Жел 31, 2016 20:58 Asia/Almaty

Бақара сүресі, 268-272 аяты


Мейірімді де рақымды Алланың атымен бастаймын.

 

 

 

الشَّيْطَانُ يَعِدُكُمُ الْفَقْرَ وَيَأْمُرُكُم بِالْفَحْشَاء وَاللّهُ يَعِدُكُم مَّغْفِرَةً مِّنْهُ وَفَضْلًا وَاللّهُ وَاسِعٌ عَلِيمٌ ﴿۲۶۸﴾يُؤتِي الْحِكْمَةَ مَن يَشَاءُ وَمَن يُؤْتَ الْحِكْمَةَ فَقَدْ أُوتِيَ خَيْرًا كَثِيرًا وَمَا يَذَّكَّرُ إِلاَّ أُوْلُواْ الأَلْبَابِ ﴿۲۶۹﴾

 

"Шайтан сендерді кедейлікпен қорқытады (садақа берсеңдер кедейленесіңдер дейді), жексұрындыққа (сараңдыққа, зекет бермеуге) бұйырады. Алла сендерге кешірім мен кеңшілікті уағда етеді. Алла – дарқан, ерен білімді. (2:268) Қалаған адамына хикмет (даналық, білім) бағыштайды. Кімге хикмет бағышталса, оған қыруар игілік берілген болады. Тек ақыл иелері ғана мұны түсіне алады. (2:269)"

Шайтан мен шайтан іспеттес кісілер түрлі әдістер арқылы адамның басқаларға көмек беруіне кедергі жасайды. Олар кейде: "Болашақта бұл ақша өзіңе қажет болады",-деп азғырса, кейде: "Өз еңбегіңмен тапқанды, басқаға неге бересің? Егер Алла қалаған болса, олар кедей әрі мұқтаж болмас еді",-деп сыбырлайды. Мұндай кісілер бір жағынан басқаларға садақа беруге кедергі жасаса, екінші жағынан адамды болашақтағы кедейлікпен қорқытады. Алайда қияметте біздің Алланың кешірімділігіне зәрулігіміз бұл дүниедегі мұқтаждықтан әлдеқайда көбірек. Бұған қоса Алла тағала Өзінің жолында садақа берген адамның болашағына кепілдік жасап, шын мәнінде оны кедейліктен сақтайды. Бірақ өкінішке орай адамдардың көбі осы хикметті мәселеге мән бермей, шайтанның азғыруының ықпалына түседі. Олар тек мал-мүлік пен байлықты ғана жақсылық деп санайды. Ал шынайы жақсылық дегеніміз – илаһи кешірім туралы уәде берілген шақта, шайтанның жалған азғыруларына көнбейтіндей дұрыс ажырату көзқарасы мен күшіне ие болу. Осы аяттардан үйренетініміз:

Біріншіден, кедейліктен қорқып сараң болмайық. Өйткені бұл бізге садақа бергізбеу үшін шайтанның азғыруы болып табылады. Мұндай қорқынышпен күресу үшін илаһи жомарттық пен рақымдылықты еске алайық.

Екіншіден, дұрыс ақылдың белгісі – шайтанның арбауынан гөрі Алланың уәделеріне көңіл қою болып табылады. Діни көзқараста ақылды адам – өзінің немесе басқалардың нәпсіқұмарлығына еретін емес, қайта Аллаға бағынатын адам.

 

 

وَمَا أَنفَقْتُم مِّن نَّفَقَةٍ أَوْ نَذَرْتُم مِّن نَّذْرٍ فَإِنَّ اللّهَ يَعْلَمُهُ وَمَا لِلظَّالِمِينَ مِنْ أَنصَارٍ ﴿۲۷۰﴾ إِن تُبْدُواْ الصَّدَقَاتِ فَنِعِمَّا هِيَ وَإِن تُخْفُوهَا وَتُؤْتُوهَا الْفُقَرَاء فَهُوَ خَيْرٌ لُّكُمْ وَيُكَفِّرُ عَنكُم مِّن سَيِّئَاتِكُمْ وَاللّهُ بِمَا تَعْمَلُونَ خَبِيرٌ ﴿۲۷۱﴾

 

"Не нәрсені қайыр-сахауат етсеңдер де, (Алланың жолына) нені атасаңдар да, Алла шынында оны біліп тұрады. Залымдарға (қатігез, сараң немесе мал-мүлкін күнәлі іске сарп қылушыларға) ешқандай медетші жоқ. (2:270) Садақаны әшкере берсеңдер, ол жақсы. Егер құпия берсеңдер әрі кедейлерге берсеңдер, тіпті де жақсы. Бұл сендердің кейбір күнәләріңнің төлеуі болады. Алла сендердің істеріңнен хабардар.(2:271)"

