Жел 31, 2016 21:05 Asia/Almaty

Бақара сүресі, 256-259 аяты


Мейірімді де рақымды Алланың атымен бастаймын.

 

 

لاَ إِكْرَاهَ فِي الدِّينِ قَد تَّبَيَّنَ الرُّشْدُ مِنَ الْغَيِّ فَمَنْ يَكْفُرْ بِالطَّاغُوتِ وَيُؤْمِن بِاللّهِ فَقَدِ اسْتَمْسَكَ بِالْعُرْوَةِ الْوُثْقَىَ لاَ انفِصَامَ لَهَا وَاللّهُ سَمِيعٌ عَلِيمٌ ﴿۲۵۶﴾اللّهُ وَلِيُّ الَّذِينَ آمَنُواْ يُخْرِجُهُم مِّنَ الظُّلُمَاتِ إِلَى النُّوُرِ وَالَّذِينَ

كَفَرُواْ أَوْلِيَآؤُهُمُ الطَّاغُوتُ يُخْرِجُونَهُم مِّنَ النُّورِ إِلَى الظُّلُمَاتِ أُوْلَئِكَ أَصْحَابُ النَّارِ هُمْ فِيهَا خَالِدُونَ ﴿۲۵۷﴾

 

"Дінде зорлық жоқ, туралық азғындықтан айқын бөлінді. Кімде-кім тағұтқа (пұт-бұрханға, жын шайтанға) қарсы болып, бір Алланың өзіне ғана сенсе, ол берік, сынбас бір тұтқаны ұстаған болады. Алла – барлығын естуші, білуші. (2:256) Алла иман келтіргендердің иесі, оларды қараңғылықтан (күпірден) жарыққа (иманның нұрына) шығарады; Кәпірлердің иесі – Шайтан, ол оларды жарықтан (иманнан) қараңғылыққа (азғындыққа) жібереді. Міне осылар – тозақтықтар, олар онда мәңгі қалады. (2:257)"

Иман – ешқашан мәжбүрлеу арқылы пайда болмайтын ішкі құбылыс. Керісінше дәлел мен ахлақ және уағыз адамның ішкі дүниесінде біреуге немесе бір дінге деген сенім орнатады. Адам дамып, кемелденуде дұрыс жолды ажырата білуі үшін Алла тағала бір жағынан пайғамбарлар мен аспан кітаптарын жіберсе, келесі жағынан өзінің қалауы бойынша жол таңдау үшін ерік берді. Сол себептен тіпті пайғамбарлар да ешкімді иман келтіруге мәжбүр етпеген. Өйткені күшпен келтірген иманның қадірі жоқ. Егер кімде-кім Алладан басқаға табынудан құтылып, тек Алланың құлы болса, Оның панасына алынады. Оның істерін Алланың өзі қадағалайды. Мұндай адам өмірдің қиындықтарына ұшыраған кезде, ақиқатқа қарай бағытталып, төніп тұрған қауіп-қатерлерден қорғалады. Ал керсініше әркім Алладан басқаға үміт артып, оған сүйенетін болса, надандық пен серік қосудың қараңғылығына түскенін білсін. Олар оның ақиқатты түсіну мен жарыққа қарай жолын тасалайды. Бұл аяттардан үйренетініміз:

Біріншіден, ерікті түрде таңдалып, сана мен түсінікке негізделген діннің қадірі бар.

Екіншіден, ақиқаттың жолы біреу, ал адастыратын жолдар көп. Сондықтан Құранда "нұр" сөзі жекеше түрде, ал қараңғылықты білдіретін "зулумат" сөзі көпше түрде берілген.

Үшіншіден, ақиқаттың жолы – нұр. Ол даму мен әрекеттің, үміт пен тыныштықтың бастамасы. Ал жалғанның жолы – қараңғылық. Ол адасуға бастап, надандық және мазасыздық күйге түсіреді.

 

 

 

أَلَمْ تَرَ إِلَى الَّذِي حَآجَّ إِبْرَاهِيمَ فِي رِبِّهِ أَنْ آتَاهُ اللّهُ الْمُلْكَ إِذْ قَالَ إِبْرَاهِيمُ رَبِّيَ الَّذِي يُحْيِي وَيُمِيتُ قَالَ أَنَا أُحْيِي وَأُمِيتُ قَالَ إِبْرَاهِيمُ فَإِنَّ اللّهَ يَأْتِي بِالشَّمْسِ مِنَ الْمَشْرِقِ فَأْتِ بِهَا مِنَ الْمَغْرِبِ فَبُهِتَ الَّذِي كَفَرَ وَاللّهُ ل

يَهْدِي الْقَوْمَ الظَّالِمِينَ ﴿۲۵۸﴾

 

"Алла өзіне патшалық берді деп Раббы туралы Ибраһиммен айтысқан адамды (Намрұтты) көрмедің бе? Ибраһим оған: "Менің Раббым (өлгенді) тірілте де, (тіріні) өлтіре де алады",-деп еді. Ол (Намрұт): "Мен де (өлгенді) тірілте аламын, (тіріні) өлтіре аламын",-деді. (Намрұт өлімге үкім етілген екі адамның бірін өлтіріп, бірін қоя береді). Ибраһим (оның ақымақтығын көріп): "Алла расында күнді шығыстан шығарады, ал сен оны батыстан шығарып көрші?",-деді. Әлгі кәпір ауыз аша алмай қалды. Алла залым қауымды тура жолға салмайды.(2:258)"

