Жел 31, 2016 21:01 Asia/Almaty

Бақара сүресі, 260-263 аяты


Мейірімді де рақымды Алланың атымен бастаймын.

Ғұзайр пайғамбар дастанынан қияметте өлілерді тірілтудегі Алланың құдіретін көру үшін оның жүз жыл өлгеннен соң осы дүниеде қайта тірілгенін білдік. Енді хазірет Ибраһимнің (ғ) басынан өткен оқиғаға тоқталамыз. Осы пайғамбар бір күні теңіздің қасынан өтіп бара жатып, өлген жануардың денесінің бір бөлігі суда, ал бір бөлігі құрғақта жатқанын және құрлық пен су жануарлары оның етін жеп жатқанын көреді. Ибраһим (ғ) осы көріністі көріп, егер осындай оқиға адам мәйітімен болса және оның денесі өзге жануарлардың бөлігіне айналса, қияметте бұл адам қалайша осы денемен тіріледі? деп ойлады. Ол хазірет Алланың пайғамбары болып қияметке иман келтірсе де, Алладан әлгіндей өлгендерді қалайша тірілтетінін көрсетуді сұрайды.

 

 

وَإِذْ قَالَ إِبْرَاهِيمُ رَبِّ أَرِنِي كَيْفَ تُحْيِي الْمَوْتَى قَالَ أَوَلَمْ تُؤْمِن قَالَ بَلَى وَلَكِن لِّيَطْمَئِنَّ قَلْبِي قَالَ فَخُذْ أَرْبَعَةً مِّنَ الطَّيْرِ فَصُرْهُنَّ إِلَيْكَ ثُمَّ اجْعَلْ عَلَى كُلِّ جَبَلٍ مِّنْهُنَّ جُزْءًا ثُمَّ ادْعُهُنَّ يَأْتِينَكَ سَعْيًا وَاعْلَمْ أَنَّ اللّهَ عَزِيزٌ حَكِيمٌ ﴿۲۶۰﴾

 

"Бір кезде Ибраһим: "О, Раббым, өлгенді қайтып тірілтесің? Маған көрсетші!",-деді. "Маған сенбейсің бе?",-деді (Алла). "Олай емес, (көзбен көріп) көңілім орнықсын",-деді (Ибраһим). Алла оған: "Құстан төртеуін ұстап әкел, оларды (боршалап, бір-бірімен араластырып) жаныңа үйіп қой, онан соң әр төбеге бір-бір мүшесін апарып таста. Онан соң, оларды шақыр, сонда ілезде алдыңа жетіп келеді. Алла жеңімпаз, хикмет иесі екендігін біл",-деді. (2:260)"

Ибраһим (ғ) да осылай жасады. Түрлі төрт құсты бауыздап, олардың етін араластырып, оны он таудың басына қойды. Одан кейін төрт құсты аттарымен шақырды. Алланың құдыретімен түрлі жердегі құстардың бөліктері жиналып, алғашындағыдай тіріліп, оның жанына келді. Осылайша Ибраһим (ғ) өз сауалының жауабын алады. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, қиямет материалдық. Алланың құдіреті табиғат заңдарына емес, қайта бұл заңдар Алланың құдіретіне бағынады. Ендеше қияметте дененің мүшелерін жинап, одан тән құрастыру қиын емес.

Екіншіден, қисын мен дәлел ақылды қанағаттандырғанымен, көңіл толмайды. Сондықтан ішкі сенімге жетуге тырысайық. Ол үшін Алланың нығметтері мен құдыретіне көңіл аудару керек.

 

 

مَّثَلُ الَّذِينَ يُنفِقُونَ أَمْوَالَهُمْ فِي سَبِيلِ اللّهِ كَمَثَلِ حَبَّةٍ أَنبَتَتْ سَبْعَ سَنَابِلَ فِي كُلِّ سُنبُلَةٍ مِّئَةُ حَبَّةٍ وَاللّهُ يُضَاعِفُ لِمَن يَشَاءُ وَاللّهُ وَاسِعٌ عَلِيمٌ ﴿۲۶۱﴾

 

"Алла жолында мал-мүлкін сарп қылғандар жеті дана бас шығарған, әрбір басында жүзден дәні бар дақылға ұқсайды. Алла қалаған пендесіне еселеп сауап береді. Алла дарқан, бәрін білуші. (2:261)"

