Жел 31, 2016 21:00 Asia/Almaty

Бақара сүресі, 264-267 аяты


Мейірімді де рақымды Алланың атымен бастаймын.

 

 

 

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ لاَ تُبْطِلُواْ صَدَقَاتِكُم بِالْمَنِّ وَالأذَى كَالَّذِي يُنفِقُ مَالَهُ رِئَاء النَّاسِ وَلاَ يُؤْمِنُ بِاللّهِ وَالْيَوْمِ الآخِرِ فَمَثَلُهُ كَمَثَلِ صَفْوَانٍ عَلَيْهِ تُرَابٌ فَأَصَابَهُ وَابِلٌ فَتَرَكَهُ صَلْدًا لاَّ يَقْدِرُونَ عَلَى شَيْءٍ مِّمَّا كَسَبُواْ وَاللّهُ لاَ يَهْدِي الْقَوْمَ الْكَافِرِينَ ﴿۲۶۴﴾وَمَثَلُ الَّذِينَ يُنفِقُونَ أَمْوَالَهُمُ ابْتِغَاء مَرْضَاتِ اللّهِ وَتَثْبِيتًا مِّنْ أَنفُسِهِمْ كَمَثَلِ جَنَّةٍ بِرَبْوَةٍ أَصَابَهَا وَابِلٌ فَآتَتْ أُكُلَهَا ضِعْفَيْنِ فَإِن لَّمْ يُصِبْهَا وَابِلٌ فَطَلٌّ وَاللّهُ بِمَا تَعْمَلُونَ بَصِيرٌ ﴿۲۶۵﴾

 

"Ей, мүміндер! Мал-мүлкін ел көзіне көріну үшін жұмсайтын, Аллаға, ақырет күніне сенбейтін адам сияқты, садақаларыңды міндетсіп, немесе ренжітіп беру арқылы текке жібермеңдер. Ондайлар бейне үстіне топырақ қонып, топырағы жаңбырдан кейін шәйіліп кеткен қатты да жұмыр тасқа ұқсайды. Олар берген садақалары үшін (ақыретте) ешқандай сауап ала алмайды. Алла кәпірлер қауымын тура жолға салмайды. (2:264) Алланың ризалығын алу және көкейіндегі иманын бекемдеу үшін мал-мүлкін садақаға беретіндер жаңбыр тисе екі есе өнім беретін, жаңбыр тимесе де дымқылдық сақтайтын (онда да өнім беретін) үстірттегі бақша рәуішті. Алла істегендеріңді көріп, біліп тұрады. (2:265)"

Мүміндерді Алла жолында садақа беруге шақырған осыдан бұрынғы аяттардан кейінгі бұл аяттар Алланың алдында қабылданатын және қабылданбайтын садақаны екі мысал арқылы баяндайды. Бұл аят жұрттың көзіне көріну үшін садақа беретін екіжүзді адамды – іші тастай қатып қалған, су өтпейтін және ешнәрсе өспейтін жұмсақ топыраққа ұқсатады. Мұндай адамның садақасы біреуге пайда бергенімен, өзіне әсер етпейді және сауап алмайды. Ал өзі немесе халық үшін емес Алла жолында пәк ниетпен садақа берген кісі – биік жердегі құнарлы топыраққа егілген тұқым тәрізді. Нөсерлеп немесе сіркіреп жауған жаңбыр топырақ пен тұқымды шайып кетпей, оның өсіп өнуіне себепші болады. Өйткені мұндай топырақ жаңбырдың суын сіңіріп, өзіндегі ағаштың тамырын жетілдіріп, нығайтады. Осы аяттардан үйренетініміз:

Біріншіден, ізгі ниетпен басталып, артынан жаман қылықпен бүлінбеген ізгі істің қадірі бар.

Екіншіден, Алланың ризалығы адамның бойындағы көркем сипаттар мен халыққа қызмету ниеттерін нығайтуда.

Үшіншіден, екіжүзділік - Алла мен қиямет күніне нағыз иманның жоқтығының белгісі.

 

أَيَوَدُّ أَحَدُكُمْ أَن تَكُونَ لَهُ جَنَّةٌ مِّن نَّخِيلٍ وَأَعْنَابٍ تَجْرِي مِن تَحْتِهَا الأَنْهَارُ لَهُ فِيهَا مِن كُلِّ الثَّمَرَاتِ وَأَصَابَهُ الْكِبَرُ وَلَهُ ذُرِّيَّةٌ ضُعَفَاء فَأَصَابَهَا إِعْصَارٌ فِيهِ نَارٌ فَاحْتَرَقَتْ كَذَلِكَ يُبَيِّنُ اللّهُ لَكُمُ الآيَاتِ لَعَلَّكُمْ تَتَفَكَّرُونَ ﴿۲۶۶﴾

