِيلِ ﴿۱۲﴾

"Шынында Алла Исмаил ұрпақтарынан уағда алды. Олардың арасынан (он екі аймақтың әрбірінен бірден) он екі бастықты (кепілдік үшін Амалиқа озбырларына) жібердік. Алла оларға: "Мен сендермен біргемін, егер сендер намаз оқысаңдар, зекет берсеңдер, пайғамбарға сеніп, оларға көмектессеңдер, Алла үшін жақсылықпен қарыз берсеңдер, күнәларыңды жойып, іргесінен өзендер аққан пейішке кіргіземін. Әл сонан кейін, сендерден кім қарсы келсе, әлбетте, оның дұрыс жолдан адасқаны",-деді. (12)"

Осы және одан кейінгі аяттар Алланың пайғамбарлар арқылы бұрынғы үмметтерден алған серттеріне тоқталып былай дейді: "Алла тағала Исраил қауымының пайғамбары хазірет Мұса (ғ) арқылы оларға илаһи нұсқауларды беріп тұру үшін Исраил ұрпақтарының он екі руына он екі жетекші тағайындады". Осындай уәделердің бірі, Алла Исраил қауымына, егер олар діни міндеттерін орындауда берік болса, оларды дұшпаннан құтқаратынына уәде берді. Алла мен пайғамбарға иман келтіріп, намаз оқып, зекет беріп, қайырымдылық жасаған адамға Алланың жәрдемі келеді. Мұндай адамдар һәм дүниеде Алланың ілтипатына бөленеді, һәм ақыретте де үлкен жәннат нығметіне кенеледі. Ислам пайғамбарынан (с) жеткен кейбір рауаяттар бойынша, пайғамбардың орынбасарлары да Исраил қауымының жетекшілері тәрізді он екі адамнан тұрады. Олардың ең біріншісі – хазірет Әли (ғ), ал ең соңғысы – хазірет Мехди (ғ). Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, амалсыз иман жеткіліксіз. Пайғамбарларға иман келтіре салу жеткіліксіз, сондықтан оларға және олардың дініне қолдау көрсету парыз.

Екіншіден, Алланың кез-келген пендесіне жақсылық жасау Алламен мәміле жасаумен тең. Кедей-кепшіктерге жақсылық жасағанымыз үшін міндетсінбей, оларға шын жүректен көмектесуге тырысайық.

"Мәида" сүресінің 13-ші аяты:

فَبِمَا نَقْضِهِم مِّيثَاقَهُمْ لَعنَّاهُمْ وَجَعَلْنَا قُلُوبَهُمْ قَاسِيَةً يُحَرِّفُونَ الْكَلِمَ عَن مَّوَاضِعِهِ وَنَسُواْ حَظًّا مِّمَّا ذُكِّرُواْ بِهِ وَلاَ تَزَالُ تَطَّلِعُ عَلَىَ خَآئِنَةٍ مِّنْهُمْ إِلاَّ قَلِيلًا مِّنْهُمُ فَاعْفُ عَنْهُمْ وَاصْفَحْ إِنَّ اللّهَ يُحِبُّ الْمُحْسِنِينَ ﴿۱۳﴾

"Серттерінен тайғандықтан, оларды қарғысқа қалдырып, тас жүрек етіп қойдық. Олар (Тәураттың) сөздерін өзгертті, өздеріне айтылған насихаттың кейбіреуін ұмытты. (Ей, Мұхаммед!) Олардың аз сандылары болмаса, көбінің зымияндығын әрдайым көріп жүрсің. Сөйтсе де оларды (тәубе қылса, иман айтса) кешір, оларға кең бол. Алла шынында жақсылық қылғандарды сүйеді. (13)"

Өткен аятта илаһи серттер туралы сөз қозғалса, осы аят яһудилердің уәде бұзуына тоқталып былай дейді: "Олар Аллаға берген осы сертін бұзып, Оның жарылқауынан құр қалды. Осының нәтижесінде олар ақиқатты қабылдамай, тас жүрек болды". Өйткені олар сертті ғана бұзбай, өздерінің қате істерін ақтау үшін қасиетті кітапты бұрмалады. Тіпті оның бір бөлігін жойып жіберіп, ұмытты. Аяттың соңында: "Хазірет Мұса (ғ) заманындағы яһудилер ғана емес, Ислам пайғамбары (с) кезіндегі Мәдина яһудилері де мүміндерге қарсы астыртын әрекеттер мен қиянаттарын қоймаған",-делінген. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, Алланың сөзі пәк жүректерге қонады. Қарайған жүрек ақиқатты қабылдамаумен қоса, Алланың сөзінің дыбысы мен мағынасын өзгертуге де барады.

Екіншіден, тарихи жағынан Исраил қауымы уәде бұзушы және қиянатшыл қауым болған.

Үшіншіден, басқаларға көрсетілетін ең абзал жақсылық – олардың қателігін кешіру болып табылады.

"Мәида" сүресінің 14-ші аяты:

وَمِنَ الَّذِينَ قَالُواْ إِنَّا نَصَارَى أَخَذْنَا مِيثَاقَهُمْ فَنَسُواْ حَظًّا مِّمَّا ذُكِّرُواْ بِهِ فَأَغْرَيْنَا بَيْنَهُمُ الْعَدَاوَةَ وَالْبَغْضَاء إِلَى يَوْمِ الْقِيَامَةِ وَسَوْفَ يُنَبِّئُهُمُ اللّهُ بِمَا كَانُواْ يَصْنَعُونَ ﴿۱۴﴾

"Өздерін насарамыз (христианбыз) дейтіндерден де уағда алдық. Олар (Інжілде) өздеріне айтылған насихаттың бір бөлігін ұмытты, сондықтан олардың арасына қияметке дейін дұшпандық пен араздық салдық. Алла олардың қылықтарын өздеріне айтып береді. (14)"

Яһудилердің серт бұзушы қасиетінен кейін осы аят христиандардың да уәдені сақтамағандығына тоқталып былай дейді: "Өздерін хазірет Исаға (ғ) ерушіміз және оны қолдаушымыз дегендерден де "Алланың дініне берік болыңдар" деп уәде алғанбыз. Бірақ олар да уәдесінде тұрмады. Исраил қауымының жолына түсіп, қасиетті кітапты бұрмалап, оның кейбір бөлімдерін сызып тастады. Сондықтан олардың арасында қарама-қайшылықтар жайылып, қияметке дейін жалғасады". Христиан дініндегі бұрмалаушылықтың ең айқын үлгісі – тәухидтің орнына "троицаға" сену болып табылады. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, иман келтірдім дегендер көп болғанымен, діндерді нағыз ұстанушылар өте аз.

Екіншіден, діни қоғамдардағы қарама-қайшылық пен араздықтың себебі – Алланы ұмыту болып табылады. Қоғамның бірлігі нағыз тәухидке байланысты.

Үшіншіден, басқа дінге ерушілердің серт бұзуының салдарынан сабақ алайық. Діни міндеттерді орындауда берік болайық.