Халықтың арасында садақа беруге кедергі болатын түсініктердің бірі – садақа берушінің өзіне алғыс күтуі болып табылады. Бұл аят: "Басқалар сенің жақсылығыңды көрмесе немесе алғыс айтпаса да, Алла сенің амалыңды көрді және Оның қасында жазылды. Садақаны Алла үшін берген жоқсың ба? Ендеше оның ақысын халықтан неге сұрайсың?",-дейді. Адам өзінің істерін Алла көріп тұрғанын білсе, осының өзі жақсылық істеуге ең абзал ынталандырушы болып табылады. Құранның сипаттауы бойынша, кедей-кепшіктерге көңіл бөлмеу, қияметте адамды кез-келген жолдас пен қорғаушыдан айыратын зұлымдық және Алланың әулиелерінің шапағатына бөленбейді. Садақаны қалай беру турасында рауаяттарға сәйкес, адам парыз етілген зекетті ашық түрде, ал рұқсат етілген садақаны жасырын түрде бергені абзал. Мұның себебі парыз етілген амалдың әдетте екіжүзділіксіз орындалатын әлеуметтік міндет болғандығынан шығар. Осы аяттардан үйренетініміз:

Біріншіден, біздің садақа бергенімізді Алла тағала біледі. Ендеше Алла жолында ең жақсы нәрсені ең таза ниетпен берейік.

Екіншіден, садақаны кейде ашық түрде, ал кейде жасырын түрде берген жөн. Садақаны ашық түрде беру басқаларды ынталандырса, жасырын түрде беру адамды тәкәппарлықтан алшақтатып, садақа алушының абыройын сақтайды.

Үшіншіден, садақа беру арқылы күнәлар кешіріледі. Алла тағала біздің күнәларымызды кешіруі үшін кейде ақшадан бас тартуымыз керек.

 

 

لَّيْسَ عَلَيْكَ هُدَاهُمْ وَلَكِنَّ اللّهَ يَهْدِي مَن يَشَاءُ وَمَا تُنفِقُواْ مِنْ خَيْرٍ فَلأنفُسِكُمْ وَمَا تُنفِقُونَ إِلاَّ ابْتِغَاء وَجْهِ اللّهِ وَمَا تُنفِقُواْ مِنْ خَيْرٍ يُوَفَّ إِلَيْكُمْ وَأَنتُمْ لاَ تُظْلَمُونَ ﴿۲۷۲﴾

"(Ей, Мұхаммед!) Оларды тура жолға салуға сен жауапты емессің. Алла қалаған пендесін өзі тура жолға салады. Мал-мүліктен нені қайыр-садақаға берсеңдер де ол өз пайдаларың, сендер тек Алланың разылығы үшін қайыр-сахауат бересіңдер. Жақсылық жолға арнаған қайыр-сахауаттарыңның сауабы өздеріңе толық қайтарылады, сендерге әділетсіздік істелмейді. (2:272)"

Тәпсірлерде айтылғандай, мұсылмандар мүшрік кедейлерге садақа беру жөнінде екі ойда болады. Бұл туралы пайғамбардан (с) сұрағанда, осы аят түсіп былай дейді: "Кедейлер бір үзім нан үшін немесе мұсылмандардан садақа аламын деп Исламды қабылдайтындай, дінді қысым жасап, мәжбүр етумен қабылдатуға болмайды. Бұл дүниеде Алланың жомарттығы мүмін болсын, кәпір болсын барлық адамдарды қамтығандай, олардың барлығы Алланың жаратылғаны болғандықтан, мүміндер де иман келтірмегендерге садақа беруі тиіс. Алла тағала олардың сауабын толық береді". Әрине мұсылман еместерге берілетін көмек, кәпірлердің күшеюіне себепші болмай, қайта олардың Исламның жанашырлық рухымен танысуына мүмкіндік болуы тиіс. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, дін зорлықпен қабылданбайды. Ешкім тіпті пайғамбар да адамды Исламды қабылдауға мәжбүрлей алмайды.

Екіншіден, Ислам – адамгершілікке негізделген дін. Сондықтан тіпті мұсылман еместердің де кедей болғанын қаламайды.

Үшіншіден, егер садақа Алла ризалығы үшін берілсе, адам өзінің жақсылығының пайдасын осы дүние мен ақыретте көреді.