Жел 31, 2016 20:31 Asia/Almaty

Юныс сүресі, 307-ші бөлім, 5-10 аяттар

« هوالٌذي جعل الشمس ضياء والقمر نورا و قدره منازل لتعلموا عددالسٌنين و الحساب ما خلق الله ذلک الا بالحق يفصٌل الايات لقوم يعلمون » ، « انٌ في اختلاف الليل و النهار و ما خلق الله في السٌموات و الارض لايات لقوم يتقون » 

«Ол сондай Алла, күнді жарық, айды нұр етіп жаратты да оған (айға) жылдардың сандарын, есептерін білулерің үшін орындар белгіледі. Алла бұларды шындықпен ғана жаратты. Алла, білетін ел үшін аяттарын ашық-ашық баян етті» (5).

«Расында түн мен күннің ауысып келуінде және Алланың көктер мен жердегі жаратқан нәрселерінде әрине, сақтанатын ел үшін дәлелдер бар» (6).

Алдыңғы бағдарламада жаратылыс пен қияметке тоқталған аяттан соң осы аяттар Алланың дүниені жаратудағы ұлылық белгілерінің біріне сілтеме жасап, күн мен айдың маңызын баяндады. Жер мен жерліктердің өмірі күннің нұры мен жылылығына тәуелді, ал түннің шырағы – айдың әдемі нұры тіршілік иелерінің, соның ішінде адамдардың ұйқысының ұйытқысы, түнде ен далалардағы жолнұсқаушы. Жарық сыйлаумен қатар, жердің күнді айналуы мен айдың жерді айналуы төрт маусымның өтуімен бір шамси жылы толатын табиғи күнтізбені тудырды. Басқа жақтан, айдың әртүрлі жағдайларымен, яғни жаңа туған, жіңішке жарты күйден, дөңгеленіп, толысқанға дейін және оның қайтадан алдыңғы күйге оралуы кезінде бір қамари айы қалыптасады. Бұл – тарих бойында әртүрлі нәсілді және әртүрлі тайпадан шыққан, сауатты, һәм сауатсыз адамдардың барлығы өздерінің істері мен өмірлерінің есебін білу үшін пайдаларына жаратқан табиғи күнтізбе. Аяттардың жалғасы жаратылыс жүйесінің хақтығын, дұрыстығын және даналыққа толы екендігін қуаттап, «қарапайым іс болып көрінетін күннің батып, кештің түсуі Алла Тағаланың көптеген құдіреті мен даналығының белгілерін қамтиды, мұны Хақты танып, ақиқатты білгісі келетін тақуалар мен пәк тұлғалар түсінеді» дейді.

Осы аяттардан үйренетініміз:

1. Сан, дерек және есептің адам өміріндегі маңызы өте зор. Құран ай мен күн негізі бойынша  ай санап, жыл қайыруды Алланың белгілерінің бірі деп атайды.

2. Бізге табиғи құбылыстардың маңызы жоқ болып көрінгенімен, жаратылыстың илаһи сұлулық пен Алланың даңқының айнасы екендігін естен шығармайық.

«Юныс» сүресінің 7-8 аяттары:

« انٌ الذين لايرجون لقاء نا و رضوا بالحيوة الدنيا و اطمانٌوا بها و الٌذين هم عن آياتنا غافلون » ، « اولئک ماويهم النار بما کانوا يکسبون » 

«Расында сондай бізге жолығуларын үміт етпегендер және тіршілігіне мәз болып сонымен көңілдері жай тапқандар, міне солар, аяттарымыздан хабарсыз» (7).

«Осылардың істеген күнәлары себепті орындары тозақ» (8).

Алла Тағаланың жер мен аспандағы белгілерін баяндаған аяттардан кейін осы аят былай дейді: « Осы белгілерден қапыл қалғандар мен соларды Алланың болмысының белгілері және Оның құдіреті мен хикметі деп білмейтіндер – дүние-мүліктің соңына түсіп, осы пәни және қысқа дүниеге риза болып, соған сенім артқандар. Сондықтан олар өздерінің ақирет қамдарын ойламайды, қиямет күні Пәруәрдігермен кездесуге мүмкіндік жасамайды». Осындай адамдардың дүниелік әртүрлі ластықтар мен пәстіктерге шырмалып, ақиретте тозаққа баратындықтары табиғи жағдай.

Осы аяттардан үйренетініміз:

1. Қияметтен қапыл болу және дүниені жақсы көру – адам мен қоғамның бұзылуына негіз дайындайды.

2. Тозақ – ақиретте от түрінде көрінетін адамның өз  әрекетінің нәтижесі.

«Юныс» сүресінің 9-10 аяттары:

« ان الذين آمنوا و عملوا الصٌالحات يهديهم ربٌهم بايمانهم تجري من تحتهم الانهار في جنٌات النٌعيم » ، « دعويهم فيها سبحانک اللٌهم و تحيتهم فيها سلام و آخر دعويهم ان الحمد لله رب العالمين » 

«Расында сондай иман келтіріп, ізгі іс істегендердің имандары себепті Раббылары оларды астарынан өзендер ағатын Нағым жәннатының жолына салады» (9). «Олардың ондағы дұғалары: «Әй, Алла! Пәксің!» әрі олардың ондағы амандасулары «Сәлем» және ондағы олардың дұғаларының соңы: «Барлық мақтау әлемдердің Раббы, Аллаға тән!», -деу болады (10).

Дүние-мүлікке табынушы тозақтықтардың жағдайынан соң осы аят пейіштік мүміндердің жағдайына тоқталып, илаһи жетекшілікті олардың осы дүние мен ақиреттегі ең үлкен қазынасы деп атайды. Әлбетте, осы жетекшілікке иман мен түзу амалдың нәтижесінде ғана қол жетеді. Илаһи жетекшілік – Алла тағаланың мүміндерге бақытсыздық, қараңғылық пен  қиыншылықтарға кіріптар болмай, тура жолды адаспай тауып амал етулері үшін тарту еткен нұры. Дүние қуудың орнына, Аллаға арқа сүйейтін адамды Алла жарылқап, қияметте де илаһи нығметтер сыйлайды. Аяттың жалғасы пейіштіктердің дұғасына тоқталып, «Собхан Аллаһ», «Алхамдуллиллаһ» деп айтуды олардың белгілері деп атайды. Бұл сөздерді тек ауызбен айту жеткіліксіз.  «Алла Тағала мінсіз» деген сенім Оған алғыс айту мен Оны мадақтауға негіз дайындайды.

Осы аяттардан үйренетініміз:

1. Мүмін үнемі илахи жетекшілікке мұқтаж. Ол ешуақытта оны қажетсінбей тұра алмайды.

2. Сәлем – пейіш тұрғынының сөзі, пейіште кеңістікті осы сөз толтырады: Алла тарапынан жолданған сәлем; періштелер тарапынан айтылған сәлем; пейіштіктердің бір-біріне берген сәлемдері.