Тарихта жазылғандай, Вавилон патшаларының бірі Намрұт өзін құдай деп жариялап, халықты өзінің пендесі мен құлдары деп санаған. Хазірет Ибраһимнің (ғ) халықты бір Аллаға шақырып жүргенін естіген ол, онымен айтысып: "Сенің құдайың істейтін істерді мен де істеймін",-дейді. Хазірет Ибраһим (ғ) алдымен Алла тағаланың адамдарды өлтіріп, тірілту мәселесіне тоқталады. Намрұт екі тұтқынды алдырып, біреуін босатуға екіншісін өлтіруге бұйырады. Осылайша ол: "Мен де қалаған кісіні өлтіремін, қалағанымды тірі қалдырамын",-деген уәж айтады. Бұл нағыз адасушылық болғанымен, Ибраһим (ғ) Алланың әлемдегі құдіретінің бір белгісі болып табылатын күннің шығыстан шығатынына меңзеп, одан күнді батыстан шығара аласың ба?-деп сұрайды. Намрұт оған жауап бере алмай, аңтарылып қалады. Бірақ осыған қарамастан ақиқатты мойындамай, Құранның басқа аяттары бойынша Ибраһимді (ғ) отқа тастауға бұйырады. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, өзін ұстай алмайтын адам билікке жеткен кезде, өзін Алланың пендесімін деп білудің орнына, өзін Құдайға теңеп, тәкәппарлыққа душар болады.

Екіншіден, пайғамбарлар халықты Аллаға қарай шақырғанда айқын дәлелдер мен қисынға сүйенеді. Ал жалғанға ергендердің адасудан басқа жолы жоқ.

 

 

أَوْ كَالَّذِي مَرَّ عَلَى قَرْيَةٍ وَهِيَ خَاوِيَةٌ عَلَى عُرُوشِهَا قَالَ أَنَّىَ يُحْيِي هََذِهِ اللّهُ بَعْدَ مَوْتِهَا فَأَمَاتَهُ اللّهُ مِئَةَ عَامٍ ثُمَّ بَعَثَهُ قَالَ كَمْ لَبِثْتَ قَالَ لَبِثْتُ يَوْمًا أَوْ بَعْضَ يَوْمٍ قَالَ بَل لَّبِثْتَ مِئَةَ عَامٍ فَانظُرْ إِلَى طَعَامِكَ وَشَرَابِكَ لَمْ

يَتَسَنَّهْ وَانظُرْ إِلَى حِمَارِكَ وَلِنَجْعَلَكَ آيَةً لِّلنَّاسِ وَانظُرْ إِلَى العِظَامِ كَيْفَ نُنشِزُهَا ثُمَّ نَكْسُوهَا لَحْمًا فَلَمَّا تَبَيَّنَ لَهُ قَالَ أَعْلَمُ أَنَّ اللّهَ عَلَى كُلِّ شَيْءٍ قَدِيرٌ ﴿۲۵۹﴾

 

"Немесе сен үйлері құлап ойран болған қаладан (Байтулмуқаддастан) өткен адамды (Ғұзайрды) көрмедің бе? Ол таңданып: "Алла бұларды өлгеннен кейін қалай тірілтеді?",-деді. Алла оны жүз жыл өлі күйінде қалдырып, кейін (құдіретінің кемелденгенін көрсету үшін) қайта тірілтті де, (періште арқылы) одан: "Осы күйде қанша жаттың?",-деп сұрады. Ол: "Бір күн немесе одан да аз уақыт жаттым",-деді. (Алла): "Олай емес, толық 100 жыл жаттың. Ішпек-жемегіңе қара, бұзылған жоқ; Есегіңе қара (оның сүйектері қурап қалған). Сені адамдарға (құдіретімізге) дәлел ету үшін өстідік. Енді сүйектерге қара, біз оны қандай құрастырып, оған қайтып ет қондырар екенбіз",-деді. Жоғарыдағы істер оған (Ғұзайрға) айқын болған кезде (шіріген сүйектердің құдіретше құралып, ет бітіп, жанданып түрегелгенін көргенде), ол: Алла шынында барлық нәрсеге күші жететіндігін білдім",-деді.(2:259)"

Тәпсірлерде жазылғандай, бұл оқиға бір қаланың үйінділері жанынан өтіп бара жатып, Алла мен ақыретке иман келтірсе де, сенімін күшейту үшін Алладан қияметте өлілерді қалай тірілтетінін көрсетуді сұраған Исраил қауымының бір пайғамбары (Ғұзайр) жөнінде. Бұл оқиғада Алланың құдіреті айқын көрінді. Әдетте бұзылатын азық-түлік жүз жыл өтсе де өзгермей қалып, қатты сүйек үгітіліп кетеді де, Алланың құдіретімен бастапқы күйіне оралады. Бәрінен маңыздысы, жүз жыл бойы өліп жатса да денесі мен рухы ешқандай өзгеріске ұшырамаған Ғұзайр ұйықтап, оянғандай ғана болады. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, өлгендердің қияметте тірілуі болатын іс. Өйткені Алла тағала осы дүниеде де оның мысалдарын көрсетті.

Екіншіден, адамдар Алланың барлық нәрсеге күші жететінін біліп, қияметке күмән келтірмеуі үшін Алла тағала осы дүниеде өзінің құдіретін түрлі жағдайларда көрсетеді.