Осы аят пен келесі он төрт аятта Алла жолында қайырымдылық жасау мәселесі мен өсімқорлыққа тыйым салу жөнінде сөз қозғалады. Өздеріңіз білетіндей әр қоғамда адамдардың табысы түрлі мамандыққа байланысты айырмашылық етеді. Мұндай қоғамда су тасқыны, жер сілкінісі, қуаңшылық пен құрғақшылық немесе өрт секілді табиғи апаттар мен ұрлық немесе науқас тәрізді басқа да жағдайлар оның мүшелерінің өз жұмысынан айырылып, тұрмыстық шығындарын қамтамасыз ете алмауына себеп болады. Осындайда не істеу керек? Адамдар кедейлікке шыдап, отыра беруі керек пе? Әлде байларға жалынып, өсімі бар несие алумен, ғұмырының соңына дейін несие мен оның өсімін қайтарамын деп, өмірден қалу керек пе? Өсімқорлық деп аталатын бұл мәселе, қоғамның экономикалық дерттерінің бірі. Өйткені бай өсім алып, одан сайын байыса, кедей өсімді қайтарамын деп одан сайын кедейлене береді. Осының нәтижесінде қоғамдағы таптар арасындағы қашықтық ұлғая түседі. Алайда Ислам өсімқорлықты харам деп жариялап, оның орнына мұсылмандар арасында бауырластық пен теңдік сезімін жандандырып, оларды Алла жолында мал жұмсауға ынталандырды. Өсім алу үшін несие беретін адамның мақсаты – байлығын көбейту болғандықтан, Алла тағала осы аятта: "Қайырымдылық мәселесінде, Алла жолында жұмсалған нәрсе көбейіп, тіпті жеті жүз есеге дейін өседі. Осылайша өздерің өркендеумен қатар, мал-мүліктерің де қоғамның дамуы мен кедейліктің жойылуына септігін тигізеді",-дейді. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, қоғамдағы кедей-кепшіктерге қайырымдылық пен көмек Алла жолында ізгі ниетпен және адал мал-мүліктен жасалса, мал-мүлік кемімейді, қайта жеке тұлға мен қоғамның дамуына себеп болады.

Екіншіден, Алланың ілтипатында шек жоқ. Алланың рақымдылығынан әркім өз еңбегі мен мүмкіндігі мөлшерінде пайдаланады.

 

 

الَّذِينَ يُنفِقُونَ أَمْوَالَهُمْ فِي سَبِيلِ اللّهِ ثُمَّ لاَ يُتْبِعُونَ مَا أَنفَقُواُ مَنًّا وَلاَ أَذًى لَّهُمْ أَجْرُهُمْ عِندَ رَبِّهِمْ وَلاَ خَوْفٌ عَلَيْهِمْ وَلاَ هُمْ يَحْزَنُونَ ﴿۲۶۲﴾ قَوْلٌ مَّعْرُوفٌ وَمَغْفِرَةٌ خَيْرٌ مِّن صَدَقَةٍ يَتْبَعُهَآ أَذًى وَاللّهُ غَنِيٌّ حَلِيمٌ ﴿۲۶۳﴾

 

"Мал-мүлкін құдай жолына атағандар, соңынан оны міндетсімегендер және (алушыны) ренжітпегендер Раббыларыңның алдында сауапқа ие болады, (қияметте) оларға қауіп-қатер, қам-қайғы болмайды. (2:262) Жақсы сөз бен кешірімділік, артынан ренжітетін садақадан артық. Алла – бай, кеңпейіл (жазалауға асықпайды). (2:263)"

Халықты Алла жолында мал жұмсауға шақырған осыдан бұрынғы аяттан кейін, бұл аят мал жұмсаудың дұрыс әдісін баяндай келе: "Егер Алла жолында кедей-кепшіктерге бір нәрсе беретін болсаңдар, оларға міндетсінбеңдер де, сөздерің немесе әрекеттеріңмен оларды ренжітуші болмаңдар. Берген нәрселерің басқаларға міндетсінетіндей, сендерге тиесілі емес, қайта сендерге сыйға тартылған Алланың мүлкі болатын. Керісінше тарту еткен мал-мүліктеріңді қабылдап, сендердің сауапқа бөлінулеріңе себеп болған кедей-кепшіктер сендерге міндетсінуі тиіс",-дейді. Негізінде егер қайырымдылық Алла жолында жасалса, адам біреуге міндетсінетіндей ешкімнен алғыс күтпейді. Сондай-ақ мұндай адамдар жақсылық істегеніне өкінбейді. Өйткені Алла тағала қайырымдылық жасаушының келешегіне кепілдік берген. Олардың қайырымдылық жасауға мал-мүлкі болмаса да, кедей-кепшіктерге жақсы сөз айтып, жылы жүзбен қарайды. Мұндай әрекет, садақаны міндетсіп беріп, кедей-кепшіктерді ренжіткеннен әлдеқайда артық. Осы аяттардан үйренетініміз:

Біріншіден, Алла жолында қандайда бір іс атқарғанда, сол істің қадірін жоятын тәккәпарлық, негізсіз талап немесе міндетсу секілді жағымсыз мінездерге душар болмайық.

Екіншіден, мүміннің абыройын сақтау - оның материалдық және тұрмыстық мұқтаждықтарын қамтамасыз етуден де маңыздырақ. Ендеше өзгелердің абыройын құрметтейік.