 

"Араларыңда құрмалы және жүзімді, іргесінен бұлақ ағып жататын, көп жеміс беретін бақшасы бар, өзінің жасы ұлғайған, бірақ балалары ұсақ біреу от араласқан қатты боран келіп бақшасын түк қалдырмай күйдіріп кетуін жақтыра ма? Алла ой жүгіртулерің үшін өзінің аяттарын осылайша (ашық мысалдар арқылы) баяндайды. (2:266)"

Бұл аят, ізгі істер жасаған бірақ өздерінің екіжүзді, міндетсіп немесе басқаларды ренжітетін әрекеттерімен осы істердің қадірін жоятын кісілерге ишаралайды. Кедей-кепшіктерге садақа беріп, жәрдемдесу – қоғамның бағында егілген ағаш секілді. Ол өсіп, жеміс бергенге дейін көп еңбек сіңіру керек. Алайда егер ол күтілмей, тәкәппарлық секілді зиянкеске ұшыраса, аз уақыт ішінде жойылып, өкініштен басқа ештеңе қалмайды. Рауаяттарда айтылғандай, бір күні Ислам пайғамбары (с) мұсылмандарға: "Алланы зікір етіңдер, әр зікірлерің үшін пейіште сендерге бір ағаш беріледі",-дейді. Сонда олардың біреуі: "Ендеше пейіште біз бақшаларға ие боламыз",-дегенде пайғамбар (с): "Әрине кейде Алланы зікір еткен тілмен ғайбат айтып, оның отымен барлық ағаштарды күйдіресіңдер",-деген екен. Ендеше адам игі істерге мұқтаж болатын қияметте, істеген жақсылықтардың екіжүзділік және ренішпен жойылғанын көру қандай өкінішті. Осы аяттан үйренетініміз:

Жақсылық істегенде тәкәппарлыққа ұшырамайық. Себебі бұдан кейінгі жаман істің салдарынан оның әсерінен айрылып қалуға болады. Бақшадағы ағаштар бой көтеріп, жеміс бергенге дейін ұзақ жылдар өтеді. Алайда от бір мезетте барлығын күлге айналдырады.

 

 

 

 

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ أَنفِقُواْ مِن طَيِّبَاتِ مَا كَسَبْتُمْ وَمِمَّا أَخْرَجْنَا لَكُم مِّنَ الأَرْضِ وَلاَ تَيَمَّمُواْ الْخَبِيثَ مِنْهُ تُنفِقُونَ وَلَسْتُم بِآخِذِيهِ إِلاَّ أَن تُغْمِضُواْ فِيهِ وَاعْلَمُواْ أَنَّ اللّهَ غَنِيٌّ حَمِيدٌ ﴿۲۶۷﴾

 

"Ей, мүміндер! Табыстарыңның және біз сендерге өндіріп берген (астық, жеміс сияқты) нәрселердің жақсысынан садақа беріңдер, өздерің де көздеріңді жұмып тұрып, әрең алатын нашарларын іріктеп садақа қылмаңдар. Алланың (сендердің берген садақаларыңа) мұқтаж еместігін, мақтауға лайық екендігін біліп қойыңдар. (2:267)"

Мұсылмандар Ислам пайғамбарынан (с) үнемі кедей-кепшіктерге садақа ретінде не нәрсені берейік деп сұрайтын. Бұл аят жалпы қағиданы баяндай келіп, былай дейді: "Өздеріңнің таза және лайықты заттарың мен мал-мүліктеріңді садақа ретінде беріңдер. Саудадан түскен ақша мен байлық болсын, ішіп-жейтін нәрсе немесе жердің өнімі болсын. Тек адал әрі таза мал-мүлік болса болды. Өз құнын жойған немесе лақтыруға жарайтын киімді, жеуге келмейтін тағамды өзгелерге беруге болмайды". Рауаяттарда айтылғандай, Мәдинаның кейбір тұрғындары садақа берген кезде, кедейлерге кепкен сапасыз құрманы беріп, өздеріне құрманың сапалысын қалдырған. Осы аят мұндай адамдарды сынап: "Кедей-кепшіктерге бергендеріңді өздеріңе берсе, аласыңдар ма?",-дейді. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, садақа берген кезде кедей-кепшіктердің абыройын сақтау керек. Түкке тұрмайтын сапасыз нәрсені садақаға беру басқаларды құрметтемеу.

Екіншіден, садақа берудің мақсаты – қажетсіз артық нәрселерден құтылу емес, қайта сараңдықтан арылу болып табылады.

Үшіншіден, басқалармен қарым-қатынастағы ең абзал өлшем -  адамның ар-ожданы. Ендеше өзіңе ұнамаған нәрсені садақаға берме.